• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Желтоқсан, 2018

Ер жігіт еліне тартады

961 рет
көрсетілді

Ұрпақтар сабақтастығының жар­қын кө­рі­нісі емес пе, бұл күнде елі­міз­дің өркендеуіне өзіндік үл­ес қосып, Өспен ауы­лы­ның мақтанышына айналып жүр­ген азаматтар көп. Солар­дың бірі – Қорғаныс министрлігінің кадр­лар және білім департаментінің бас­ты­ғы, генерал-майор Қайрат Көп­ба­ев. Бұл азамат тура­лы сөз қозға­лар бол­са, Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Назарбаевтың тапсыр­­ма­сымен қор­ға­­­ныс саласын сапалы кадрлармен қамта­­­ма­сыз ету ісін кешенді түрде жүзеге асы­рып жүрген еңбегі өз алдына, ең алды­­мен оның туған ауылы­на түйір­дей болса да жақсылық жаса­ғы­сы келіп тұра­тын ерекше қасиетін айт­қан жөн болар еді. 

Осыдан үш жыл бұрын ба екен, Қайрат Рашидұлының бастамасы­мен Өспенде Аманжол Әлтаев бастаған елімізге танымал ақындар арасында айтыс ұйымдастырылды. Сондағы мақсат – жерлестері елге сыйлы ақын­дар­дың жүзін көріп, жырын тыңдап, рухани тұрғыда жан сарайын байытса деген тілектен туған еді. Шынында да, ауыл халқы түрлерін көгілдір экраннан ғана көріп жүрген Ринат Зайытов, Ай­бек Қалиев, Дидар Қамиев және бас­қа да есімдері елімізге мәшһүр айтыс ақ­ын­дарының өнерін тамашалап, бір жырғап қалған еді-ау, сонда.

* * *

Генерал Көпбаевтың туған ауылына деген көшелі істері туралы Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов, ұстазы Жұмағали Мағзиев майын тамызып, сүйсіне отырып айтады. 

– Мен Жезқазған педагогикалық институтын тәмамдап, жолдамамен Өспен аулы­ндағы орта мектепке келгенде, Қай­раттар 10-сыныпты оқиды екен, – дейді генералдың ұстазы, қазіргі уақ­ытта Қарағанды технология және қыз­мет көрсету техникумының дирек­торы болып істейтін Жұмағали Мағзиев. – Қайрат сол кездің өзінде айна­ла­сына жақсылық жасауға әзір тұратын көркем мінезімен көзге тү­се­тін. Мектепте қандай қоғамдық жұ­­мыс болса, соның бел ортасында бі­­лек­ті түріп тастап Қайрат жүруші еді.

Иә, Қайрекең жасынан көпшіл болып өсті. Қолынан келгенінше кісі бала­сына көмек көрсетуге бе­йіл тұру – бала жасынан қанына сің­ген ғадет-тұғын. «Елдің батасын, риза­лы­ғын ал», деуші еді әкесі Рашид. «Жақ­­сылық жаса. Адамнан қайтпаса да, Ал­ладан қайтады», деп отыратын Бүр­кіт­бай атасы.

Ауылға келіп-кетіп жүргенінде жас­­тар­­дың шаң-шаң болып, борпыл­да­­­ған топырақ үстінде футбол ойнап жүр­ге­нін талай көрген. Қайтсем стадион салып беремін деп көп ойланушы еді. Сөйтіп жүргенінде бұл істің де орайы келе қалған. Бірде «Астана Аре­на» стадионына футбол ойнауға бар­ғанында, сыртта таудай болып үйі­ліп жатқан жасанды көгалды көзі шал­ды. Сұрастыра келсе, стадионның бұл төсеніші УЕФА талаптарына сай бол­­­­­­­­­­­­мағандықтан сыртқа шығарылып, орнына жаңадан көгал төселген екен. Ешкімге керексіз, енді болмаса қоқыс­қа тасталмақшы. «Сабақты ине сәті­мен» деген осы емес пе?! Қайрекең көп ойланып жатпады, шапшаң қимыл­даған...

Астанадағы ауылдастары ұйым­шыл­дық танытты. Бірі жүк тиегіш техника тапса, енді бірі жүк көлігін көлденең тартып, әп-сәттің ішінде әлгі жасанды көгалды сыйғанынша тиеп алып, Өспен қайдасың деп тартып отырған. Басында төсенішті жерге жая салып, сыртын қоршап тастаймыз деп ойлаған. Сөйтсе, мұның жұмысы көп екен. Әуелі болашақ стадионның табаны қырылып, тегістелді. Содан кейін барып ұсақ тас төселіп, үстіне құм, топырақ жайылды, ауыр машинамен тапталды. Осы жұмысқа ондаған техника жұмылдырылды. Жұмысқа бүкіл ауыл жабылып кеткен еді. Нәти­же­сінде, қарапайым инженерлік талап­тарға жауап беретін, сырты қоршал­ған, төрт бұрышынан арнайы шам­дар орнатылған шап-шағын ста­ди­он бой көтерді. «Ең бастысы, алаңға «Астана Аренада» талай футбол жұл­дыз­дар­ының табаны тиген жасанды көгал төселді», деп күледі Қайрат Рашидұлы. 

Қазір Өспеннің жастары түннің бір уағына дейін осы жерде футбол ойнайды. Кейде ауылдағы достарының түн ішінде телефон соғатыны бар. «Әй, Қайреке, міне сағат түнгі 12 болды. Балам әлі жоқ. Сенің стадионыңда доп қуалап жүр», деп бұған «өкпе» айтады. 

Қайрат Рашидұлының алдағы уақытта қолға алмақшы шаруасының бірі – туған ауылында саябақ салу. Қазіргі уақытта оған арналған жер телімі жөніндегі мәселе жергілікті әкімдікте шешіліп жатыр. Ал Қайрат Рашидұлы болса, саябақтың суарылған темірден істелінген шарбақтарын дайындап қойған. Өскемендегі жолдастарымен хабарласып, олардың сирек кездесетін тал-терек жағынан көмектесеміз деген уәдесін де алған.

– Бұл саябақтың ұзындығы 40 метр, ені 30 метр болады. Демалыс орнының орта тұсында субұрқақ болады. Саябақтың төріне шағын сахна қоймақшымыз. Мереке күндері ұйым­дас­­тырылатын түрлі шаралар үшін қажеті болады. Қала берді кешқұрым ауыл жастары жиыла қалғанда, ән салып, көңіл көтеруіне де мол мүмкіндік туар еді. Сонан кейін бұл жерде жас жұ­байлар ағаш отырғызуды дәстүрге айналдыратын болады, – дейді Қайрат Рашидұлы.

Әкесі Рашид Бүркітбайұлы он­шақты жыл Өспен кеңшарын бас­қа­рып, туған өлкенің түлеуіне сүбелі үлес қосқан жан еді. «Бұл кісінің ең­бегі Өспен өңіріне бір кісідей сіңді. Саябақ сәтімен салынып біт­кен соң, біз ауыл тұрғындары атынан бұл демалыс орнына Рашид Бүркіт­бай­­ұылы­ның есімін беру туралы ұсы­ныс­пен шықпақшымыз», дейді аудан әкімі Марат Жандәулетов.

* * *

«Жалпы, – деп сыр ақтарады Қайрат Рашидұлы, – асып-тасып бара жатқан байлы­ғымыз жоқ. Осы жұмыс­тардың барлығын ауыл­дас­та­рым­­ның қолдауы­мен жүзеге асырып жатырмыз. Бюджеттің бір тиын­ына жармасқан емеспіз, тіпті өз қалта­мыз­дан шығын да шығып жатқан жоқ. Бәрі де істің қиюын таба білуде. Жұмылдыра білсең, жабылып кетсең – алынб­айтын қамал жоқ. «Көп тілеуі – көл» деген рас екен».

Туған ауылынан үй салу генерал Көпбаевтың ойында көптен бері жүре­тін. Тіпті болашақ үйдің орнын белгі­­­леп, қазығын қағып та қойған. Сөйтіп жүргенінде сол маңда тұра­­тын бір ауылдасының үй сатайын деп жүргенін кездейсоқ естіп қал­­ған. Көктен тілегені жерден табыл­ған­дай қуанды. Көп ойланып жатпас­тан, әлгі үйді сатып алды да, іші-сыр­тына жөндеу жасап, құстың ұя­сын­дай қылып қойды. Туған ауылына келге­н­ін­де түсетін үй таба алмай қиналған жері жоқ-тын. Десе де, «Өз үйім, кең сарай­дай боз үйім» демекші, аяқты созып жіберіп, емін-еркін жататын өз үйің­нің болғанына не жетсін?! 

– Әскери қызметкер болған соң, генерал шенін алсам дегенді арман­да­дық. Құдайға шүкір, бұл арманға да жеттік. Енді ерте ме, кеш пе, түбі ең­бек демалысына шығатынымыз анық. Міне, сол күн туа қалса, туған ауылыма барып тұрсам ба деген ой да бар, – деп сыр ашады Қайрат Рашидұлы.

Міне, Өспен ауылының тұңғыш әскери генералы Қайрат Көпбаев өзінің туған жеріне туды осылайша тікті. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты әйгілі мақала­сында былай деп жазған еді: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген пат­риот­тық сезімге ұласады». Рас сөз. Қайрат Рашидұлы сияқты әрбір азамат кіндік қаны тамған топырақты жан-тәнімен сүйе білсе, қанатымен су сеп­кен қарлығаштай қолынан келген жақ­сы­лығын істей алса, онда туған ауыл­дың ажары қайтіп кірмесін. Ал ажарлы ауыл әл-ауқаты арта түскен Қазақ елінің бет-бейнесі ғана емес, құт-берекесі емес пе?!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы