Жексенбі, 4 қараша 2012 0:47
Кешегі тоталитаризм заманында ұлттық мүдде мен намысты қорғаған кез келген кісінің аяқ астынан “ұлтшыл” деген үрейлі атаққа таңылып шыға келгені баршаға аян. Кеңестік идеологтар пікірінше, “қалың елім, қазағым, қайран жұртым” деп қана қоймай, күллі түркі жұртының тілеуін тілеп, намысын жыртқан белгілі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай сондай “ұлтшылдардың” бірі болатын. 1919 жылдың аяғында шетелге асып кеткен ұлы баба эмиграцияда жүріп-ақ туған елі – Түркістандағы болып жатқан жағдайларға толық қанығып, кезінде оған өзінің бағаларын беріп отырған. Бұған оның Кеңес өкіметінің сол кездері Орта Азияда жүргізген отаршылдық саясатын әшкерелеген “Жаңа Түркістанда”, “Ашаршылық” атты және басқа да көптеген мақалалары дәлел.
Жексенбі, 4 қараша 2012 0:47
Кешегі тоталитаризм заманында ұлттық мүдде мен намысты қорғаған кез келген кісінің аяқ астынан “ұлтшыл” деген үрейлі атаққа таңылып шыға келгені баршаға аян. Кеңестік идеологтар пікірінше, “қалың елім, қазағым, қайран жұртым” деп қана қоймай, күллі түркі жұртының тілеуін тілеп, намысын жыртқан белгілі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай сондай “ұлтшылдардың” бірі болатын. 1919 жылдың аяғында шетелге асып кеткен ұлы баба эмиграцияда жүріп-ақ туған елі – Түркістандағы болып жатқан жағдайларға толық қанығып, кезінде оған өзінің бағаларын беріп отырған. Бұған оның Кеңес өкіметінің сол кездері Орта Азияда жүргізген отаршылдық саясатын әшкерелеген “Жаңа Түркістанда”, “Ашаршылық” атты және басқа да көптеген мақалалары дәлел.
Әлбетте, халқын сүйген қайраткердің бұл материалдардағы деректері мен тұжырымдары коммунистік қоғам құрушыларға әсте ұнай қойған жоқ. Дәл соған орай 1924 жылғы 4 қазан күні Қазақ Республикасының Біріккен Бас саяси басқармасына (ОГПУ) ресми қағаз жолданды. Оны ҚазЦИК Төрағасы Сейітқали Меңдешев жазды. Енді сол әйгілі хаттың толық мәтінін оқып көрейік.
“Қаз. КСР бойынша ББСБ
Каширин жолдасқа (жеке өзіне).
Белгілі қырғыз (қазақ дегені – Ә.Б.) эмигранты Мұстафа Шоқаевтың (“Қоқан үкіметі” дегеннің бұрынғы ұйымдастырушысы және басты қайраткері) қаламынан туып, “Дни” газетінде жарыққа шыққан, өзім сіздің назарыңызды аударуға тұрады деп есептейтін оның “Аштық” деген мақаласын қоса жолдап отырмын.
Мақаланың мәніне келсек, онда шындыққа жанаспайтын және мүлдем дұрыс емес нәрселер өте көп. Шетелде осынысымен өйтіп-бүйтіп табыс тауып жүрген Шоқаевтың әрекетін айғақтап, әшкерелеу қиынға түспейді. Баспасөз беттерінде мақаланың бұл тармақтарын жоққа шығару оңай.
Қызық, Шоқаев сол ақпараттарды қалай алады. Әлбетте, оған Түркістаннан “жазып” тұрады. Демек, оның түркістандықтармен белгілі бір байланысы бар. Онда, бәлкім, мұның (Шоқаевтың) Қоқан үкіметінің қалдықтары сақталып қалса керек.
Мәселе оның қазақ газеттерінің мәліметін қалай пайдалана алғанында. Мұнда ол “Бостандық туы” (Ақмола губерниясы) мен “Қазақ тілі” (Семей губерниясы) газеттеріне сенетін сияқты.
Бұдан басқа, ол қазақтың қоғам қайраткерлерінің “айрықша көмек комитетін” құруға әрекет жасап жатқаны туралы мағлұмат келтіреді. Бұл әрекеттер Ақмола және Семей губернияларындағы бұрын “Алашорданың” өкілдері болған кейбір қызметкерлерден шыққан. Рас, біз олардың әрекеттерін сепаратизмді шақыратын тірлік ретінде жауып тастағанбыз. Бұл туралы, егер мен ұмытпасам, газеттерде жазылған жоқ. Демек, Шоқаев тек газет материалдарын ғана емес, сол сияқты өзіне келіп түсетін басқа мәнбелерді де пайдаланады. Маған “Шоқаевтың қолына біздің “Бостандық туы” және “Қазақ тілі” газеттерінің редакцияларына келіп түсетін материалдар тимей ме екен” деген ой келеді. Шоқаев мақалалары осы тектес болжамдарға итермелейді.
Осылардың бәрін хабарлай отырып, Каширин жолдас, мен сізден Шоқаевтың Түркістанмен байланысын анықтауға қажетті қадамдар қабылдауды, сондай-ақ “Бостандық туы” және “Қазақ тілі” газеттерінің редакцияларына ұдайы бақылау орнатуды өтінемін.
Жолдастық сәлеммен ҚазЦИК Төрағасы С.Меңдешев.”
Бұл алты алаштың ардағы Мұстафа Шоқайды сыртынан қаралап, оған қатысы бар кісілерді қудалаудың басы еді. Кейін қауіпсіздік органдары “Франц” атты арнайы операция жүргізіп, алға қойған мақсатын жүзеге асыруға шындап кіріседі. Кеңестік өкіметтің жазалағыш тетіктері осыдан кейін бірден іске қосылып жүре берді. Осылай қанша жазықсыз жандардың нақақтан-нақақ жапа шегіп, қоғамның қарақұлақтары атанып, ел-жұртынан безуіне, ал енді біреулерінің жарық жалғаннан баз кешулеріне бастап баратын сүргінге жол ашылды. Республика басшысынан әлгіндей нұсқау алғаннан кейін ОГПУ-дың жаналғыштары әлекедей жаланып, шеті-шегі көрінбес қанқұйлы тірлікке бет қойды. Әуелі Біріккен бас саяси басқарма Мұстафаның туыстары мен жолдастарын іздеп, табу жөнінде жергілікті органға тапсырма береді. Бірақ, бұйрық бірден орындалған жоқ. Айтулы әулет адамдары жазалаушы мәшине оқпанына түсу үшін арада талай жылдар зырғып өтті. Осы аралықта ГПУ-дің жергілікті буынына көптеген жаңа тапсырмалар мен нұсқаулар жөнелтіліп жатты. Үшбу сәлемдерде жауларды анықтау сылбыр жүріп жатқаны баса айтылды. Біз бұл жерде жоғарыдағы газеттер редакцияларының қызметкерлері қандай зардап шеккендері туралы әңгімелеп отырған жоқпыз. Шынымызды айтсақ, оның жай-күйі бізге беймағлұм. Бірақ, айналымның қалай қарқын алып кеткенін жобалаймыз.
Енді сөз құрғақ болмас үшін кейінгі нұсқаулардың бірімен танысқанымыз жөн шығар.
“Біріккен Бас саяси басқарма
Оңтүстік Қазақстан бөлімінің бастығы Севергин жолдасқа.
Біз бұрын Парижде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқаевтың осы жердегі байланыстарын бақылауға алуды бұйырғанбыз. Жұмыс маңызы зор болғандықтан, сіздерге бірнеше ескерту жасап, тапсырманы орындауды талап та еттік.
Біздегі мәліметтер бойынша Қызылорда округінде тұратын Мұстафа Шоқаевтың туыстары мен жолдастары, яғни оның туған інісі Шоқаев Нұртаза, немере ағасы Қозымбетов Мырзакет, туысы Торғаев Алшы, жақын танысы Дәлетов Нұртаза және жолдасы Үсенов Жорабек онымен хат алысып тұрады. (Аталған кісілердің аты-жөндері архив құжаттары бойынша беріліп отыр – Ә.Б.).
1930 жылы қамауға алынған алашордалық М.Тынышпаев, Ж.Досмұхамедов, С.Ақаев және Қызылордада тұрушы Қоңырқұлжа Қожықов бұрын Мұстафа Шоқаевпен байланыста болған, оған қаржылай көмектескен. Сондықтан бұл байланыс Мұстафа Шоқаевтың туыстары арқылы қазір де жалғасып келеді деуге толық негіз бар.
