• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2010

МЕМЛЕКЕТ ПЕН КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ – ӨРЕЛІ МАҚСАТ

1014 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мәжілісі болып өтті. Оның күн тәртібінде Индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық жоспарын жүзеге асыру аясында бизнес ортаны одан әрі жақсарту мәселесі қаралды. Бүгін мен сіздерді келелі мә­селе бойынша шақырып отырмын. Осы залда еліміздің көптеген іскер адамдары отыр. Әрине, біз барлық кәсіпкерлерді бірдей бұл жиынға шақыра алмадық. Сіздер арқылы біз еліміздің барлық іскер азамат­тарымен пікір алысып отырмыз деп есептейміз, деп бастаған Ел­басы осыдан бір ай бұрын жария­ланған Стратегиялық жоспар-2020 бағдарла­ма­сында көтерілген негізгі мәселе елімізді индустриялық-иннова­циялық дамыту болғанын атап өтті. Жолдауда оны қалай жүзеге асыру керектігі жан-жақты ай­тылды. Бүгін бізге Үкімет мү­ше­лері индустрияландыру бағдар­ламасын жария етеді. Мұның барлығы бизнестің қатысуымен ғана жүзеге асатын шаралар, деді Мемлекет басшысы еліміздің кәсіпкерлерімен өткізілген жүз­десудің кіріспе сөзінде. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы осынау асқаралы бағдарламаны орындауға қаражаттың да, мүм­кіндіктің де бар екендігін айта ке­ліп, бизнес қауымдастығының мүшелерін оған белсене араласуға шақырды. – Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қатыса отырып, бизнес өкілдері мемлекетке көмектеседі, Отанына көмектеседі, өздерінің де жағдайын түзейді, – деп атап көр­сетті Елбасы. Енді бұл шараларды жүзеге асырудың жағдайы қалай болмақ? Мемлекеттің сіздерге жасайтын көмегі қандай? Не нәр­се кедергі? Міне, бүгін осы мәсе­лелер төңірегінде ашық әңгіме өткізейік. Еліміздің 2020 жылға дейінгі белгіленген индустрияландыру бағ­дарламасы ең алдымен мем­лекет пен бизнестің ынтымақ­тас­тығы арқылы жүзеге асатындығын айта келіп, Елбасы ірі компания­лардың еліміздегі орта және шағын бизнесті дамытуда ұйытқы болуы керек екендігін ескертті. Бұл ретте қазақстандық үлеске де ерекше маңыз берілмек. “Биз­нес­тің жол картасы-2020” бағдарла­ма­сының қалай жүзеге асатындығы туралы жан-жақты айта келіп, Пре­зидент алғашқы сөзді Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімовке берді. – Өткен екі онжылдықта қа­лып­таса бастаған нарықтық эко­номика кезінде Қазақстанның ұлт­тық бизнесі айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Үкіметтің алдына оны әрі қарай дамыту тетіктерін белгілеу міндеті қойылды. Қазір шағын және орта бизнеспен (ШОБ) айналысатындардың саны 1,8 миллион адамнан асты немесе еліміздің барлық еңбекке жарамды тұрғындарының төрттен бірін құрайды. Олардың қолымен елі­міздің ішкі жалпы өнімінің үштен бірі жасалады, – деді өз сөзінде Үкімет басшысы. Одан әрі Пре­мьер-Министр ШОБ субъектілерін қолдауға мемлекет тарапынан 2007 жылдан бері 276 миллиард теңге­ден астам қаржы бөлінгендігін еске салды. 2009 жылы, дағдарыс күшейген тұста табыс салығы үш­тен бірге қысқартылды. Қосымша құнға салынатын салық 12 пайыз­ға дейін төмендетілді. Ал өндіріске инвестиция салатын кәсіпорындар үшін қосымша салық жеңілдіктері қарастырылған. 2008-2009 жыл­дары ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды. Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан халқына Жолдауыңызда ШОБ-ты мемлекет тарапынан қол­­дау проблемасына ерекше тоқ­талып, Үкіметке “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын белгі­леп, биылдың өзінде жүзеге асыра бастауды тапсырдыңыз, деді Үкімет басшысы. Жолдаудың кө­кей­кесті міндеттері мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қоюға кө­мектеседі. Міне, нақ осы көзқарас тұрғысынан келгенде ШОБ кәсіп­орындарына қолдау көрсету – экономикалық мәселе ғана емес, сая­си маңызды мәселе болып отыр. Одан әрі Премьер-Министр ШОБ субъектілерінің жұмысын жандандыруға жағдай жасайтын нақты шараларды атап өтті. Мә­селен, кәсіпорын ашуға лицензия алу үшін берілетін әртүрлі рұқ­сатнамалар 1020-дан 686-ға қыс­қартылған. Стратегиялық жоспар-2020-ны жүзеге асыру мақсатында тиімді жұмыс істейтін кәсіпорын­дарға ғана мемлекеттік көмек көрсетіледі. Сонымен бірге Үкімет басшысы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы шеңберінде кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік көмектің 5 негізгі тұғырын атап көрсетті. Индустрия және сауда ми­нистрі Әсет Исекешев Мемлекет басшысына Үкімет белгілеген елімізді индустрияландырудың бесжылдық жоспары туралы баян­дап берді. Министрдің мәлімдеуін­ше, үстіміздегі жылы индустрия­лық-инновациялық жоспар бой­ынша 144 жоба іс жүзіне асыры­лып, 47 ірі жоба бойынша жұмыс басталады. Ал жалпы индус­трия­ландыру бесжылдығында еліміз бойынша 162 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Осы жерде Мемлекет басшысы министрден бұл жобалардың барлығы қаржымен қаншалықты қамтамасыз етілгендігі туралы сұрады. Оған министрдің орнына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жауап берді. Оның айтуынша, бұл жобаларды іс жүзіне асыруға қажетті қаржы бюджеттің жоба­сында толық қарастырылған. – Яғни сіздер белгіленген осы бағдарламаның толық жүзеге асаты­нына кепілдік бересіздер ғой, деді Елбасы. Ерекше ескеретін бір мәселе негізгі жұмыс ауқымының ауыртпалығы енді өңірлерге ауысатын болады. Бұл жөнінде біз әкімдермен жақын арада жеке кездесу өткіземіз. Осы орайда Мемлекет басшы­сы жоспарда белгіленген барлық жобалардың нақты қай жерде салынатындығын, өндірістің қай саласына қатыстылығы нақты айқындалғандығын атап көрсетті. Алға қойған осы ауқымды жос­пар­ды орындауға қаржы да толық қа­растырылған. Бұл ретте Елбасы Жолдауда атап көрсетілгеніндей, Ұлттық қордан осы бағдарламаны жүзеге асыруға жыл сайын 8 мил­лиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінетіндігін ескертті. Бүгінгі күні біздің алтын-валюта қорымыз, мен бұдан бұрын айт­қанымдай, 50 миллиард АҚШ дол­ларының орнына дәл қазір 52 мил­лиард АҚШ долларына жетіп отыр. Сондықтан қаржылай да, басқадай да мүмкіндіктеріміз мол. Тек енді бәріміз жұмыла жұмысқа кірісуіміз керек, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мәжілісте сөз алған Экономи­ка және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов өз сөзінде Бүкіл дүниежүзілік банктің рейтингі бойынша бизнес жүр­гізуге жасалған жеңілдіктер бой­ын­ша Қазақстан 63-ші орынға шыққандығын айтты. Сарап­шы­лар­дың 2010 жылға жасап отырған болжамына байланысты еліміз 2011 жылы тағы да 10 орынға алға жылжымақ. Сонымен бірге ми­нистр өз сөзінде елімізде инвес­торларды қорғауда, рұқсатнама-лицензиялар жүйесін жетілдіруде, құқықтық-нормативтік саладағы қолға алынған жеңілдіктер туралы жан-жақты айтып берді. Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес банк саласын тұрақтандыру және экономикаға бөлінетін қаржы ресурстары арқылы банктердің өзінің негізгі міндеттерін орын­дауды қамтамасыз етуі мақсатында жүзеге асырылған шараларды баяндады. Сондай-ақ агенттік төр­айымы еліміздің қаржы жүйесін жетілдіру мақсатында қолға алынып отырған тиімді шараларды айта келіп, қаржы жүйесін одан әрі жетілдіру бизнес ортаның ахуалын жандандыруға, Қазақстан экономикасын индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік страте­гия­лық бастамаларды тиімді жүзеге асыруға игі ықпал ететіндігін атап көрсетті. – Бүгінгі күн тәртібінде қаралып отырған мәселенің біз үшін өміршең маңызы бар. Өйт­кені, бүгінде мемлекет те, бизнес те жаңа дәуір баспалдағында тұр. Қазақстан Республикасы тәуелсіз­дік алған алғашқы күннен бастап еліміздің бизнес қауымдастығы ел Президентінің, мемлекеттің жан-жақты қамқорлығын көріп келеді, – деді өз сөзінде “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық па­ла­тасының төрағасы Азат Перуа­шев. Одан әрі ол тек қана дағда­рысқа қарсы қабылданған іс-қимыл шаралары шеңберінде еліміз экономикасының әртүрлі саласындағы бизнес субъектілеріне 15 миллиард доллар көлемінде мем­лекеттік қаржылық қолдау көр­сетілгендігін, Қазақстан аза­мат­тарының мүлкін жария ету акциясы барысында 5 миллиард доллар көлеміндегі мүлік заңды айналымға шыққандығын, жаңа Салық кодексі қабылдануының нәтижесінде бизнес өкілдерінің жыл сайын 500 миллиард теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы үнемдеп отырғандығын атап көрсетті. “Атамекен” өкілдерінің конгресі ірік­теген 100 ірі жоба индус­трияландыру картасына кіргізіліп отыр. Сонымен бірге “Атамекен” төрағасы мемлекет тарапынан ша­ғын және орта бизнесті қолдауға жасалып отырған шынайы қамқорлықты тілге тиек етті. – Мен бүгін қазақстандық биз­неске, жалпы бүкіл қоғамы­мызға қатысы бар тағы бір тақы­рыпты қозғағым келіп тұр, – деп жалғастырды сөзін одан әрі А.Перуашев. Бұл жемқорлықпен аты шыққан Әбіләзовтің отандық бизнеске қара күйе жағуынан туындап отыр. Рас, ол даурықпа мәлімдеулерін саяси астарға орағысы келеді. “Атамекен” ода­ғы” ұлттық экономикалық пала­тасы саяси партия емес. Сондық­тан біз саяси мәлімдеме жасамай­мыз. Әбіләзовтің бұл сандырақ­тарына “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің Бюро мүшесі ретінде мен алдағы уақытта осы мәселені көтеретін боламын. Алайда, 90 пайыз құрамы “Атамекен” одағы­на кіретін қазақстандық бизнес қауымдастығына Әбіләзовтің тиісуі бір бұл емес. Сондықтан біз оны жауапсыз қалдыра алмаймыз. Оның үстіне бүгін таңертең біздің одақтың Директорлар кеңесінің отырысы болып, нақ осы мәселе талқыланды. Менің әріптестерім­нің барлығы осы залда отыр. Сондықтан олар менің айтып тұр­ғаным барлығымыздың ортақ көзқарасымыз екендігін дәлелдей алады. Әбіләзов өзі туған, өзін өсірген елге қарсы жымысқы әрекетке салып, “маған дерек жіберіңдер, мен ол деректерді тәуелсіз сотқа беремін” деп сандырақтайды. Біз­дің одақ өз бизнесмендерінің мүддесіне бейжай қарай алмайды. Көп ретте, біз олардың мүддесін қорғап, Бас прокуратураға, Жо­ғарғы Сотқа дейін барған күндері­міз болған. Мәселен, өткен жұма­да ғана мен осы залда отырған П.Беклемишевпен бірге Бас про­куратурада болдым. Содан кейін оның үстінен қозғалған қыл­мыстық іс қайта тексерілуге жібе­рілді. 2009 жылы Ұлттық эконо­ми­калық палата 75 бизнесменге осындай қолдау көрсетті. Ал Әбіләзовтің қазақстандық бизнес өкілдеріне қандай қатысы бар? Бір кездері еліміздің бір топ жастары секілді оның кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай туғызылды, тіпті 30 жасында министр болды, ірі ұлттық компанияны басқарды. Бірақ ол Мемлекет басшысы­ның сенімін байлық жинауға пай­даланды. Ол тура жолдан тай­ған кезде де Елбасы адамгершілік ретпен тұтқыннан босануына көмектесті, еліміздің болашағы үшін жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызылды. Ол жақсылықты түсінбейтін тексіздігін танытып, өзінің қарабасының мүддесі үшін бүкіл елімізге жала жауып, шека­ра сыртынан өз Отанын ғайбат­тау­да. Мәселе тіпті ақылға сый­май­тын сипат алып барады. Әбілә­зовтің туған еліне қарсы айтылған ғайбаттары Қазақстанға қарсы жасалған қылмыс болып табылады. Одан әрі Азат Перуашев БТА Банк ауқымында жасалған қитұр­қы қылмыстық істердің бетін ашып, мыңдаған салымшылары­ның сенімін аяққа таптап, ақша­ларын талан-таражға салғанын айтып берді. Бүгінде баспасөзде жарияланып жүргеніндей, бұл банк шын мәнінде қаржы пи­рами­дасы қағидатымен орасан зор мөлшердегі қаржыны сыртқа шығару құралына айналған. Бұл жерде әңгіме салымшылардың қа­ражаты және біздің мемлекеті­міздің беделі мен имиджі арқылы Батыс мемлекеттерінен қарызға алған миллиардтаған долларлар туралы болып отыр. Шетелдерден алынған қарыздардан және ха­лық­тың банкке салған қаржы­ларынан құралған мол қаражат жалған несие жолымен оффшор­лар арқылы Ресейге, Түркияға, Грузияға, Лондонға құйылып жатты. Біздің кәсіпкерлер әрбір теңгенің қалай құралатын­дығын біледі. Сондықтан олар өздерінің жиған дәулетін қорғай­ды және мақтан тұтады. Ал Әбі­лә­зов сияқты бір алаяқ қаржы­ларын маңдай термен жинаған осы кәсіпкерлерді, бүкіл елімізді жерге қаратып кетеді. Әбіләзов ешқандай қорқынышсыз мил­лиард­тарды сапырып, Лондонның қымбат сарайларын мекендеп жүр. Оның тек қолма-қол ақша ретінде жұмсайтын шетел банк­терінде 700 миллион фунт стер­линг – бір жарым миллиард дол­ларға жететін қаржысы бар. Бұл қайдан келген батпан құйрық? Оның жасаған қылмыстары үшін кім жауап береді? Осы залда “Атамекен” одағының өкілдері отыр, тек одақтың салалық бағыттары бойынша ғана отбасы мүшелерін есептемегеннің өзінде екі миллионнан астам қазақ­стандық шағын және орта биз­нес­пен айналысады. Бұл осы топ­тың барлығының ортақ шешімі: қылмыскер жазаға тартылуы керек. Өз халқының игілігіне қол салған ұры түрмеде отыруға тиіс. “Атамекен” одағы төрағасы­ның сөзін тараздық кәсіпкер Шолпан Жарасова, бизнес өкілі П.