Әдеби орта бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде сыншы, жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кештерінің куәсі болуда. Ұлттық әдебиетке жарқ етіп келген жасын тұлғаны еске алуға жиналған қауым Ұлттық кітапханада бас қосып, «Парасат падишасы» тақырыбымен ұлтына деген зор сүйіспеншілігі арқылы қалың оқырманның жүргенде қалған ұлтжанды бейнесі хақында сағынышқа толы естеліктерін ортаға салды.
Еске алу кешінің кіріспе сөзінде кітапхананың дерекқорында жазушының 300-ден астам кітаптары сақталғандығын әрі оқырмандардың дені жастар тарапынан «Кек», «Бесатар», «Адасқақ», т.б. шығармалары көп оқылатындығы жайында айтып өткен Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Бақытжамал Оспанова еске алудың ретін жазушы Бейбіт Қойшыбаевқа ұсынды.
«Әдебиетке сонау алпысыншы жылдары келген Асқар Сүлейменов өзінің айшықты ойлары, пікірлерімен зиялы қауымды елең еткізген-ді. Сынды өткір жазатындығымен көзге түсті. Бұл еркіндік аңсаған, жаңалыққа құмар жастардың әдебиетке жаңаша қарауға кіріскен кезі болатын. Ол әдебиетке жаңашылдығымен келді. Ғабит Мүсірепов кезінде Асқарды түсініп, түйсініп оқу керектігіне аса мән берген болатын. Асқар Сүлейменов шығармалары сол кездегі жазалаушылардың, көтерілісшілердің әрекеттері арқылы ұлттық сананы оятуға зор еңбек сіңірді. Ілияс Есенберлиннің «Қаһары», Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», т.б. туындылардың ұлттық сананы серпілтуге әсері мықты болды. Бұл шығармалар жастар қозғалысын рухани тұрғыдан дайындады. Асқар Сүлейменов шығармашылығы әлі де зерттеп, зерделеуді қажет етеді, деп атап өтті жазушы.
Ал академик Өмірзақ Айтбайұлы болса, алыста қалған сағынышты жылдарға шегініс жасады. Әсіресе, қазақтың қара домбырасымен таңды-таңға ұрып ән айтып, күй шертетін кездер-ай... «Күн демей, түн демей телефон соғып, «Сағындым, «Қосбасар» мен «Теміртасты» тыңдағым келеді деп, таң бозына дейін жалықпай тыңдаушы еді ғой... Асқар Сүлейменов қазақтың ғана емес, жалпы музыка әлеміне тереңдеген жан еді. Еуропаның классикалық шығармаларын талдай білетін ерекше дарыны болатын. Кез келген күйшінің тағдыры, болмысы тұрғысында тереңнен шертетін шешендігі де, көсемдігі де өзіне тән қасиеті еді. Мен қазақтың домбырасына, күйіне осыншама ғашық жанды алғаш кездестіруім. Ол қазақтың ән-күйін тілі жеткенше сайрап кетті. Қазақтың қасиетін, болмысын өзінің музыкасы, өнері, домбырасы арқылы тереңдеп зерттей білді», деп Асқардай дара тұлғамен достастық қатынастарының ерекше кезеңдерін есіне алды.
«Мәскеуден оралған әрқайсымызда домбыра болғанын қалады» деп жалғады әңгімесін мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов. - Ал Мәскеуде жүрген кезімізде «Жас тұлпарлықтарға» ықпалы зор болды. Сол кезеңде Әбіш Кекілбаев, Зейнола Серікқалиев, Асқар Сүлейменов сынды қаламгерлер әдеби үрдіске тың ойлар әкелді. Сол бір кезеңде әдебиеттің өзі өзгерістерге үлгере алмай жатты. Асқардай тұлға шығармашылық дарыны, ағартушылық көзқарастарымен ерекшеленді. Қазақшаға шорқақтау азаматтар бір ортаға тоғысқанда үлкен демеу болып, рухани көсемімізге айналды. Елге оралғанда кеудемізден итермей, қазақыландыру үрдісін саналы түрде жүргізе білді. Асқар Сүлейменовтың алғашқы жазғандарына Ғабеңнің қандай пікірлер білдіргені көпшілікке мәлім. Бірде осындай талантты інісіне пілдің сүйегінен жасалған қылышын сыйлағанының куәсі болдық. Бұл әрекеті Асқардың ерекше қасиеттерін бағалап, іш тартқанының белгісі деп қабылдадық...Ол бір керемет кезеңдер еді,- дейді Мұрат Мұхтарұлы.
Жазушы Смағұл Елубаев «Қызыл империяның қазақты орыстандыру кезеңінде бір жылымық кезең белең алды. Міне, осы сәтте қазақтың ойынан құрсау шешіле бастады... Алайда шығармашылығы 60-жылдармен тұспа-тұс келген интеллигенцияда үрей басым болды. Қазақтың қарсылық қозғалысының Асқар Сүлейменов сияқты өкілдері өз үндерін қағаз арқылы білдіруге мәжбүрлі еді. Ол «Бесатарда» көрініс берді. «Бесатар» империяға қарсы атылған оқ болатын. Асқар бойына даналықты да, батырлықты да, Абайдың абыздығы мен Махамбеттің мінезін дарытқан ұлтшыл азамат болды», деп еске алса, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Бесатар» ұлт әдебиетінде Аймауытовтың «Ақбілегінің», Жұмабаевтың «Жүсіп ханының», Әуезовтың «Қорғансыздың күнінің» жалғасы. Осы үш арыс салған тұжырымдаманы аяғынан тұрғызған «Бесатар» болды. Асқар Сүлейменов ұлт-азаттық көтерілістің табы ел жадынан көмескілене қоймаған кезде өмірге келді де осы рухани кеңістіктен тәрбие алып, қалыптасты. Созақтағы көтерілісте жасалған қиянат елдің аузындағы әңгіме арқылы балаң шағында санасына еніп, кейінгі өмірінде ықпалды болып, шығармашылығында зор сілкініс тудырды, деп атап өтті.
Ал елімізге белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов, жазушы Зәкір Асабаев, әдебиеттанушы ғалым Темірхан Тебеген, өнертанушы Әсия Мұхамбетова, қызы Қарагөз Асқарқызы, жазушы Дидар Амантай, т.б. Асқар Сүлейменовтай тұлғаны ұлттық мұратынан адаспаған, қазақтың домбырасына, әні мен күйіне, тіптен әлемдік музыкаға жоғарыдан қараған ерекше таланты мен ынтасына, қазақ даласының көркі жылқы малына қатысты ерекше ықыласы хақында философиялық ойлармен, ерекше сарындағы сағыныш сазымен өрілген естеліктерін, жүрекжарды ықыластарын білдірді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