• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2012

“Алдымен өзімізді танып алайық”

605 рет
көрсетілді

“Алдымен өзімізді танып алайық”

Жексенбі, 9 қыркүйек 2012 0:10

Белгілі абайтанушы  ғалым, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас МырзахметҰлы осылай ой түйеді

– Әңгімеге кіріспес бұрын, Мекемтас аға, осы сұхбаттың тақырыбы туралы не айтасыз? Біз өзіміздің болмысымызды толық таныдық па? Мемлекеттік, ұлттық идеология дегенді қалай түсінесіз?

 

Жексенбі, 9 қыркүйек 2012 0:10

Белгілі абайтанушы  ғалым, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас МырзахметҰлы осылай ой түйеді

– Әңгімеге кіріспес бұрын, Мекемтас аға, осы сұхбаттың тақырыбы туралы не айтасыз? Біз өзіміздің болмысымызды толық таныдық па? Мемлекеттік, ұлттық идеология дегенді қалай түсінесіз?

– Қоғамдағы саяси-әлеуметтік, эконо­микалық жағдайға орай мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саяси басшылықты  жүзе­ге асырудың барлық тетіктерін тұтас алғанда оның өзі мемлекеттік идеологияны танытса керек. Ал ұлттық идеологияның атқарар қызметі мемлекеттік идеологияға бағыттала жүргізіл­генімен, оның қайталанбас өзіндік ерекшелігі болмақ. Ұлттық идеология — ұлттық идеядан туындайтын құбылыс.   Әрине,   ұлттық идеясы болмайтын ұлт өмірде жоқ та шығар. Біздің ұлттық идеямыздың темірқазығы – ұлттың оянуы. Ұлттық сананы ояту – қайталанбас өзіндік ерекшелігі бар құбылыс. Ұлттық ояну­дың, сезінудің бастамасы біздің тарихымызда отаршылдық қысымға түсуді алдын ала сезіну мен бодандық қамытына жегілуден кейін туындаған зар-заман ақындары шығармала­рында өз көрінісін жан-жақты реалистік тұрғыдан таба білді. Ал ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы ояну дәуірі – ұлттық идеяның темірқазығына айналды. Ол ұлт тәуелсіздігі жолындағы сан қырлы күрес құралын пайдаланған ояну дәуіріндегі әдебиеттен айқын байқалды. Осынысы үшін де кеңестік тоталитарлық идеология ХХ ғасыр басында қарқынды түрде өріс алып, даму жолына түскен ұлттық идеядан туындаған ұлттық идеологияны түбірімен жойып, жоқ етуге бар күшін салды. Бұл жолда зорлықпен, зомбылықпен діттеген мақсатына жетті де. Тек қана Қазақстан тәуелсіз мемлекет болған соң ғана бір кезде ұмыт болуға айналған ұлттық идеологиямыздың бар саласы қайта оралып, даму жолына түсті. Ұлттық идеология ғана халқымыздың ой-санасын өзі көздеген ұлттық идея негізінде қалыптастыра алмақ.

– Мәке, Абай әлеміне қалай бардыңыз? Сізді Абайдың қандай даналығы қызықтырды? Ақындығы ма, әлде философиясы ма? Қысқасын айтқанда, Абай несімен ұлы?

– Менің абайтану саласына тартылуым да кездейсоқ болды. Бұл аса күрделі салаға мен алдын-ала даярлықсыз, мақсатсыз, ғылыми жетекшім  академик Қажым Жұмалиевтің “күштеуімен” келген жағдайым бар. Аспиран­тураға 1961 жылы түскенде менің жасым 31-де болатын.

Ғылыми жетекшім профессор Қажым Жұмалиевпен тақырып таңдауға келгенде арамыз шиеленісе берді. Мен  оңай қорғалатын тақырыпты жағалаумен болдым. Қажекең “Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы” деген  тақырыпты ұсынып отырып алды. Лаж жоқ жетекшімнің айтқанына еріксіз көніп, қиын тақырыпқа ұрындым. Ол кезде аспи­рантураға басқа республика­дан келгендердің ілуде бірі ғана қабылданатын кезең еді.

Абайтанудың негізін қалаған заманымыз­дың кемеңгер жазушысы Мұхар Әуезов өмірден өткен соң, Қажекең абайтану саласындағы ғылыми дәстүрдің үзіліп қалмауын ойлаудан болса керек, аспирантураға мені, кейінгі жылы дарынды әдебиетші Сейфолла Құспановты қабылдады. Сонымен абайтанудың жетпіс жылдық тарихын жазуға   сескене кірістім. Сеске­нетін себебім де бар. Қырқыншы жылдан арғы кезеңдегі дерек көздерінің бәрі де латын­ша, одан арғысы арабша жазу таңбасымен дүниеге келген мұралар екен. Оларды меңгеріп оқып кету жағы да қиынға соғып, қолбайлау бола берді. Жалғыз сүйенетінім, 1946 жылы басылым көрген Н.Сәбитовтің “Абай” деп аталатын тақырыптық жүйені ұстанған тұңғыш библиографиялық көрсеткіші ғана. Оның өзі де Абай туралы басылым көрген 970 дерек тобын ғана қамтиды екен. Іздестіре бастағаннан-ақ ұлы ақын туралы өзге деректер өріп шыға бастады. Не де болса түгел қамту үшін Абай туралы басылым көрген деректерді қайта қарап жинастыра бастадым. Онсыз алған тақыры­быма қадам басу мүмкін емес. Сонымен қолға ілінген үш жарым мың дерек көзін жинас­ты­рып, оқып, талдап, жүйелеп шығуға бел шеше кірістім. Нәтижесі 1965 жылы   көлемі 20 баспа табақтай “Абай Құнанбаев” деп аталатын тұңғыш жарияланған ұлы ақын мұрасы туралы толық персоналдық, бірақ хронологиялық жүйені ұстанған библиографиялық көрсеткіш басылым болды.

Осыдан кейін іштей келген қорытындым — менің Абай мұрасына даярлығымның жеткі­ліксіз екендігін сезіндім. Сезіндім де өзіме-өзім қамшы бастым. Абайды толық тануда алдан шығар кедергілерді сезінгендей болдым. Олар: біріншіден, Абай өмір сүрген дәуірдің қайта­ланбас тарихи, саяси-әлеуметтік болмысын зерттеу үстінде танып білу, сырын ұғыну міндеті алға қойылды. Екінші, Абай  тіліндегі сөздік қор табиғаты мен сол тұста халық тұтынған сөздік қорды  Абайдың меңгеру, жаңғырту арқылы әдеби тілдің деңгейін көтеру жолындағы ақындық шеберлігін танып білу де қиындыққа түсті. Үшіншіден, әсіресе, Абай дүниетанымының аса күрделі болмысын шама келгенше танып білу үшін, ұзақ жылдар бойы ізденіс жолына түстім. Осы жолда  талмай еңбектеніп, іштей түлеп өсуіме әрі осы бағытта адастырмас темірқазығым ұлы Мұхаңның туындыларын қоса танып білу арқылы ғана қол жетеріне көзім жете түсті. Іздену үстінде мені Абайдың терең ойға телмірген даналығы да қызықтырды. Екі жағы да бір бүтін құбылыс­тың қос қанатындай қағылатын үйлесімді серпінге иық тіредім.

Қысқасын айтқанда, Абайдың: “Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла” деп келер ұрпағына ой тастағанда, бүгінгі ұрпағы ол жұмбақтың шешімін қайдан іздемек?

Меніңше, ол жұмбақтың кілті — Мұхтар Әуезовтің: “Абайдың діні – сыншыл ақылды шартты діні” және “Абайдың діні – адамгершіліктің діні” деген тезисінде жатыр деп ұғындым. Бұл жөніндегі ой танымдарымды 1995 жылы басылым көрген “Абай және Шығыс” деген еңбегімде өрем жеткенше таратып айтқандай болдым. Бірақ аталмыш кітаптың кеңестік тар заманда 1980 жылы еркін айтар ой-пікірдің аяқ-қолы матаулы кезде жазылғанын да ескеру керек. Бүгінде абайтану саласындағы әдебиет, тарих, педагогика, психология, философия тәрізді қоғамдық ғылымдар саласындағы зерттеулердің бәрі де енді Абайдың Шығысына қарай бет қойып, өнікті ой-пікірлер толғай бастауы да жай құбылыс болмаса керек-ті. Өйткені рухани бабамыз Қ.А. Ясауидің хал ілімі (кемел адам жайындағы –М.М.), Абайдағы толық адам ілімі мен Тұран жерінде қанат қағып өрістеген жәуан мәрттілік ілімдерінің іштей сабақтасып тұтастық танытуы әлі де алда шешілер жұмбақ сырлардың, томсарып сыр бүккен қатпарлы  қабаттардың бүктесіні жазылып, қоймасы ашылар кезеңге жеткен сияқты. Міне, сен қойған сүрақтағы Абайдың ақындық құдіреті мен даналық ойының мені қызықтырып жүрген тұстары осылар болып тұр.

– Елімізде Абайтану орталығы бар ма?

— Абайтанудың ғылыми орталығы ұлы ақын Абай мерейтойының 100 жылдық мерекесі қарсаңында 1944 жылы Мұхтар Әуезовтың басқаруымен “Абай тобы” деген атпен ашылып, атақты абайтанушы ғалымдар  атсалысты. Бірақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы идеологиялық қаулысынан кейін жабылып тынды.

1994 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы­ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында  Абайтану бөлімі қайта  ашылып, оған мен жетекшілік еттім. Бұл бөлім Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын мұрасын әр қырынан алып зерттеп, танып білуде айтарлықтай еңбек етті. Абайтану саласынан көрнекті сегіз ғалымның ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты болуы – осы саланың кезеңді жетістігі ретінде бағаланып танылуы жұртшылық­тың есінде. Аталмыш бөлім бүгінде де Абайтану саласында жан-жақты ізденістер жүргізіп, жас абайтанушы ғалымдарды қанаттандырып келеді. 90-жылдары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі ғылыми-зерттеу орталығында “Абай тобы” ашылып, өнікті еңбек ете бастаған еді. Пендешілігі басым университет басшылары “Абай тобының” ғалымдарын ыдыратып тынды.

М. Әуезов 1942 жылдан бастап жоғары оқу орындарында оқыта бастаған абайтанудың арнайы курсы мен арнайы семинар сабақтары өз дәрежесінде жүргізілмей келеді. Бірақ абайтанудың соны бір саласы “Абайтану тарихы” деп аталатын жаңа арнаулы курс пен арнаулы семинар сабақтары Өзбекстандағы Сырдария пединститутында басталып, бүгінде Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ мен  М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жалғастырылуда. Осы саладан студенттер диплом жұмыстарын жазып, магистрлер мен аспиранттар диссерта­ция­ларын қорғауда. Нәтижесі ғылыми монография түрінде үздік-үздік жарияланып келеді.

– Өткен жылы сізге Түркияда үлкен атақ берілді. Сонда сөз сөйлегеніңізді білеміз. Жалпы түркі халықтарына ортақ қандай мәселелерді көтердіңіз?

– Иә, былтыр Анкарада Түркияның  бұрынғы президенті Сүлеймен Демирелдің қолынан “Түрік еліне қызмет сыйы” деп аталатын халықаралық сыйлыққа ие болдым.  Атақ алған кісілер сол жерде өздерінің көкейкесті ой-пікірлерін айтады екен.  Сыйлық иелері өздерінше ой бөлісіп жатты. Сөйлеу кезегі маған келгенде екі-үш түрлі арман-тілекті тілге тиек еттім. Залда  түркі халықта­ры­ның бетке шығар зиялы тобы отырған. Сон­дағы ортаға салып ой бөліскен  пікірлерім мыналар.

Бірінші. Түркі тілді туысқан халықтар ХХІ ғасыр басында-ақ саны жағынан әлем халықта­рының ішінде қытай мен үндіден кейінгі үшінші орынға көтерілмек. Мұндай зор көрсеткішке жеткен соң, әлемдік аумақтағы рухани әрі саяси-әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынастардан өзінің заңды орнын ойып тұрып алмағы керек. Ол үшін бәрінен де керегі түркі халықтарының рухани бірлігі екен.

Түркі халықтарының өткендегі бабалары өз жерінде теңдесі жоқ империялық мемлекеттер құрып, әлемді дүр сілкіндіріп келді. Бірақ олар ішкі тақ таластары мен сыртқы империялардың саяси айла-шарғыларының нәтижесінде биліктен қол үзіп, ақыры тарыдай шашылып, бір ғана Осман түріктерінен басқалары бодандық қамытын мойнына іліп шыға келді.

Яғни, түгелге жуық отарланып, ғасырлар бойы саналы түрде жүргізілген отаршылдық саясат оларды бір-бірінен ажыратып, туыстығын, түбі бір қандастығын ұмыттырды. Бұл оларды бірте-бірте халықтық тарихи жадынан, тілі мен ділінен, діні­нен, ұлттық дәстүрінен, ең бастысы соңғы тірегі болған рухани тұтастығынан тайдырды. Бір жағы орыстандырылып, бір жағы қытайланды­рылып жатты, яғни күшпен ассимиляцияға түсірілді.

Осы себепті 49 ұлыстан тұратын түркі халық­тарының 27-сінің тілі өлі тілге айналды. Қалған 22-сінен 13-інің тілі қалт-құлт етіп, сәл болса тарих сахнасынан сырғығалы тұр. Ойламаған жерден Кеңес одағы күйреп, заман өзгеріп отарлық езгідегі түркі халықтары бірінен соң бірі тәуелсіздік туын көтеріп, мемлекетін нығайтып жатқанда тарыдай шашылып кеткен қандаста­рымызды рухани жағынан тұтастырып, бірлікке алып келудің шешуші кілті қайда деген сұрақ туа бастады. Ондай құдыретті күштің үлгісін қытай халқының жазу мәдениетінен көріп отырмыз. Өйткені, Сун Ят Сеннің айтуынша, жүз тайпаға бөлінетін әрі бірінің тілін бірі мүлде түсінбейтін қазіргі 1 млрд-тан астам қытай халқын рухани жағынан тас түйіндей біріктіріп, ұршықша үйіріп отырған күш — олардың ғасырлар бойы үзіліссіз келе жатқан жазу таңбасында жатыр екен. Осылар сияқты ондаған тайпаларға бөлініп, 49 ұлысқа айналған түркі халықтары бір жақсысы бір бірімен сөйлессе бірін бірі ұғынып, түсіне береді. Оларды да рухани жағынан біріктіріп тұтастыққа алып келген шешуші кілт – яғни ортақ емледегі жазу таңбасы болған.

