• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2012

Қазақ абыройының асқан жылы

686 рет
көрсетілді

Қазақ абыройының асқан жылы

Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:18

Қазақстан егемендігін жариялап, тәуелсіздік алған жылдардан бері спорт саласында дәл биылғы тәрізді толағай табысқа жеткен емес. Қазақ елінің спорт саңлақтары осы жылы өткен XXX Лондон Олимпиялық ойындарында тарихта тұңғыш рет жалпы командалық 12 орынға табан тіреді. Сөйтіп, әлемдегі ең ірі спорт державаларының маңайынан ойып орын алып, алғашқы жиырмалықтың алдыңғы легін бастады. Бұл, сөз жоқ, Елбасының Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері спорттың дамуына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасап келе жатқанының арқасында мүмкін болды. 

Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:18

Қазақстан егемендігін жариялап, тәуелсіздік алған жылдардан бері спорт саласында дәл биылғы тәрізді толағай табысқа жеткен емес. Қазақ елінің спорт саңлақтары осы жылы өткен XXX Лондон Олимпиялық ойындарында тарихта тұңғыш рет жалпы командалық 12 орынға табан тіреді. Сөйтіп, әлемдегі ең ірі спорт державаларының маңайынан ойып орын алып, алғашқы жиырмалықтың алдыңғы легін бастады. Бұл, сөз жоқ, Елбасының Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері спорттың дамуына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасап келе жатқанының арқасында мүмкін болды. 

Расында да Лондон Олимпиадасы Қазақстан спорты тарихындағы ең бір жарқын беттердің біріне айналды. Тұ­манды Альбион жерінде біздің үкілеп аттандырған үміттеріміз басында межеленген 13 медальді түгелдей қоржынға салды. Бір ғажабы, бұлардың 7-уі бір­дей алтын жүлде болып шықты. Бұл ешкім күтпеген жаңалық еді. Топ баста­ған осы 7 алтын медальды 1 күміс, 5 қола медаль алқалады. Осы толағай та­быс­тар біздің ертеңге қол созған егемен елімізді тағы бір биік белеске көтеріп тастады. Қазақстанның әлем қоғам­­дастығы алдындағы беделі мен абыройы бірден бұрын болмаған дәрежеде шарықтап көтеріліп кетті.

