• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2012

“Чудо чемоданы” бар ағай

700 рет
көрсетілді

“Чудо чемоданы” бар ағай

Дүйсенбі, 31 желтоқсан 2012 0:48

“Советский спорт” газетінің тігінділерін ақтарып отырып, 1986 жылы жарық көрген “В тени вершин” атты мақалаға көзім түсті. Онда газет тілшісі Валерий Поваляев былай деп жазған екен: “Осыдан бірер жыл бұрын Ленинград облысының альпинистері Шымбұлақтағы Аманкелді шыңын бағындыруға тәуекел етті. Бұл команданы еліміздің үздік альпинистерінің бірі Валерий Н. бастап келді. Кең байтақ Отанымыздың барлық биіктеріне табаны тиген сақа спортшының өз-өзіне сенімді болғаны соншалық, бұл жолы еш қауіпсіздік шараларын сақтамай, топтың алдында жүрді.

Дүйсенбі, 31 желтоқсан 2012 0:48

“Советский спорт” газетінің тігінділерін ақтарып отырып, 1986 жылы жарық көрген “В тени вершин” атты мақалаға көзім түсті. Онда газет тілшісі Валерий Поваляев былай деп жазған екен: “Осыдан бірер жыл бұрын Ленинград облысының альпинистері Шымбұлақтағы Аманкелді шыңын бағындыруға тәуекел етті. Бұл команданы еліміздің үздік альпинистерінің бірі Валерий Н. бастап келді. Кең байтақ Отанымыздың барлық биіктеріне табаны тиген сақа спортшының өз-өзіне сенімді болғаны соншалық, бұл жолы еш қауіпсіздік шараларын сақтамай, топтың алдында жүрді. Діттеген жерге санаулы қадамдар қалғанда қолы тайып кеткен ол құлдилап, төмен қарай ұшып кетті. 50 метрдей биіктіктен құлаған Валерий тау-тасқа, мұзға соғылып, омбы қардың үстіне түсті. Бірер минөт ол өмір мен өлімнің арасында жатты. Алайда, бағына орай сол мезетте оның қасынан табылған жергілікті дәрігер Жеңіс Аязбаев әйгілі альпинисті ажал тырнағынан аман алып қалды…”.

Кезінде төрткүл дүниенің алтыдан бір бөлігін бауырына басқан Кеңес Одағының бүкіл спорттық идеологиясын жүргізген белді басылымның басты кейіпкеріне айналған ол азамат кім? Қазір не істейді? Қайда тұрады? Міне, осындай сауалдар мазалаған біз оны іздеп табуға тәуекел еттік.

Жеңіс Аязбаев 1946 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауылында дүниеге келді. Жастайыннан спортқа бейім болған бала Алматыдағы медицина институтында оқып жүрген кезде бокспен айналысты. Спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындағаннан кейін былғары қолғабын шегеге іліп, дәрігерлік мамандыққа ден қойды. Еңбек жолын аталмыш облыстың Жаркент ауданындағы “Көктал-Арасан” шипажайында бастаған Аязбаевтың кезінде спортпен айналысқанын ескеріп, 1976 жылы Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы базасына қызметке шақыртады. Сол аралықта ол жарақат, психология, инетерапия мамандықтарына бейімделіп, Мәскеуде білімін жетілдірді. Өз ісінің білгірі 1976 жылдан бастап, Одақ тарағанға дейін табаны күректей 15 жыл бойы тау шаңғысынан КСРО құрамасының дәрігері болып қызмет істеді.

 

– Мен қызметке ор­наласқан жылдары Шым­бұлақтағы шаңғы базасының атағы дүркі­реп тұрған, – деп бастады өз әңгіме­сін Жеңіс Рақымбекұлы. – КСРО-ның ығай мен сығайларының барлы­ғы сол жер­ге келіп жаттығатын. Жыл сай­ын қараша айынан бастап, нау­рыз­ға дейін Одақ­тың ересектер, әйел­дер, жастар, қыз­дар, жасөспірімдер құрама коман­далары оқу-жаттығу жиынын Шымбұ­лақ­та өткізеді. Үлкен спортта жара­қат­тардың жиі болаты­нын өздеріңіздер де білесіздер. Тау шаңғысында, әсіресе, аяқ пен қолдың сынуы, бас-сүйектің за­қымдану фак­тілері көп кездеседі. Кү­ніне қырыққа жуық адам түрлі жарақат алады. Соларға алғашқы медициналық көмек көрсету менің міндетім.

– Жеңіс аға, Қазақстанда меди­цина саласы бойынша білікті мамандар аз емес. Алайда, білдей бір құраманың дәрігерлігіне сізді неге тағайындады деп ойлайсыз?

– Оған кезінде спортпен айна­лыс­­­қа­ным өз септігін тигізді. Спорт­шының пси­хологиясын спортпен етене таныс адам ғана түсінеді. Оның үстіне, КСРО-да тауда шаңғы тебе алатын екі-ақ дәрігер болды. Соның бірі – мен, екіншісі – мәскеулік Ген­надий Моты­гин. Сол себептен де таңдау маған түс­кен болар. Өйткені, тау шаңғышы­ла­ры­ның жаттығулары мен жарыстары 4-5 шақырым биіктікте, тау-тастардың ар­асында өтеді. Сол жерде біреуі ауыр жарақат алса, көлік жете алмайды. Жаяу барғанша адам өліп қалуы немесе сырқаты асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан да құрамаға шаңғы тебе алатын дәрігерлер қажет болды.

– Кезінде “Советский спорт” газетінің назарына ілігу қатардағы қа­ра­пайым дәрігер тұрмақ, ел спортына еңбек сіңірген саңлақтар үшін де зор абырой еді ғой. Сіз жайында аталмыш басылым көлемді мақала беріпті. Сол оқиға қалай өрбігені жөнінде өз аузыңыздан естісек деп едік?

– Мен Тұйықсудан шаңғы теуіп келе жатқанмын. Қарасам, ат шап­ты­рым жерде бір топ адам тұр. Не бо­лып қалды екен деп, қастарына жет­сем, жерде бет-аузы қанға боялған біреу жа­тыр. Сұрастыра келе бұл жігіт Аман­кел­ді шыңын бағындыруға кел­ген Ленинград облысы альпинис­тері­нің же­тек­шісі екенін анықтадым. 50 метрдей биіктіктен құлапты. Бір уақытта ол қорылдай бастады. Ал адам қорылдаса, бір минөттің ішінде жан тәсілім ететіні медицинада әлде­қашан дәлелденген. Қасында не істерін білмей, есі шығып команда­ның дәрігері Кусикянц тұр. Мен бел­беуімдегі шокқа қарсы дәріні алып, жүрегіне укол салдым да, “қолдан демалдыру” (исскуственное дыхание) жасадым. Бірер минөттен кейін та­мыр соғысы қайта пайда болды. Содан тірілтіп алып, мед­пункт­­ке алып келдім. Бетін 18 жерден тіктім. Бірер аптадан соң альпинист жігіт сауығып кетті. Ал араға екі-үш жыл салып, “Советский спорттың” тіл­шісі Алматыға арнайы келіп, мені іздеп тауып, газетке көлемді мақала берді.

– Бұныңыз нағыз ерлік екен! Со­дан кейін ол кісімен қайта жолық­тыңыз ба?

– Иә, екеуміз екі мәрте жолық­тық. Алғаш рет 1983 жылы, екінші рет 1991 жылы кездестік. Қазір Валера Санкт-Петербургте тұрады, ірі бизнесмен. Үйінде қонақта болдым. Обалы не, көрген жерде жаны қалмай тұрады. Туған-туыстары, достарына: “Бұл менің құтқарушым, екінші құдайым”, – деп таныстырады.

– Бір кездері ғарышкерлердің Шымбұлаққа жиі келіп, шаңғы теуіп, таудың саф таза ауасымен тыныстап қайтатын өзіндік бір дәстүрлері болатын. Солармен бірге жұмыс істегеніңіз жайында да құлағдармыз…

– Таулы жерлерде шаңғы тебу ғарышкерлер үшін аса қажет. Содан 1982 жылдан бастап, 1992 жылға дейін наурыз айында олар екі аптаға жуық уақытты Шымбұлақта өткізуді әдетке айналдырды. Бір күні Кеңес Одағының екі мәрте батыры, Бүкіл­одақ­тық тау шаңғысы федерация­сы­ның төрағасы Георгий Гречко мені шақырып алып, ғарышкерлерге шаңғы тебуді үйретіңіз деді. Мен қуана-қуана келістім. Осы­лай­ша 10 жыл ішінде аты аңызға ай­нал­ған азаматтармен танысып, кейіннен солардың көбімен достасып та кеттік.

– Ғарышкерлердің арасында да сіздің көмегіңізге жүгінгендер болды ма?

– Болғанда қандай! Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Владимир Ак­се­нов шаңғы теуіп жүріп, иығын шы­ғарып алған екен. Жарақат алған жеріне дер кезінде жетіп, иығын салып бер­дім. Сөйтіп, дәрігерлер арасында бе­де­лім бір өсіп қалған. Әй­гілі ғарыш­кер­лер Анатолий Левченко, Николай Руковищниковты емдедім. 1984 жылы дай­ындық тобында жүр­ген Тоқтар Әу­бә­кіровпен танысып, кейіннен отба­сы­мызбен араластық. Атақты ақын Олжас Сүлейменовке шаңғы тебуді үйреттім. Ол кісі әлі күнге дейін: “Менің жеке бапкерім әрі дәрігерім”, – деп әзілдейді. Міне, осындай адамдармен тағдыр мені Шымбұлақта табыстырды.

– Одақ тарағаннан кейін ең керемет мұз айдыны Медеудің де, көркіне көз тоймайтын Шымбұлақтың да басынан бағы тайды емес пе. Баяғы дүркіреген жарыстар өтпейтін болды, кіл мықтылар­дың бас қосатын ежелгі дәстүрі күрт үзілді. Сол қиын-қыстау кезеңде талай майталман мамандар жұмыссыз қалды. Ал сіздің тағдырыңыз қалай болды?

– Біздің де біраз қиналып қалған кезіміз болды. Бірақ, адам болғаннан соң тіршілік ету керек. 1996 жылға дейін сол Шымбұлақта жұмыс істе­дім. Содан кейін Алматыда жеке ка­би­­не­тімді ашып, өз ісімді жалғас­тырдым.

– Жәке, сізді боксшылар бәсеке­сін­де жиі кезіктіріп жүрміз. Бұл өзі­ңіз­дің шаршы алаңда өнер көрсеткен жыл­дарыңызды сағынғандықтан ба, әлде құраманың бапкерлері сізді дәрі­гер ретінде жарыстарға арнайы шақыра ма?

– Мен өзімді Қазақстан боксы­ның шынайы жанкүйерімін деп есептеймін. 1996 жылдан бері біздің жігіттерге көмектесіп келемін. Өз қаражатыммен бірнеше жарыстарды көріп қайттым. Боксшылар өздері келіп: “Аға, мына жерім ауырып тұр, көмектесіңізші”, – деп өтініш жасай­ды. Қолдан келген көмегімді аяған емеспін. Және де еңбегім үшін еш ақы алмаймын. Бәрін де қоғамдық негізде, өз еркіммен атқарып жүрмін.

– Нақты қай боксшыға, қандай жағдайда көмек көрсеттіңіз. Енді соған тоқталсақ?

– Көп адамға көмегім тиді. Мә­се­лен, 1998 жылы бапкерлер Бекзат Саттархановты жастар арасындағы әлем біріншілігіне апармаймыз деген. Өйткені, мұрнынан түртіп кетсең, қан саулап ағады. Ал бокста екі соққының бірі тұмсыққа тиетінін білесіздер. Бек­зат­тың бапкері Анатолий Визиря­кин Алматыда дәрігерге барса: “Оған бокс­пен айналысуға болмайды, қан тамыр­лары нәзік”, деп шығарып са­лыпты. Төрт күннің ішінде мұрнынан қан кетпейтіндей етіп, емдеп бердім. Бекзат әлем біріншілігінде екінші орын алды. Кейіннен Сиднейден орал­ғанда біздер халық болып спорт­шыларымызды әуежайда қарсы алдық. Сонда Бекзат анасына: “Мені чемпион еткен Жеңіс ағам”, – деп таныстырып жатты. Сол сәтте төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды. Сондай-ақ, Ермаханның оң иығы кейде көтертпей қалатын. 1999 жылы Ташкентте емдеп берген едім, сол жарыста жеңімпаз атанып қана қоймай, құрлықтың ең үздік боксшы­сы деген арнайы сыйлықты иеленді. 2001 жылы Белфастағы әлем чем­пио­наты қарсаңында Галиб Жафаровтың оң қолының қан тамырлары жары­лып кетіпті, соны қалпына келтірдім. Галиб елге күміс медальмен оралды. Ұмыт­па­сам, сол жылы Будапеште жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Жа­рысқа кешігіп жетсем, 1/8 финалдық бәсекелер өтіп жатыр екен. Та­ныс кімдер бар екен деп жан-жа­ғы­ма қарасам, бір бұрышта Геннадий Головкин отыр. Жүзі қатулы, көңіл-күйі жоқ. “Гена, жағдай қалай?”, – деп қасына жақындадым. Ол: “Аға, ауырып отырмын. Мына түріммен жарысты жалғастыра алмаймын”, деп терең күрсінді. Сөйтсек, Гена салмақ қуғаннан кейін, мұздай бассейнге сүңгіген. Ертесіне ұйқыдан тұрса, желкесін суық ұстап, мойнын бұра алмай қалыпты. Мен дереу іске кірістім. Екі-үш сағаттай мойнын уқалап, басқа да ем-домын жасадым. Кешке дейін ауыруынан айығып кеткен Головкин сол жарыстан әлем чемпионы атанып оралды.