Осындай жағдайға қарамастан, не оперативті сектордан, не облыстық бөлімнен бізге ешқандай мәлімет келіп түскен жоқ. Сол себепті төмендегі нұсқауды неғұрлым қысқа мерзімде орындаңыздар:
– Жоғарыда көрсетілген Мұстафа Шоқаевтың туыстары мен таныстарының тұратын жерлерін анықтап, олардың барлығын бақылауға немесе тексеруге алыңыздар.
– Тексеру барысында олардың Мұстафа Шоқаевпен байланысы бар ма екен, бар болса, ол қалай жүргізіліп келеді, хат немесе адам арқылы Мұстафа Шоқаев қандай мәліметтер алып жатыр және одан қандай нұсқаулар келіп түсуде? Осыларды анықтаңыздар.
– Осы аттары аталған адамдардың Алматыдағы және басқа жерлердегі ұлтшылдармен байланыстары бар ма? (Әсіресе, Қызылордада тұрушы Қожықов пен Ақаевтың байланыстары мұқият тексерілсін).
Бұл жұмыстардың нәтижесін арнайы хатпен бізге хабарлаңыздар.
Савицкий.”
Осыдан кейін жергілікті “қырағы көздер” істі көп кешеуілдеткен жоқ. Өте тез аралықта Мұстафаға әйтеуір бір қатысы бар кісілердің тізімін жасап шықты. Сөйтіп, С.Алдабергенов, Ж.Исаев, А.Пермухамедов, А.Есембаев, Н.Шоқаев, Ш.Урумов, М.Тоқмұхамедов (аты-жөндері құжаттар бойынша келтірілді- Ә.Б.) деген кісілер бақылауға алынды. Бұлардың барлығы кейін, 30-жылдардың екінші жартысында қуғын-сүргінге ұшырап, көпшілігі құрбан болып кетті.
Тап осы жылдарда Мұстафа Шоқаймен Парижде болған сапарында бір жүздесіп қалған атақты әнші Әміре Қашаубаев та Біріккен бас саяси басқарманың назарына іліккен еді. Енді қолда бар тергеу құжаттары мен басқа да мәнбелерге сүйене отырып, Әміре Қашаубаев қалай жазалау органдарының көзіне түскенін баяндап берейік.
Баршаға аян, орыс әншілері Долива-Саботнаций мен Ковалева, өзбек әншісі Кари Якубов пен биші Тамара Ханум, Әзірбайжан әншісі Шавкет Мамедов бар кеңес делегациясының құрамында Әміре 1925 жылғы 27 мамырда Парижде өткен дүние жүзі көрмесінің этнографиялық концертіне қатысты. Келесі күні ол тұрып жатқан мейманханадағы нөмірге Мұстафа Шоқай әдейі іздеп келіп, екеуі біраз әңгімелеседі. Әрине, кездесу Біріккен бас саяси басқарманың бақылауынан тыс қалмады. Осы жасырын жүздесудің ақыры “қазақ даласының бұлбұлы” үшін кейін көп қауіп-қатер мен зобалаң алып келді.
Бұл кездесуден соң біздің ОГПУ органдарында Мұстафа Шоқай мен Әміре Қашаубаевқа қатысты мынадай алғашқы хабарлама пайда болды:
“ШҰҒЫЛ АҚПАРАТ
Ұлттық қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижден келіп, губерниялық “Қазақ тілі” газетінің редакциясына кіріп, Париж сапары туралы айтып берді. Сонда эмигрант Шоқаевты (көрнекті алашордашы) көргенін айтты. Соңғысы, Қашаубаев сөзіне қарағанда, Қырғызстан (Қазақстан – Ә.Б.) өміріне қатты қызығып, ол жайлы жан-жақты сұрастырған. Сөзінің арасында оған (Шоқаевқа) біздің Тұрақты уәкіл Красиннің КСРО-ға оралуға ұсыныс жасағанын, бірақ өзінің репрессиядан қорқып, бас тартқанын айтқан.
Қашаубаевта Шоқаевтың фотосуреті бар. Қашаубаев әкелген театр газеті Шоқаевтың соңғы аудармасы туралы рецензия жариялапты.
Әңгімеге қатысушылардың бәрі Шоқаев жайында білуге қатты құмартып, Қашаубаевқа оның іс-әрекеттері мен көзқарастары хақында сұрақтар қойған. Қашаубаев жауаптан жалтарып, шын мәнінде онымен бұлар туралы әңгімелескен жоқпын, сондықтан білмеймін деген…”
Жар астынан жау іздейтін ГПУ-дың қандықол қасапшыларына титтей бір желеу болатын себептің өзі жетіп жатыр еді. Әйгілі әншінің басынан өткен мына оқиға олар үшін сондай іздегенге – сұраған, таптырмайтын жәйттердің бірі болып шыға келді. Бұлардың сандырағы бойынша енді Мұстафа Шоқаев Кеңестер Одағы аумағындағы ұлтшыл-буржуазиялық ұйымдармен Әміре Қашаубаевтың тікелей көмегі арқылы байланыс жасап тұрыпты-мыс. Жоғарыдағы мәліметтерді де әнші жолдап отырыпты-мыс. Арада аз уақыт өткенде, әлгіндегі ақпаратты негізге алған тағы бір құжат өмірге келді. ОГПУ меморандумы атанған ол былай сайрайды:
“№2 МЕМОРАНДУМ
Эмигрант Мұстафа Шоқаевты арнайы талдау.
1925 жылғы 1 қазандағы мәліметтер бойынша.
Тамыз айындағы №1 Меморандумға қосымша, Семей губерниялық органының агентуралық мәліметтері бойынша, әнші Әміре Қашаубаев Семейдегі “Қазақ тілі” газетінің редакциясына кіріп, редакцияның хатшысы Смағұловтың, қызметкері Дөнентаевтың және басқалардың қатысуымен өзінің Парижге барған сапары және онда көрнекті эмигрант Мұстафа Шоқаевпен кездесуі туралы айтқан… (Бұдан әрі жоғарыда келтірілген шұғыл ақпараттағы мәліметтер келтіріледі – Ә.Б).
Қозыбағаров пен Белгібаевтың сол мәліметтері бойынша, Парижден оралған Қашаубаев онда Мұстафа Шоқаевты көргенін айтқан. Соңғысы жуырда Берлиннен келген. Қазіргі таңда түрлі баспасөз органдарында қызмет істейді, Отанға оралуға үлкен ықыласы бар, бірақ қуғын-сүргіннен қауіптенеді. Қашаубаев Белгібаевқа Шоқаев пен өзінің Парижде түскен суретін ұсынады.
Оперативті мәліметтер бойынша, 1924 жылы күзде Ташкентке Германиядан оқуда болған студент Лапин-Мұңайтпасов (өлкелік РКП (б)-ның жауапты хатшысы Қожановтың қайнысы) қайтып келді. Лапин-Мұңайтпасов бірқатар таныстарына Мұстафа Шоқаевтың шет жерде тұрып жатқанын, бірде Германияда, бірде Францияда жүретінін жеткізген. Материалдық жағынан жағдайы нашар, ақ гвардияшыл газеттерге қызмет етеді. Лапин-Мұңайтпасов, Қожановтың кепілдігімен Мәскеу қаласындағы шаруашылық мекемелерінің біріне орналасқан.
Тамыздың жартысында Нұртаза Шоқаев (інісі) Мұстафа Шоқаевтың атына мынадай хат жіберді: “Сіздің хатыңыз дер уағында алынды, бірақ менің болмауыма байланысты қолыма сәл кешігіп тиді. Жергілікті жұрт аман-сау. Өткен қыста ағаңыз Жанғара қайтыс болды. Ағаңыз Ахан аман-сау. Биылғы жылы ағын су болмағасын, егін шықпай қалды. Басымыз аман болғансын, бұған қайғырып отырған жоқпыз. Нұртаза.”
Нұртаза 23 қыркүйекте Париждегі ағасы Мұстафа Шоқаевтан Парижде хат алады. Мұстафа Шоқаев “енді оқудың сәті” келгенін айтып, інісіне балаларын мектепке орналастыруды ұсынады. Соңында барлық жолдастарға сәлем айтуды сұрайды…
Біздің мәліметтеріміз бойынша, Ташкентте Мұстафаның жақсы досы болып келетін көрнекті ұлттық қайраткер Үбайдулла Ходжаев тұрады. Бір кезде Шоқаев шетелден Ходжаевпен байланысып тұрған”.
Уысына іліккен кісіден оңай құтыла салу қауіпсіздік органдары қызметінің салтында жоқ еді. Жоқтан бар, бардан зор шығарып, бос ауаны үрлей білер жүйе бұл жолы да әншіні босата салғысы келмеді. Осы сезікті бекіте түсу мақсатында қауіпсіздік қызметінің қырандары 1927 жылғы 14 мамырда Әміренің үйіне тінту жүргізіп, антикеңестік мазмұндағы кітаптар мен қолжазбалар іздеген. Саясатпен ешқандай шатағы жоқ, өзі жартылай сауатсыз әншінің үйінде не болсын, таудай үмітпен барған тіміскілеушілер мұны айғақтар бірде-бір мәнбе таппай, құр қол қайтады. Сонда да болса, олар белгілі ақын Иса Байзақовтың екі поэмасын өздерімен ала кетеді. Сол күні Әміре мен Иса Біріккен бас саяси басқарманың бастығы Каширин жолдасқа хат жазып, поэмалардың қолжазбаларын қайтаруды сұрайды. Біздің қолымызда сол хаттың да көшірмесі тұр.
“Бүгін, яғни 14-мамыр күні сіздің уәкілдеріңіз біздің үйге тінту жүргізді. Тінту кезінде Иса Байзақовтың екі поэмасы (өлеңдері) алынды. Неге алғаны бізге мүлдем белгісіз. Осы баяндалған жағдайға байланысты тінту кезінде алынған поэмаларды қайтару жөнінде нұсқау беруіңізді сұраймыз және не себепті тінту жүргізілгенін хабардар етсеңіздер.
Қол қойғандар: Байзақов пен Қашаубаев.”
Өкінішке қарай, басқарма бастығының өтінішке нендей жауап қайтарғаны, шығармалардың қайтқан-қайтпағаны бізге белгісіз. Белгілісі, осыдан кейін, 1927 жылғы 6 маусым күні Әміре Қашаубаев басқармаға шақыртылып, тергеушілер алдында жауап береді. Ал сол тергеудегі әншінің жауабының хаттамасынан үзінді келтірсек, мына жолдарды оқуға болады:
“…1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда “Дория” отеліне орналастым. Екінші күні қонақ үйге Мұстафа Шоқаев келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: “Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?” деген сауалдар да қойды. Мен “бар” деп жауап бердім. Бірақ, олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған “ешқандай білімім жоқ” деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: “Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр”, дедім. (Кейін бұл кісілердің неге алғашқылардың қатарында репрессияға ұшырағаны да енді бізге түсінікті – Ә.Б.).
Мұстафа өзінің Сұлутөбеде туып-өскенін және сол жердегі туыстарынан хат алып тұратынын, сонымен бірге Кеңес Одағына барғысы келетінін айтты. Кеңес одағының елшісі Красин оған елге қайта келуді ұсынған екен. Бірақ, ол жолға көп қаражат керек екендігін және өзіне қауіпті болатынын ескертті.
Тағы бір жолы Мұстафа Шоқаев мейманханаға келіп, актерлердің бәрін ресторанға қонаққа шақырды. Бірақ, актерлер әр түрлі себептерді сылтау етіп, ресторанға барудан бас тартты. Онымен бірге ресторанға тек мен ғана бардым. Ресторанға барған соң ол екі саптыаяқ сыра сатып алды. Екеуміз небәрі он бес минөттей бірге болып тарадық. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп, өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты-жөндерін қазақшалап жазып берді.
Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жатқанын сұрады. Мен Мұстафа Шоқаевтың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін. Кейіннен кітапшам із-түзсіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым. Бұл хатпен бұрын Қызылорда қаласында “Еңбекші қазақ” газетінің қызметкерлері Ахмет Елшібаев пен оның екі жолдасы танысқан. Соңғы екеуінің аты-жөндерін білмеймін…”
Міне, Әміре Қашаубаевтың тергеуге берген жауабы осы ғана. Егер соңғы кезде баспаларда жарияланған деректерге көңіл бөлсек, Мұстафа Шоқай Парижде және Майндағы Франкфуртте Әміремен бірнеше рет жасырын кездесіп, онымен ашық әңгіме жүргізген сияқты. Сол кездесулерде ол әншіге қазақтың біраз халық әндерін орындатып, шер тарқатқанға ұқсайды. Бірақ, Әміре тергеуде бұл турасында аузына алмайды. Шамасы, жаналғыштардың әрекеттерінен қорыққан, сосын белгілі деректерді ғана айта берген. Осыған орай ГПУ тергеушілері де оны жиі шақырып, қайта-қайта тергеп тұрған. Сондай бір кезекті тергеуден соң әйгілі әнші мынадай қолхат жазып қалдырыпты.