Беклемишев және басқалар қолдады. Мәжіліс барысында көтерілген осы мәселе бойынша еліміздің Бас Прокуроры Қайрат Мәми нақты жауап берді. – Мен Азат Перуашев айтқан мәселелер бойынша төмендегідей түсінік бергім келеді. 2008 жыл­дың аяғында бақылаушы және құқық қорғаушы органдар тара­пынан БТА Банктің басшылары Әбіләзов, Солодченко, Жәрім­бе­тов және басқалар ұйымдас­тыр­ған қылмыстық топ құрылып, заң­сыз әрекеттер жасап жүргені анықталды. Осы факті бойынша 2009 жылдың басында қылмыс­тық іс қозғалды. Бүгін Әбіләзов бастаған қылмыстық топтың заңсыз жолмен БТА Банктің активінен 10 миллиард долларды талан-таражға салғандығы нақты деректер бойынша анықталды. Осы жерде ерекше айтатын мә­селе, Әбіләзов пен оның сыбай­ластары еліміздегі ең ірі банк­тер­дің бірін қасақана банкроттыққа жеткізген. Сол уақыттағы жағ­дай­ға сәйкес еліміздің қаржы жүйе­сіне шын мәнінде қауіп төндірді. Сонымен бірге олар банк салым­шыларының құқықтарын аяққа таптады. Сол кезеңде салымшы­лар активі жалпы банк активінің 20 пайызын құраған. Бұл қазақ­стандық азаматтардың жеке қар­жысы болатын. Үкіметтің және “Самұрық-Қазына” қорының жағдайға дер кезінде араласып, қар­жы бөлуінің арқасында еліміз­дің қаржы жүйесі сақталып қал­ды. Бұл қылмыстық істің қазақ­стан­дық эпизодтары бойынша тексеру жұмыстары аяқталып, сот болды. Банктің бірқатар жауапты қызметкерлері және Әбіләзов құрған аффилиирлендірілген бір­неше құрылымдардың басшы­лары сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырыл­ды. Ал шетелдерге қашып кеткен Әбіләзов, Солодченко, Жәрім­бетов және Ефимоваға қатысты қылмыстық іс одан әрі жалғас­ты­рылуда. Бас прокуратура еліміздің басқа да құқық қорғау орган­дары­мен бірлесе отырып, бұл қыл­мыстық істі аяғына дейін жет­кізеді. Тағы бір айта кететін мә­селе, Әбіләзов өзінің қылмыстық істерін басқа мемлекеттерде де жалғастырған. Жақында ғана Мәскеудегі БТА Банк филиалы­ның басшылары да жауапқа тар­тылып, қылмыстық іс қозғалды. Мен өзімнің ресейлік әріптес­теріммен тұрақты байланыс жа­сап тұрамын. Олар бұл іс Ресей со­тында қаралатындығын мәлім­дейді. Кәсіпкерлер кеңесінің мәжі­лісінде Қазақстан кәсіпкерлер фо­румы кеңесінің төрағасы Р.Баталов, Қазақстан Қаржыгер­лер қауымдастығы кеңесінің төрағасы С.Аханов, Қарағанды облысындағы кәсіпкерлер қауым­дастығының атқарушы директоры Г.Құрбанбаева, “Zertteu DC Group” серіктестік кеңесінің төр­ағасы А.Ыдырысов сөз сөйлеп, қа­ралып отырған мәселе бойын­ша өз пікірлерін ортаға салды. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев Кәсіпкерлер кеңе­сінде сөйлеген қорытынды сөзін­де шағын және орта бизнеске қатысты екі проблеманы атап көрсетті. Бұл орайда, біріншіден, ШОБ субъектілерінің мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыларды пайдалану мүмкіндігін қарастыру. Екіншіден, мемлекет қаржысы есебінен ШОБ субъектілері ала­тын несиелерінің пайыздық став­касына субсидия бөлу. Елбасы өз сөзінде бұл мәселелердің шешім тапқандығын мәлімдеді. Одан кейін Президент құқық қорғау органдарының тарапынан ШОБ субъектілерін шектен тыс тек­серулерге жан-жақты тоқталды. Осы ретте Елбасы