– Сізді атағы жер жарған Стивенсонды да емдеді дейді ғой. Сол рас па?

– Еш өтірігі жоқ, дәл солай. 1999 жылы Куба боксшылары Қазақ­стан командасымен бірлескен оқу-жат­тығу жиынын өткізу үшін Алма­ты­ға келді. Арасында атақты Тео­фило Стивенсон да бар. Бай­қа­сам, оң аяғын сылтып басады. Алпам­­са­дай азаматқа ақсап жүру жараспайды екен. Қасындағы аудар­машыны жеке шақырып алып, не болғанын сұрашы дедім. Ол бейсбол ойнап жүріп, тізесіне абайсызда таяқша тиіп кеткенін айтты. Куба дәрігерлеріне көрсетсе, олар дұрыс емдей алмаған екен. Содан Теофило екеуміз 10 минөт­тей сөйлестік те, мен оны емдеуге кірістім. Тізесіне зақым келіп, сүйектері шытынаған екен. Небәрі 22 күннің ішінде Стивенсонның аяғын зыр жүгіруге жарайтындай етіп емдеп бердім.

– Бокс секілді аса күрделі спорт түрінде небір ауыр жарақаттар бо­ла­ды. Алайда, “Жаным арымның са­дағасы” деген қағиданы ту еткен отты жігіттеріміз жарыс барысында жа­рақат алғандарына қарамастан, жек­пе-жектерін жалғастырып жата­ты­­ны жасырын емес. Сондай жағ­дай­ға сіздің кезіккен кезіңіз болды ма?

– Қандай жарақат болса да, оның асқынып кету қаупі бар. Сон­дық­тан да дәрігердің міндеті оны қа­жет­ті деген адамдарға айту. Бірақ, кей­де спортшыға жаның ашиды. Мы­салы, боксшы қолы­ның сүйегін шы­тынатып алды де­лік. Ондай жағ­дай­да олар жарақа­тын жасырып, дәрі­герлерге көрсет­пей­ді. Өйткені, дәрі­гер білсе, бокс­шыны жарысқа жібермей қояды. Содан кейде олар жа­сырынып ма­ған келеді. “Аға, еш­кім­ге айтпай-ақ қойыңызшы”, деп өтінеді. “Бауы­рым, мына қолмен қалай жұдырықтаспақсың, асқынып кетсе қайтесің”, деп ақыл айтсам, “Жеңіс аға, бағымды байламаңыз, ер­теңгі күн мен үшін ең жауапты күн. Бәлкім, үлкен спорттағы соңғы мүм­кіндігім шығар”, деп жыларман болады. Тепсе темір үзетін жігіттер алдыңа келіп, өлердегі сөзін айтып тұрса, қалай бетін қайтарасың. Қо­лым­нан келген емімді жасап, өз­ге­лер­ге тіс жармай жарысқа қосып жіберемін.

– Жасыңыз үлкен болса да, боксшылар сізбен әзілдескенді жақсы көреді екен. Бәлкім, мінезіңіз жайлы, көңіліңіз ашық, жүзіңізден жылулық шашып тұрғандықтан шығар. Мысалы, сізді анадайдан көрген жігіттер: “Қолында чудо-чемоданы бар ағай келе жатыр ”, деп әзілдейді…

– Қытайлар: “Әр адамның дене­сінде көптеген арна бар. Соның бірі жа­былып қалса, ол ауруға шал­ды­ғады”, дейді. Менің қолымдағы аппарат соны ашу үшін қажет. Бұл кезінде әскери зауытта, арнайы тапсырыспен, ғарышкерлер үшін жасалған құрал. Осы іспеттес құрал ТМД аумағында тек үш-ақ жерде бар. Бірі – Қазанда, екіншісі – Ижевскіде, үшіншісі – Алматыда, яғни менде. Оны кезінде ғарыш­керлермен жұмыс істеп жүргенде “Медико-биологиялық проблемалар институты” деп аталатын жасырын ғылыми-зерттеу институтының директоры, “Саяхатшылар клубы” бағдарламасының жүргізушісі Юрий Сенкеевичтің өзі маған сыйға тартқан. Осымен талай адамды емдедім. Боксшылардың “чудо-чемодан” деп шығарып жүргендері сол ғой.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,журналист.

25 ақпан, 2004 жыл.