Жыл басынан бері 16 лауазымды тұлға Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменті ұйымдастырған брифингте айтылды.
Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша шамамен 6 мың мемлекеттік қызметші бар. Олардың жартысына жуығы жергілікті атқарушы органдар жүйесінде қызмет етеді. Осыған байланысты брифингте меритократия қағидасының жұмысы туралы айтылды. Бұл мемлекеттік органдарға ең қуатты мамандарды тартуға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері мыңнан астам адам Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алды. Сұхбат барысында жауапты сала жетекшісі мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау туралы сөз қозғады.
–Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау біздің басты міндеттеріміздің бірі. Мемлекеттік қызметкерлер тек бекіткен уақытқа сәйкес жұмыс істеуге тиіс. Біз шамадан тыс жұмыс істейтін мемлекеттік органдарды анықтадық. Қазіргі таңда осындай жүктеменің неге байланысты екенін және мемлекеттік қызметшілерге жүктелген міндеттер қаншалықты дұрыс екенін анықтап жатырмыз. Мемлекеттік қызметшіге дұрыс жұмыс істеу үшін жағдай жасалуы керек,–деді облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаментінің жетекшісі Берген Беспалинов.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы