Бұл туралы облыс әкімі аппарат мәжілісінде ескертті. Бүгінге дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша банктерге 1 млрд. 407 млн теңгені құрайтын 206 өтініш түскен, соның 119-ы қанағаттандырылды.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбековтың айтуынша, облыста осы бағдарламамен жұмыс істеуге екінші деңгейлі 6 банк – «Банк Центркредит», «Қазақстан Халық банкі», «АТФ Банк», «Forte банк», «Цесна банк», «Сбербанк» АҚ кірісті.
«Өткен жылдың аяғына қарай банктерге 352 бюджеттік пәтерлер берілген болатын. Оның ішінде 118 пәтердің 103-ін «Бәйтерек Девелопмент» АҚ қоғамы өздері сатты. Үш пәтерді «7-20-25» бағдарламасына берді, 12 пәтер әлі сатылған жоқ. Қостанай қаласының әкімиаты берген 99 пәтердің 25-іне сатып алу-сату келісім шарты рәсімделді, қосымша 60 құжат азаматтардың төлем қабілетін анықтауға жіберілді. Тұрғындар тарапынан пәтерге сұраныс бар. Ал Қостанай ауданында бағдарлама бройынша 135 пәтер сатылды, оның ішінде 29-ына сұраныс «Fortebank» арқылы қабылданды» - деді Нұрлан Қатарбеков.
Дегенмен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов екінші деңгейлі банктер таранынан тұрғын үй бағдарламасына мүдделіліктің мардымсыз екенін айтты.
«Екінші деңгейлі банктердің барлығы бірдей тұрғын үй бағдарламасына белсенді,сапалы қатысып отырған жоқ. Менің тұрғындармен кездесулерімде банктердің оларды құжаттарын көрсетуде әру-сарсаңға салатыны көп айтылады. Банк менеджерлері уақытылы кеңестер бермейді. Адамдардың да уақыты аз екенін олар ойлауы тиіс, өйткені жұмыс күндері олар жұмыста, демалыс күндері банктер жұмыс істемейді. Банктер қызығушылық, мүдделілік танытпайды. Жергілікті әкімиаттар үйлерді салып жатыр, дер уақытында тапсырады, бірақ әрі қарай жұмыс жүрмейді. Банк филиалдары ұсақ-түйек үшін бас басқармаларымен ұзақты күн кеңеседі. Жергілікті жерде олар іске жауапкершілік алуына болады ғой? Бағдарламамен үйлерді әлеуметтік аз қорғалған отбасылар, азаматтар алады. Сондықтан жергілікті филиалдарына банктер қандай да бір өкілеттіктер беруіне болмай ма?» - деді Архимед Бегежанұлы.
Сонымен қатар, өңір басшысы тұрғын үй бағдарламасының механизмі туралы тұрғындардың жеткілікті ақпараттандырылмағанын да айтты. Әсіресе, ауылдағы ағайындардың бұл туралы білетіні тым аз. Ол ауылдағылар да бағдарламаның белсенді қатысушысы болуы мүмкін. Олар да қаладан үй алғысы келетіні, зейнет жасында қалада тұрғысы келетінін айтты.
2019 жылы Қостанайда «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтерлер былтырғыдан да көп сатылатын болады. Мысалы бір «БК-Строй» құрылыс компаниясының өзі жаңа «Юбилейный»тұрғын ауданында 252 пәтерді «7-20-25» бағдарлдамасымен сатуға шығаратын болады. Екінші деңгейлі банктер арқылы былтырғыдан сатылмай қалғаны, биылғы тапсырылатыны бар, барлығы 500-дей пәтер сатылады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
Қостанай