Байқалдан Балқанға дейінгі ұлы кеңістікті жайлаған түркі халықтарының мемлекеттік деңгейде таралып қызмет еткен әрі рухани бірлігін тұтастырып келген ойма жазуы VШ-ІХ ғасырларға дейін өмір сүріп келді.

Түркі халықтары ислам дінін қабылдауына байланысты ойма жазу орнына араб жазу таңбасы орнықты. Араб жазу таңбасын түркі халықтары біркелкі қалыптағы бір емледе  қабылдауы себепті, бірін-бірі оқып түсіне алатындықтан, ұлттық рухани тұтастығын сақтап қалды. Ал, Ресей империясының алысты көздеген отаршылдық саясаты осы рухани тұтастықты бұзбайынша, ол үшін араб жазу таңбасының орнына орыс жазуы таңбасын ендірмейінше, түркі халықтарының тарихи жадын шайып, өткен тарихы мен ұлттық дәстүрінен қол үздірмейінше оларды рухани құлдыққа түсіре алмайтынын білді. Білді де бар күшін, айла тәсілін осы жолға жұмсаудан тартынбады.

Бұл дәстүрлі отаршылдық  құйтырқы саясатты Кеңес өкіметі басқаша жолдармен, яғни, халықтар достығы ұранымен бүркемелеп жалғастырды. Осы мақсат тұрғысынан әуелі араб жазу таңбасын 30-жылдары латын жазу таңбасына күшпен алмас­тырды. 1940 жылы қызыл қырғыннан кейін бірден дау-дамайсыз бүкіл түркі халықтарын орыс жазу таңбасына өткізіп жіберді. Тек қана славяндармен діндес болуы себепті армян мен грузин жазуларын өзгертпеді.

Бұл өзгерістерді жасаудағы басты мақсат – түркі халықтарын біртіндеп орыстандыру бағытын ұстанған саясат болатын-ды. Осы сияқты қытай коммунистері де өз қарауындағы ұсақ ұлттардың жазу таңбасын өзгертуде жоғарыдағы бағытты ұстанды. Бұл екі империяның екеуі де бір мақсатты көздеді. Міне, осы себепті енді ассимиляцияға түсірудің зорлығы мен зардабынан құтылудың бірден бір жолы бүкіл түркі халықтарының ортақ жазу таңбасын қабылдаудан басқа жол болмай тұр.

Әлемдегі бүгінгі түркі халықтары қазір үш түрлі жазу таңбасына таңылып отыр. Олардың біразы орыс жазу таңбасында болса, көбірегі латынша жазуда, ал, аз бөлігі араб жазу таңбасын қолданып келеді. Тіпті, бір халық деп саналатын қазақтың өзі, әзірше, орыс жазу таңбасында болса, шет елдердегі қазақтар латын жазу таңбасында, ал, қытай қазақтары араб жазуы таңбасында. Бүкіл түркі халықтары түгілі қазақтардың өзі бір халық бола отырып, осы үш түрлі жазу таңбасын қолданатындықтан, бірімен бірі өзара байланысқа түсе алмай, рухани тұтастық таба алмай келеді.

Қазіргі заманда түркі халықтарының ортақ жазу таңбасы латыншаға ауыса бастағанымен, одан дәрмен болмай отыр. Өйткені, әр халық латынша жазу таңбасын  өзінше қабылдап бір емлені ұстанбауы себепті, бірін-бірі оқып түсіне алатын ортақ жазуға қолы жетпей жатыр. Яғни, рухани жағынан түркі халықтары тағы да бір бірінен алыстап, қолдары бірлікке жете алмайды деген күдікті ой  туады.

Тегінде белгілі бір тілдің ұлттық дыбыстық табиғатынан туындайтын өзіне тән жазу таңбасы болмаса, бөгде тілдің болмысынан пайда болған жазу таңбасы басқа тілге ойдағыдай қызмет ете алмайтынын тарих тәжірибесі айғақтап отыр. Өйткені, әр халықтың сөйлеу тіліндегі ұлттық дыбыстық табиғатына сай сол тілдің артикуля­циялық базасы (сөйлеу станогы) қалыптасады екен. Мысалға алар болсақ, армян, грузин халық­тарының артикуляциялық базасы өзінің ұлттық дыбыс ерекшелігіне орай қалыптасуы себепті, олар орыс тілін қаншалықты жақсы меңгерсе де, акцентсіз сөйлей алмайтынын күнде көріп жүр­міз. Ал, өзінің ұлттық негіздегі жазу таңбасынан айрылған қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, т.б. халықтардың сөйлеу тіліндегі артикуляциялық ба­за­сы орыс жазу таңбасы негізінде қалып­тасқандықтан, олар орысша сөйлегенде акцентсіз таза сөйлейді. Мұның себебі де олардың сөйлеу тіліндегі артикуляциялық базасы бөтен тілдің дыбыстық жүйесі негізінде қалыптасуында жатыр.

Мұның үстіне орыстың 33 әрпінен басқа ұлттық негіздегі 9 әріп таңбасының бәрі түркі халықтарының жазу таңбасында біркелкі ортақ әріп таңбасымен берілмей, біріне бірі ұқсамайтын әрқилы таңбалармен берілуі себепті, түркі халықтары бірін бірі оқып түсіне алмай, рухани тұтастықтан айырылып, біртіндеп бір-бірінен алыстауға алып келді. Бұл іспеттес тілдегі өте нәзік өзгерістер отаршыл мақсаттағы үкіметтің орыстандыру саясатынан туындап отырған құбылыс екенін екінің бірі ұғынып түсіне бермейді. Осы бүркемелі отаршылдық саясатты түсінбеу немесе саналы түрде түсінуге түрлі айла-шарғылармен ырық бермеу халықты рухани тұтастықтан айырып, қайғылы қасіретке алып келді. Бүгінгі қазақ халқының рухани әлеміндегі дағдарыстардың негізі де осы саясаттың салдарлы нәтижесінен туындап отырған қасіретті құбылыс.

Міне, осы жағдайларды ұғына отырып қазіргі түркі халықтары алдағы болашағы үшін, бірін бірі еркін оқып түсіне алатын бәріне бірдей ортақ жазу таңбасы мен емлесін кеңесе отырып қабыл­дау жолына бармай тұра алмайтын кезең жетті.  Өзгеше жолы да жоқ. Әрине, ол ортақ жазу таңбасы түркі халықтарының сөйлеу тілінің дыбыстық табиғатынан туындап, ғасырлар бойы қолдану аясындағы ата жазуы болған ойма жазу таңбасының сұрыпталып алынған жаңаша үлгісі болмақ. Әрине, түркі халықтарының маригинал­дық  сана тұтқынында қалған бүгінгі ұрпағы түркі халықтарының ортақ жазу үлгісін жатсынып, қабылдай алуы да екіталай. Бірақ бүгінгі жаҺан­дану заманында өзінің ұлттық тілі мен ділін, рухани тұтастығын сақтауға ұмтылған саналы тобының ұлттық санасының оянуы оларды осы жолға әкелмей тұра алмайды. Өйткені, рухани тұтастығымыздың ұйытқысы осы ата жазудың жаңарған түрі – ойма жазуға тағдырымыз байла­нысты екеніне көздері жете түседі. Басқа жолдың бәрін де түркі халықтарының ғасырлар ауқы­мында жазу таңбаларын сан рет ырықсыз ауыс­тыруға барудағы тарихи тәжірибесі терістеп отыр.

Түркі халықтарының зиялы тобы алдында айтылған  екінші мәселе – болашақта түркі халықтарының ортақ моральдық кодексінің іргетасы – рухани бабамыз Қ.А.Яссауи негізін қалаған  хал ілімі жайында болды. Өйткені әлем халықтары ішінде түркі халықтары саны жағынан үшінші орынға көтерілуі – оның алдына рухани тұтастығын орнықтырудың елеулі бір тірегі – олардың моралдық кодексінің адамилық тұрғы­дағы үлгілі жобасының болуы да заңдылық. Түркі халықтарының бәріне ортақ моральдық кодекстің биік рухани адамшылық негізде жасалуының іргетасы, әрине. Тұран жерінде қалыптасқан хал ілімінің рухани бастауларынан  нәр алмақ.

Түркі әлемінің халықтық негіздегі ұстанып келе жатқан моральдық мінез-құлқының қалып­тасуына хал ілімінің ықпалы болғандығы айдан анық.

Түркі халықтарының ата-бабалары ұстанған көшпелі өркениет негізінен туындаған халықтық мінез-құлқының негіздері мен хал ілімінің іргетасы түркі халықтарының болашақ ортақ моральдық кодексінің берік тұғырына айналмақ. Мұндай жағдайда Баласағұнның жәуан мәрттілік ілімінің негіздері мен түркі жұртын­да Қ.А.Яссауи негізін салған хал ілімінің болмысын  зерттеп, танып білу арқылы түркі халықтарының ортақ болашақ моральдық кодексінің ғылыми негіздерін қалыптастырып, ол ілімді Абай мен Шәкәрімдегі толық адам ілімімен жетілдіре отырып, көздеген мақсатымызға жете алмақпыз. Әрі  толық адам туралы Абай қалыптастырып,  гуманистік идеалға айналған бұл ілім түркі халықтарының болашақ­тағы ортақ моральдық кодексінің негізіне айна­луы арқылы бізді еуропалық  затшылдық пиғылдан туындайтын тән құмары тудырып отырған әлемдік кесепаттан да (нашақорлық, жезөкшелік, қатыгездік пен секс, парнография т.б.) сақтайды. Мәселенің тоқ етер жері осы асыл хал ілімін   жан-жақты зерттеп, халықтық ұста­ным­ға айналдыруда жатыр.

Үшінші мәселе — тағдырдың жазуымен тарыдай шашылып, бір-бірінен қол үзіп, туысқандық, рухани тұтастығын ұмытып, басқа діндерге шоқынып кеткен түркі халықтарының рухани тұтастығының ұйтқысына айналар елеулі бір тетігі — жоғары оқу орындарындағы барлық факультеттерде “Түркі халықтары әдебиеті” курсын оқу бағдарламасына арнайы түрде ендіруді қолға алуда жатыр.

Қазіргі жастар өз әдебиетінен гөрі батыс пен орыс әдебиеті тарихымен жете таныс болса да  өз халқының, әсіресе, түркі халықтарының әдебиет әлемінен мүлде хабарсыз.

Шындығына келгенде, әуелі өзімізді өзіміз жете танып, тарихи туыстығымыз бен рухани тұтастықта болған өткен тарихымызды  ғылыми тұрғыдан ұғынып барып меңгеру міндеті тұр. Өйткені, әдебиет – өмір айнасы. Туысқан халықтардың әдебиетін оқып білу арқылы сол халықтың жан дүниесі мен рухани болмысын жете танып білетіндіктен, туысқан түркі халықтарының өткен тарихи жолын да әрі бізбен туыстық қатынасы мен түбірі бір  ұлттық дәстүріне де қаныға береміз. Әрі ұмыт болған өткендегі халықтық тарихи жадымызды тірілтіп, өзімізді өзіміз тануға жақындай түсеміз.

Қазіргі жаҺандану заманында өзіміздің ұлттық, туыстық қалпымызды сақтап қалу ауадай қажеттілікке айналуда. Біз түгілі діні мен ұлттық дәстүрі темірдей бірліктегі Иран халқы жаһандану процесінен сескеніп, жастарының санасына өзіндік ұлттық танымын тереңдете сіңдіру мақ­сатында барлық оқу орындарындағы факуль­теттерде Иран әдебиеті мен тарихын жаппай оқытуда.   Олай болса, біздің де рухани туыстық, тұтастыққа бастайтын іргемізді осы бастан бекіте бергеніміз жөн болар.

– 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласын елімізде Шығыстану орталығы жасау туралы ойыңыз бар екенін естігенбіз. Бұл туралы не айтасыз? Жалпы Шығыстану орталығы қажет пе?

– Қазақстанның ең көне қаласы — Тараз. Оның 2000 жылдық тарихында талай құпия сыр бүккен қатпарлы қабаттары  ашылмай, жұмбақ күйінде болашақ зерттеушісін күтуде.  Жалпы Қазақ елінің тарихи тағдыры апарып соғатын тағдырлы тарихи үш бұрышы бар. Үш бұрыш деп отыр­ғанымыз шығысындағы Қытай мен түстігіндегі араб-парсы және батысындағы Ресей мен еуро­палық елдермен қарым-қатынасымыздың тарихи шеңберін меңзегеніміз. Осы тарих тағдыры пешенемізге жазған тарихи үш бұрыш арасындағы болып өткен небір ғажап оқиғаларды танып білмейінше өткен тарихымызды танып білудің өзі де қиын.

Біздің тарихымыз қытай мен араб-парсы әлемімен тұтасып жатыр.  Оны ғылыми тұрғыдан терең танып білу үшін қытай, араб, парсы тіліндегі тарихи дерек-мағлұматтар көзін жүйелі түрде біртіндеп меңгеру ғана тарихи санамыз бен көкірек көзімізді ашпақ. Тарих талайы маңдайымызға жазған өткеннің осы үш бұрышы да Тараз қаласы тағдырымен тікелей байланыста жатуы себепті, көне дәуір мен орта ғасыр тарихы бұл қаланы сырт айналып кете алмаған. Сондықтан шығыстанудың бір орталығы немесе ғылыми-зерттеу институты Тараз қаласында ашылуы тарихи жағынан алып қарағанда да рухани қажеттілікке айналып отыр.