Қарағанды қаласында тұратын Седова атты жеке кәсіпкерден келген хатты оқып берді. Хаттан шағын үзінді келтірейік: “Тексеріске мора­торий жарияланған кезде бізді заң­сыз темекі саттың деген же­леумен ұстамақ болды. Мәселен, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері телеоператорларды әкеліп, ешқандай хаттама жүр­гізбестен, дәмхана қызметкерлері­нің үстінен әкімшілік іс қозға­ған”. Тағы бір топ кәсіпкерлер санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлерінің жеке­мен­шік дүкенге заңсыз айып сал­ғанын жазады. Олардың айтуын­ша, дүкеннің аумағы 50 шаршы метр болса, 1 қол жуғыш болуы керек. Ал біздің дүкен 51 шаршы метр. Осыған байланысты екі қол жуғыш қоймадыңдар деп айып­пұл салған. Елбасы өз сөзінде осы бір шектен шыққан оқиғалар жөнінде шара қолдану қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы еліміздің сот жүйесінің де ШОБ саласын дамытуға ынталылық танытпай отырғанын ескертті. Содан барып кәсіпкерлер сот шешіміне сенімсіздікпен қарайды. – Сондықтан мен халыққа арнаған Жолдауымда құқық қор­ғау органдарының шағын және орта бизнес саласына қатысты жұмысын да реформалау қажет­тігін айттым, – деді одан әрі Ел­басы. Кез келген мәселе бойын­ша ШОБ субъектілерінің үстінен қылмыстық іс қозғауға тосқауыл қою қажет. Бизнес жұмысын жүр­гізу ережесін бұзғандарға айып­пұл салу тәсілін кеңінен қолдану керек. ШОБ-тардың шаруашылық жүргізу кезеңіндегі ұсақ-түйек келіспеушілік мәсе­лесін төрелік соттардың қарауына беру керек. Негізінен ШОБ субъектілерін салық органдары тексеруі қажет. Жалпы, барлық тексеріс кестесі нақты реттеліп отыруы керек. Осы ретте Елбасы бизнес құрылымдарының мүдде­сін қорғайтын құрылымдардың да көбейіп кеткендігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы сондай-ақ Кедендік одақтың құрылуына байланысты еліміздің бизнес қауымдастығы алдында тұрған міндеттерді де тілге тиек етті. Бизнес жұмысында ашықтық пен мөлдірліктің болуы керек екендігін айта келіп, Елбасы банк­тер тарапынан да кәсіп­кер­лерді түсінуге бетбұрыс жасау қажеттігін ескертті. Мен сіздердің тарапыңыздан қиын кезеңде кәсіпкерлерге елеулі қолдау көр­сететіндеріңізге сенемін, деді одан әрі Президент. Мемлекет банк­тер­ге зор қолдау көрсетті және оны одан әрі жалғастыруда. Енді банктер де кәсіпкерлердің дағ­дарыстан шығуын жеңілдету үшін пайыздық төлемдерді елеулі түрде азайтуға және басқа да жеңіл­діктер жасауға баруы керек. Дағдарыстың ең күрделі жылы – 2009 жылы мемлекет үлескерлерге де, шағын және орта бизнеске де, банктерге де, аграрлық салаға да, ірі компанияларға да көмектесті. Алайда мемлекеттің қалтасы түп­сіз емес. Сондықтан қазір мемле­кет елімізді дамыту үшін және халқымыздың әл-ауқатын жақ­сарту үшін банктерден және кәсіпкерлерден бір-біріне жақын­да­сып, ортақ мақсатымыз жолын­дағы істі жандандыруды қажет етеді, мемлекет “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы арқы­лы осы ахуалды ынталан­дыру үшін барлық жағдайды жасайды. Кәсіпорындарда сауықтыру мақсатында да, жаңа жобаларды қол­дау мақсатында да “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарла­ма­сын іске асырудың нақты өл­шем­дері айқындалуы керек, деді одан әрі Елбасы. Бұл ретте мемлекет тарапынан жасалатын қолдау экономикамыздың шикізаттық емес саласында жұмыс істейтін ШОБ-тардың кәсіпорындарына ғана көрсетілетін болады. Осы орайда “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасы Үкіметтің тұрақты басқаруымен және бақылауымен жүзеге асырылуы керек. Өмір сүруге қабілетсіз, болашағы жоқ кәсіпорындарға көмектесудің қажеті жоқ. Олар үшін сауықтырудың басқа тетік­тері бар. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес кәсіпорындары тап болған күрделі қаржылық ахуалға байланысты Үкіметтің кәсіпорындар мойнындағы салық қарыздарын қайта құрылымдау шараларын белгілеуі қажет екен­дігін айтты. Осы бір қиын кезең­де мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі керек. Өйткені олар біздің еліміздің азаматтарын жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде, деді Президент. Алайда, бұл ретте кәсіпорындарға қойы­ла­тын талап қатал болғаны жөн. Көмек көрсетілетіндер экономи­камыздың шикізаттық емес сала­сында дайын өнім өндіретін кә­сіп­орын, шағын және орта биз­нестің нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары болуы керек. Осы орайда жұмыс орындарының сақталуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән берілуі керек. Үкімет жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген жағ­дайда өмір сүруге қабілетті, жауапкершілігі мол әділетті қа­зақстандық кәсіпкерлер еліміздің өркендеуі жолындағы жұмысын жалғастыруы үшін қажетті қол­дауға ие болады деп есептеймін. – Осы мәжілісте мен атап көр­сеткен барлық бағыттар бой­ынша Кәсіпкерлер кеңесінің жанынан жұмыс тобын құру қажет. Ресурстарға кіру мүмкіндігі бар жұмыс тобына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев жетекшілік жасауы керек. Қаржы блогы бойынша құрылатын топқа Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Е.Орын­баев, әкімшілік кедергілер жө­ніндегі топқа Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, қазақстандық үлес жөніндегі топқа Индустрия және сауда министрі басшылық жасауы тиіс. Жұмыс топтары атқарған қызмет туралы есеп Кеңестің келесі отырысында тыңдалады. Президент жанындағы Кәсіп­керлер кеңесінің мәжілісіне жи­налған еліміздің бизнес өкіл­де­ріне Елбасы өткен кезеңдерден алатын үш тәлімді атап көрсетті. Біріншіден, деді Елбасы, қалтаға қарап, қарапайым өмір сүру керек. Сіздер өздеріңізді жердің кіндігіндей сезініп, “Ланкрузер­лер­мен” жүріп, он адам күзетші ерткен жылдардағыдай болмауы керек. Тіпті мол қаржы болған­ның өзінде қарапайым халық үшін көзге шыққан сүйелдей болудың не қажеті бар? Екінші тәлім, барлық нәрседен үнемдеу қажет, жақсы уақыттарда қиын кезеңдерге дайындалған жөн. Үшінші тәлім – несиелерді уақытында қайтару керек. Алған қарызды бәрібір қайтару қажеттігі туатындығын түсінген жөн. Міне, үш тәлімнің түйінді тұжырымы осындай, деді Елбасы өз сөзінде. Елбасы айтқан үш тәлімді ой сарабынан өткізіп көрсек, кәсіп­керліктің халық үшін адал жұмыс істеуі айқын көрініп тұрады. Адам үшін, ел үшін жұмыс істегенде кә­сіпкерлік те халықтың қол­дау­ы­на ие болып, өркендей бермек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.