Бұл жемісті жетістіктер дүние жүзі жұртшылығы үшін, біздің өзіміз үшін қаншалықты күтпеген нәтиже, ойла­ма­ған оқиға саналғанымен, оның себебі мен салмағы тым негізсіз де емес-тін. Еліміз егемендікке қол жеткізген ал­ғаш­қы елең-алаң кезден бастап, сол тұстағы экономикалық ахуалымыз он­ша­лықты мықты бола қоймағанына қа­рамастан, біздің республикамызда спорт­тың дамуы мен саңлақтары­мыз­дың халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетулері үшін қолдан келген көмектің барлық түрі жасалып жатты. Соның арқасында Қазақстан тәуелсіз­дікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет атанғаннан кейінгі өзінің бірінші Олимпиадасында – 1996 жылы Атлантада өткен ойындарда айды аспанға шығарып, әлемнің 197 елі арасында 24-орыннан табылды. Сол дүбір­лі додада біздің алдымызға кешегі кеңестік республикалардан тек Ресей мен Украина спортшылары ғана түсе алды. Мұның өзі дүйім дүние үшін күт­пеген жаңалық болды. Тарихта тұңғыш қатысқан сол Олимпия ойындарында біздің саңлақтарымыз 3 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлделерді, барлы­ғы 11 медальды жеңіп алды. Осы ретте біздің Олимпия ойындарындағы шы­мыл­ды­ғымызды ашып беріп, жүлделеріміздің тұсаукесерін жасап кеткен асыл ерле­рі­міздің аттарын тағы бір мәрте атап өтіп, өздеріне ризалық сезімімізді білдірген­нің артықтығы болмас. Олар алтыннан алқа таққан боксшы Василий Жиров, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин, күміспен күптелген боксшы Болат Жұмаділов, ауыр атлет Анатолий Храпатый және екі бірдей екінші орынды еңсерген мерген Сергей Беляев, қола медальды қоржынға басқан бокс­шылар Ермахан Ибрайымов пен Болат Ниязымбетов, еркін күрес шебері Мәу­лен Мамыров және мерген Владимир Вохмянинов болатын.Бұдан кейін, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасында да жүзіміз жар­қын, еңсеміз биік болды. Мұнда алдың­ғыға қарағанда, жүлдеміздің саны аз болғанымен, 199 елдің апайтөстері арасында 22-орынды иемдендік. Бізді бұған саңлақтарымыз салған 3 алтын және 4 күміс, жиынтығы 7 медаль жет­кізді. Алтын жүлдені боксшыларымыз, жиырма жасында жасындай жарқ етіп өмірден өте шыққан аса талантты бауырымыз Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов және жеңіл атлет Ольга Шишигина әперсе, күміс медальға бокс­шыларымыз Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков, велоспортшы Александр Винокуров пен еркін күрес шебері Ислам Байрамуков қол жеткізді. Бұл жолы да командалық есепте кеңес кезеңінен шыққан елдер арасынан Ресей мен Украина ғана біздің алдымызға түсе алды. Мұның есесіне, 2004 жылы Афина төрінде бұрынғы позициямызды аздап беріп алғандай көріндік. Ежелгі Эллада топырағында 204 елдің ішінде 40-тұғырға тұрақтадық. Сонымен бірге, алдымызға бұрынғы Ресей мен Украинадан бөлек, Беларусь, Грузия және Өзбекстан сынды посткеңестік елдерді жіберіп алдық. Бірақ, Аллаға шүкір, біз үшін сәл көңіл қоңылтақ­сы­ған сол доданың өзінен алтын жүлдесіз қайтқанымыз жоқ. Оны бізге боксшы Бақтияр Артаев сыйлады. Жалпы, қо­ры­мызға 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль түсті. Сөйтіп, жүлде санын 8-ге толтырдық. Аламанда боксшы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, грек-рим күресінің өкілі Георгий Цурцумия, еркін күрес балуаны Геннадий Лалиев күміс медальдың иегерлері атанса, онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресшісі Мхитар Манукян қола медальды қоржынға қосты. Ал Бейжің Олимпиадасы біз үшін медальдың саны жағынан көптігімен ерекшеленді. Бі­рін­ші рет Аспанасты елінде 13 медальды мойынға тақтық. Олардың 2-уі алтын, 4-уі күміс және 7-уі қола марапаттар болып шықты. Соның ішінде алтын медальды ауыр атлет Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев еншілесе, күміс медальды ауыр атлеттер Ирина Некрасова мен Алла Важенина, дзюдошы Асхат Житкеев және еркін күрес майталманы Таймураз Тигиев әкелді. Ал қола медальға балуан қыз Елена Шалы­гина, грек-рим күресінің шебер­лері Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов, еркін күрес өкілі Марид Муталимов, ауыр атлет Мария Грабовецкая, боксшы Еркебұлан Шынәлиев және таэквондошы Арман Шілманов қол артты. Біздің олимпиялық құрама жалпы есепте 204 елдің арасында 29-болды. Ал кешегі Одақтан шыққан мемлекеттер тобында Ресей мен Украинадан, Беларусь пен Грузиядан кейінгі 5-сатыға табан тіредік.