Ақындардың  атасы атанған Рудакиден бастап парсы ақындары мың жыл бойы жарыса жырлаған Тараз шаһарына теңесер әлемде  өзге қаланың болмауында көп сыр жатыр. Бұл орайда тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Тараз – рухани байлығымыздың алтын діңгегі”, –деп бағалауы жай нәрсе болмаса керек-ті.

Тараз тағдырының нақтылы тарихи дерек көздері іздеген кісіге шығысы Қытайда, түстігі араб, парсы әлемінде жатса, оны танып, зерттеп, білудің тарихи міндеті де ойлы ұрпақ алдына көлденең қойылуы  да рухани  қажеттіліктен туындап отыр. Осы тарихи ерекшелікті сезінуден болса керек, ҚР  Білім және ғылым министрі Ж.Құлекеевтің М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ұ.Бектұрғановқа жолдаған нұсқау хатында “Қазақ-Иран рухани байланыстарының ғылыми-зерттеу институтын” ашу қажеттігін ескертуінде алдын ойлар көрегендіктің бір белгісі жатыр деп қарадық. Біздер, шығыстанушы Ислам Жеменей айналасындағы шығыстың көптеген тілдеріндегі  дерек көздеріне еркін кіре алатын полиглот ғалымдар, министр қойған талапты атқаруға толық негізі бар деп білеміз. “Құланның қасуына мылтықтың басуы…” дегендей, біздер, бір топ шығыстанушы ғалымдар, М.Х.Дулати туралы ғылыми-зерттеу орталығын ашуға әрекеттеніп жүргенде, министрдің өзі оған тікелей назар аударуы құптарлық нәрсе.

Болашақ бұл ғылым орталығының бір нысанасы М.Х.Дулатидің әдеби-тарихи мұрасы мен   Шайх Тарази Құдайдаттың парсы-шаға­тай тілінде аралас жазылған көне қолжазбасы,   түрік тіліндегі тұңғыш өлең теориясы туралы ғылыми-зерттеу еңбегі түркология саласындағы айтулы жаңалық болып табылады. Тараз қаласына тікелей қатысы бар әдеби-тарихи  қолжазбалар мен көне кітаптар да аударылып, нақтылы зерттеу нысанасына алынбақ. Міне, осы жағдайларды ескере отырып Таразда Шығыстану орталығын ашу аса қажеттіліктен туындап отыр.

— Сіз халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының  мол мұрасын жинастырып, батыр-жазушының тұлғасы мен шығармашы­лығы туралы пікір айтып жүргеніңізді де білеміз. Баукең біздің жаңа қоғамда өз орнын алды ма? Ол кісі қандай қасиетімен халқының сүйікті ұлына айналды деп ойлайсыз?

– Мен Бауыржан Момышұлымен 1959 жылы сәуір айында Ташкент қаласында танысқаннан бастап, өмірінің соңғы күндеріне дейін бірге болып, іштей табысқан туыстық қатысы бар інілерінің бірімін. Баукең туралы “Халық сыйы”, “Бауыржан батыр”, “Айналған аты аңызға Момышұлы” деп аталатын кітаптарды жарияладым. Батырдың 90 жылдық мерейтойына арналған екі томдығын құрастырып, түсініктерін жаздым. Өмірінің соңында маған сеніп тапсырған екі томдық қолжазба мұрасының ішінен таңдап “Психология войны” кітабын және оның қазақ тілінде “Қанмен жазылған кітап” деп аударылған нұсқасын да жариялап үлгердік. Бауыржантануға арналған ғылыми-зерттеу мақалаларымды да үзбей жазып келемін. Баукеңнің тікелей тапсыруы бойынша, ол кісінің жеке архивтерін жүйелеп, бір ізге  түсіріп, Орталық мемлекеттік мұрағатқа өткіздім. Қолда қалған аса құнды қолжазбалары мен хаттары, естеліктері, соғыс кезіндегі блок­ноттары, т.б.  дерек-мағлұматтары, фотолары  мен майдан даласында өзі сызған әскери топо­графиялық карталары Бақытжан Момышұлы  мен менің және Дмитрий Снегиннің архивінде сақталуда. Әрине, бұлардың бәрі де бір жүйеге түсіріліп, арнайы ғылыми-зерттеу нысанасына алынып, болашақ ұрпақ қолына табысталар рухани мәні биік мұралар. Осы  қажеттілікті сезіне отырып, Бауыржан Момышұлының жүз жылдық мерейтойына бұрынғыдай қапы қалмай, алдын-ала даярлықтар жүргізе бастау міндеті алдымызда тұр. Осы мақсат тұрғысынан “Бауыржан Момышұлы ХХІ ғасыр көгінде“ деп аталатын ғылыми жобаны облыс әкімі Серік Үмбетовтің назарына ұсындым. Әкім бұл жобаға жылы қабақпен қарап, құптап отыр. Осы жобаның нәтижесі 30 томдық кітап пен “Бауыржан Момышұлы” деп аталатын қайта­ланбас бірегей энциклопедия қоса даярланбақ.