“ҚОЛХАТ
Мен, төменде қол қоюшы азамат Әміре Қашаубаев, Қазақстандағы Біріккен бас саяси басқарманың өкілетті өкіліне жауапта көрсетілген мәліметтерді, өзімнің Парижде болғанымды, Мұстафа Шоқаевпен кездесуімді, оның Байтұрсыновпен және Дулатовпен байланысы бар екенін құпия сақтайтынын айттым, оған Байтұрсынов қызмет істеп, Дулатов әдебиетпен айналысып жүр дедім.
Мұстафа Шоқаев өзінің Сұлутөбеде туып-өскенін, сол жердегі туыстарымен хат алысып тұратынын айтты. Сонымен қатар бұл жөнінде ешқандай жағдайда да ешкімге айтпаймын. Егер бұл қол қойған шартты бұзатын болсам, қылмыстық кодекстің баптарымен қылмыстық жазаға тартылатыным ескертілді.
Осыны растап қол қоямын.
Қашаубаев.
5. VІ. 27 ж.”
Осылайша қанша ант-су ішсе де, қауіпсіздік органдары Әміре Қашаубаевқа оншалықты сене қоймаған. Сондықтан оны аңдуды одан әрі жалғастыра түскен. Комитеттің “құпия” деген арнайы белгі соғылған құжаттарының біріне мынадай бұрыштама жазылыпты: “За Кашаубаевым установлено наблюдение с целью выявления – не привез ли он кому-либо переписку от Чокаева и не получил ли от него более серьезные сведения или задания.” Не дегенде де, жазалаушы топ Қазақстанның қайдағы бір тірлікте жоқ, қиялда тұрған ұлтшыл-буржуазиялық ұйымымен Мұстафа Шоқай байланысты Әміре арқылы жүргізіп отырған деген болжамды ойдан шығарып алғаны осы тергеу материалдарынан айдан анық аңғарылады. Архивтік деректерге қарағанда, Әміре Қашаубаев, Алашорда ұйымының мүшесі ретінде Иса Байзақовпен және Мұхтар Әуезовпен бірге бір тергеу ісінен өтеді. Олардан осы мәселеге орай бірнеше рет жауап алынады. Тергеу көбінесе түнгі мезгілде алынған және әр жолы олар 3-4 сағатқа дейін созылып, жауапқа тартылғандар түн жарымынан ауа қайтарылған. Бір тәуірі, аталмыш тұлғалар жауап алу кездерінде қаншама қысым мен қиянат көргендерімен, өздеріне жағылған жаланы мойындамапты.
Дегенмен, осы үшеудің ішінде әйгілі әншінің шеккен зардабы бізге басым көрінеді. Себебі, жоғарыдағыдай тергеулерден кейін ол үлкен сахнаға көп жіберіле бермейді. Шын мәнінде Әміре өз қызметінен шеттетіліп, қоғам өмірінен тыс қала бастайды. Бұл – бір. Екіншіден, ұзақ уақыт бойы ОГПУ органдарының бақылауында жүруі замандастары арасында оны сол қауіпсіздік қызметімен байланысы бар, деген күдік туындауына бірден-бір себепші болады. Сөйтіп, қайран әнші екі жақтан күйеді. Ақиқатын айтсақ, Әміре ешқашан ГПУ-ға қызмет жасайтын жансыз болған жоқ еді. Парижде Мұстафа Шоқаймен бір рет кездесемін деп, соншалықты зобалаңды бастан кешкен ол 1934 жылы аяқ астынан, жұмбақ жағдайда бақилыққа озып жүре берді. Бар-жоғы бір сапардың барысындағы кездесуден туған дүрбелең осындай болатын.
Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі.
ҚЫЗЫЛОРДА.
28 сәуір, 2004 жыл.