«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Жастар жылының ашылуына қатысты пікір білдірді.
«Жастар жылы» арқылы елімізде алғаш рет жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетудің кешенді шаралары қабылданып отыр. Осылайша, Елбасымыз ұзақмерзімді мақсаттарымызға қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп берді. Сондықтан Қазақстан жастарға үлкен сенім арта отырып, дамудың келесі жаңа кезеңіне қадам басты деуге әбден болады», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар салтанатты іс-шараның «Нұр Әлем» болашақтың энергиясы ЭКСПО-музейінде өтуінің себебіне тоқталды. М.Әшімбаевтың айтуынша, Тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен, «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің ең озық жоғары оқу орындарында білім алған, санасы ашық, тың идеяларға бай біздің бүгінгі жастарымыз – еліміз үшін нағыз болашақтың энергиясы. Бұл – тәуелсіздік ұрпақтарының ел дамуына нақты үлес қосып, Қазақстанды жаңа биіктерге бастайтын кез келгенін білдіреді.
«Жалпы қазақ ежелден жастардың күш-қуаты мен әлеуетіне ерекше мән беріп, қашанда өскелең ұрпаққа үлкен сенім артқан халық. Оған ата-бабамыздан қалған «ақыл – жастан», «жас келсе іске» деген сияқты қанатты сөздер дәлел. Осы тұрғыдан келгенде, биылғы «Жастар жылының» маңызы зор.
Сонымен қатар қазіргі таңда бүкіл әлемнің күрделі өзгерістерді бастан кешіріп жатқанын да көріп отырмыз. Дүние жүзінде цифрлы қоғам мен білім экономикасына негізделген жаңа жаһандық өркениет белең алып келеді. Сол үрдістерге сай болуымыз үшін де жастарға жағдай жасаудың берері мол», деді М.Әшімбаев.
Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Жастар жылында науқаншылыққа бой алдырмай, нақты істерге жол беру қажеттігіне назар аударды.
«Елбасы атқарар жұмыстарымыздың бағыт-бағдарын бағамдап берді. Атап айтқанда, Елбасы қазақстандық жұмысшы жастардың баспаналы болуын қамтамасыз ету үшін еліміздің үш мегаполисінде жалдамалы баспана арқылы берілетін тұрғын үйлер салуды тапсырды.
Одан бөлек, жастарды жұмыспен қамту мәселесінде де жаңа бастамалар қолға алынбақ. Соның ішінде жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсететін «Жас кәсіпкер» жобасын айрықша атап өткен жөн. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтар тізімінің кеңеюі мен төленетін жәрдемақының көбеюі де ауыл жастарына көрсетілген үлкен қолдау екені сөзсіз», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ Елбасы жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлгенін атап өтіп, жас ғалымдарға берілетін гранттарды көбейту, қашықтықтан оқыту, жастардың дұрыс мамандық таңдауына ықпал ететін «Жас маман» жобасын жүзеге асыру, қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген ерікті студенттердің стипендиясын өсіру сияқты нақты тапсырмалар Қазақстан жастарына беріліп отырған мол мүмкіндік екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау және еліміздің экожүйесі мен туризмді дамыту мәселесіндегі жастардың рөлін де назардан тыс қалдырмады. Олардың әскери-патриоттық тәрбиесі мен отбасылық құндылықтардың сақталуы да Елбасы тоқталған өзекті мәселелердің бірі болды. Мұның барлығы әлемде болып жатқан үрдістер мен өзгерістерден туындап отырған қажеттіліктер. Өйткені дәл қазіргі кезеңде тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың бірден бір жолы жастардың әлеуетін тиімді пайдалану және оларға лайықты жағдай жасау. Сондықтан Елбасы айтқан тың бастамалар елдігіміздің іргесін одан әрі бекітіп, тәуелсіздігімізді күшейту жолындағы игі істерге тың серпін береді деп сенеміз.
Мемлекет басшысы осы істердің сапалы әрі уақытылы орындалуын «Нұр Отан» партиясына тапсырып, барша нұротандықтар мен партиямыздың «Жас Отан» жастар қанатына үлкен сенім артып отыр. Сондықтан біз Мемлекет басшысының «Жастар жылына» қатысты барлық тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, елдік мүдде жолындағы игілікті іске өз үлесімізді қосатын боламыз», деді М.Әшімбаев.