Баукеңнің балалық шағы Ресей импе­риясының отаршылдық заманымен тұспа-тұс келді. Ержетіп, ат жалын тартып мінгеннен кейінгі өмір жолы кеңестік идеологиялық құрсауда өтті де өзі армандаған  тәуелсіздік күнін көре алмай дүниеден озды.

Баукеңнің 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі қанды майдан шайқастағы аты аңызға айналған ерлік даңқы әлемді аралап кетті. Бұрынғы қазақ батырлары мен атақты қолбасшыларының есімі бүкіл Қазақ еліне немесе ары кеткенде алты Алаштың баласына ғана жайылатын. Ал, Баукеңнің батырлығы мен қалам қайраткерлігі бүкіл одақ халықтары мен әлем жұртшылығына тегіс танымал болып, көзі тірісінде аты аңызға айналып та үлгерді. Шығармалары да шетел тілдеріне аударылып, халқының даңқын әлемге жайды. Бұған қоса Баукең тек Қазақ елі емес, бүкіл түркі халықтарының бүгінгі  замандағы әскери әдебиетінің негізін қалаушы бірегей қаламгер ретінде де ерекшеленетін дара тұлғаға айналды. Ноқтаға басы сыймаған Баукең әділетсіздікті майдан төрі мен бейбіт өмірде де бір адамдай көрді. Көрді де сол әділетсіздікпен айқасқа түсті. Ә, дегеннен-ақ Баукең халқының ұлттық намысының туына айналды. Ұлы майдан шайқас төрінде жүрген кезде-ақ халқының намыс туына айналып, Намысұлы атанды. Әділетсіздікке төзбейтін қайсар болмысы, қоғамдық пікірді қақ жаратын ойшылдығы, ел намысын қорғаған ерлігі мен ұлттық санасының қол жетпес биік деңгейде болуы – халқының алақанына салып аялаған еркесіне айналдырды. Баукең өзі туралы:  “Халқымның қарапайым бір ұлымын, Жанымды арым үшін құрбан еткен”,– деуінде айтулы тұлғаның бар болмысы мен күрес жолындағы ұлы мұраты мен мұндалап тұр. Халқы батыр ұлын осы ерекшелігі үшін ардақтады. Ұлттық намыс пен ұлттық сананы оятудың күрескер тұлғасына айналған сол Баукеңнің бүгінгі тәуелсіздік туын биікке көтерген  еліміздің ой-санасынан өз орнын ойып тұрып алғанын досы түгіл жауы да мойындайды. Бірақ біз армандаған деңгейде төрт құбыласы түгел болды дей алмасақ керек-ті. Әрине, Президентіміздің тікелей атсалысуымен Кеңес Одағының Батыры атағы да бұйырды. “Ұшқан ұя” туындысы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын да алды. Халқы ардақ тұтқан Баукеңнің аты өзі туған аудан орталығы мен көптеген қала көшелеріне, мектептер мен арнаулы әскери оқу орындарына да қойылып жатыр. Батырдың 90 жылдығы да республикалық көлемде кең тұрғыдан тойланып өтті. Әсіресе, Жамбыл облысы Баукең тойынан аянып қалған жоқ. Тараз қаласының қақ ортасынан оның биік тұлғасы бой көтерді. Облыстық ипподром да Баукең атында.  Бәрі де жарастықты, көңілге қонар істер атқарылып келеді. Баукең мұрасы да ғылыми-зерттеу нысанасына алынып, айналымға түсе бастады. Әдеби шығармалары да тоқтап қалмай басылым көріп, ұрпақ қолына табысталып келеді.

Дегенмен, мәселенің төркіні Бауыржандай айбарлы тұлғаның артында қалған әдеби мұ­расы мен көл-көсір архивтік дерек мағлұмат­тары  жас толқын бүгінгі ұрпақ санасына жүйелі әрі тұрақты түрде танытуда жатса керек-ті. Ол үшін Баукең мұрасының бар саласы тұтас ғылыми тұрғыдан зерделеніп, жас ұрпақтың ұлттық санасын оятып, рухани нәр беретін қазына көзіне айналмағы шарт.

Әңгімелескен Мақұлбек РысдӘулет,“Егемен Қазақстан”.

29 қазан 2003 жыл.