Ал Лондон Олимпиадасынан олжалы оралған оғландарымызды биыл бүкіл ел болып ардақтап күтіп алды. Оларға жер-жерде зор құрмет көрсе­тіліп, сый-сияпаттар жасалды. Солар­дың бәрінің қорытындысы іспетті соң­нынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүлдегерлерімізді тағы қабылдады. Біз­дің бұл жерде «тағы» деген сөзді қосып отырғанымыз, Мемлекет басшысы олим­пиадашылар құрамасы Британия же­ріне аттанар алдында оларды арнайы қабылдап, ақ жол тілеп шығарып салып еді. Сол рәсімнің соңын «Сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар!» деген тілекпен бітірген Президент батасы оңынан орындалды. Енді, міне, көк туды желбіретіп кеткен ұландарымыз оны одан бетер қанат жайғызып келіп, Елбасының қолына қайта табыс етті.Салтанатты рәсімдегі сөзін Нұрсұл­тан Назарбаев барша қазақстандық­тар­ды еліміздің ұлттық құрама команда­сы­ның Лондонда өткен XXX Жазғы Олимпиялық ойындардағы жеңісімен құттықтаумен бастады.– Қазақстан жұртшылығы екі апта бойы ұлы аламанға үкілеп шығарып салған үміттерінің тілеуін тілеп, жан­күйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа елдің батасын алып аттанған ұл-қыздарымыз үмітті ақтады. Қазақ­стан спортшылары ел тарихында бұ­рын-соңды болмаған табысқа қол жет­кізді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Лондон төрінде Қазақ елінің көк бай­рағы 7 мәрте әлемнің барлық елдерінің туларынан биікке көтерілді. Отанымыз­­­дың әнұраны 7 рет Лондон көгінде әуеледі. Спортшыларымыз Олимпиада­­­ның алғашқы күнінен бастап, соңғы сәттеріне дейін қоржынға медаль салумен болды. Кірпік қақпай теледидарға қарап, тілекші болған миллиондаған қазақстандықтың ықыласы әрбір спортшыға қанат бітірді. Осылай барша қазақстандықтардың мерейі үстем болды. Біз болашақта бұдан да биік асуларды бағындыра береміз.– Біздің олимпиадашыларымыздың Лондондағы триумфының мәнін «жеті», «он үш» және «он екі» сандары ашып отыр, – деді бұдан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы. – Қазақстан спортшылары жеті олимпиялық алтын медальды жеңіп алды. Өткен Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда, біздің Олимпиа­дадағы алтын қорымыз 2,5 есе өсті. Мен, барша қазақстандықтар тәрізді, біздің олим­­­пиа­­­­­­дашыларымыздың жеңі­сі­­нің құр­ме­тіне Лондонда еліміздің мемлекеттік әнұраны жеті рет ойналып, Қазақстан туы жеті рет көтерілгенін мақтан етемін. Он үш – біздің спорт­шыларға тапсы­рылған барлық олим­пия­­­лық медальдың жалпы саны! Қор­жынымызда алтыннан басқа, бір күміс және бес қола медаль бар. Он екі – Қазақстанның осы Олим­пиададағы спорттық рейтингісі.Осы ретте Елбасы Бейжіңдегі Олимпиадада 29-орын алған ұлт­тық құраманың Лондонда алтын ме­даль­дардың көптігі арқылы бір­­ден 12-ор­ынға көтерілуі бұрын-соң­ды бол­маған серпінді серпіліс екеніне назар аударды. Қазақстан әлемдегі Олим­пия жарыстарына жалын жігер жастарын қосып келе жатқан 205 ұлт­тық құрама арасында жетекші спорт­тық держа­ва­ның бі­рі­не айналды. Бұл – барша Қазақстан хал­қының зор жеңісі. Өзінің сөзінде Мемлекет басшысы сондай-ақ бұл три­ум­фтың үш қайнар көзі бар екеніне тоқталды. Олардың біріншісі мемлекет­тің денешынықтыру ісі мен спортты қолдауынан туындайды. Ұлттық құра­маның жеңіске жетуі­нің екінші қайнар көзі әрбір қазақ­­­стан­­­дықтың таланты, табандылығы, жеңіс­­ке деген ерік-жіге­рі, сондай-ақ озық жаттықтырушылық шеберлік болып табылады. Толағай табыстың үшінші қайнар көзі еліміздің барлық этносы­­­ның достығы мен Қа­зақстан халқының бірлігінде жатыр.Кездесуде Елбасы Олимпиада жүл­дегерлеріне белгіленген марапаттардың бәрін өз қолымен тапсырып шықты. Бұлардың арасында Александр Винокуров, Серік Сәпиев және Илья Ильин – «Отан», Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Ольга Рыпакова – II дәрежелі «Барыс», Даниял Гад­жиев, Иван Дычко, Гүзел Манюрова, Марина Вольнова, Ақжүрек Таңа­та­­ров және Әділбек Ниязымбетов «Құр­­­мет» ордендерін алды. Ал Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевке «Парасат» ордені табыс етілді.Қазақстанның кезекті олимпиялық жылы осылай аяқталды. Енді сол же­­ңіс­­тердің жалғасы бола бергей деп тілейік.Серік ПІРНАЗАР,«Егемен Қазақстан».АСТАНА.