Жұма, 21 желтоқсан 2012 6:55
Еліміздің «Қазақстан – 2030» даму жоспарының негізгі қағидаларының мерзімінен бұрын орындалып, «Қазақстан – 2050» жаңа стратегиялық бағдарды қабылдауға байланысты ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында Елбасының Жолдауындағы «…Осы жылдар бойы біз тек алға адымдадық!» деген сөздеріне Қазаэронавигация» РМК ұжымы үн қатысты.
Жұма, 21 желтоқсан 2012 6:55
Еліміздің «Қазақстан – 2030» даму жоспарының негізгі қағидаларының мерзімінен бұрын орындалып, «Қазақстан – 2050» жаңа стратегиялық бағдарды қабылдауға байланысты ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында Елбасының Жолдауындағы «…Осы жылдар бойы біз тек алға адымдадық!» деген сөздеріне Қазаэронавигация» РМК ұжымы үн қатысты.
Себебі дәл осы күні оңтүстік астанада әуе қозғалысын басқарудың жаңа автоматтандырылған «Оңтүстік-Шығыс» орталығы салтанатты түрде іске қосылды. Осылайша, жер мен стратосфераның аралығын қамтитын бүкіл республика аумағындағы ұшулардың қауіпсіздігіне жауап беретін еліміздің Бірыңғай ұлттық аэронавигация жүйесі жасалды. Бұл – соңғы жеті жылдағы еңбектің жемісі.
Дәлірек айтсақ, бұл жобаны «Қазақстан – 2030» Стратегиясының төл баласы деп атауға болады. Себебі бүгінде ТМД елдері мен Орта Азия аймағы елдерінде теңдесі жоқ, Қазақстан аспанындағы әуе қозғалысын басқарудың бірегей автоматтандырылған кешенін жасау іс жүзінде 15 жыл бұрын қолға алынған еді. Ол кезде елдің аэронавигациялық қызметтері дербес мемлекеттік кәсіпорындарға бөлініп берілді. Алайда елдің дамуының алдағы жиырма жылдық тағдырын шешкен тарихи құжат 1997 жылы қабылданысымен, бұл іс қарқын алып, алға басты.
Ел Президенті өз Жолдауында айтқандай: «Осы жылдар бойы тек алға қадам басқанымызды жақсы білесіздер. Бізде әрдайым нақты жоспар болатын». Осы тұста Ұлттық аэронавигация жүйесін жасау жобасының жүзеге асу тарихы да жоспардан тыс қалған жоқ.
Бастапқыда 1995 пен 2005 жылдар аралығында Қазақстанда саланың әлемдік стандарттарындағы ең заманауи технологияларды қабылдауға қабілетті аэронавигациялық индустрияның мықты базалық инфрақұрылымының жоспарлы қалыптасуы жүзеге асты. Сондай-ақ зияткерлік деңгейі бүгінгі күннің талаптарына сай келіп, ұдайы өз бетінше жетілдіріліп отыратын тиісті маман қорын дайындау бойынша тер төгілді.
Осыдан кейін ғана ұшулардың қауіпсіздігіне және бүкіл ел аумағындағы әуе қозғалысының оңтайлы ұйымдастырылуына жауапты үш аймақтық диспетчерлік орталық сатылы түрде салынып іске қосыла бастады.
Осы бірегей нысандардың әрқайсысының құрылысына екі жыл уақыттан кетті. Астанадағы Әуе қозғалыстарын басқару орталығы 2005 пен 2007 жылдар аралығында салынды. Дәл осындай орталық Ақтөбеде 2007 мен 2009 жылдар аралығында тұрғызылды. Және Ұлттық аэронавигация жүйесін құрудың соңғы тұйықтаушы сатысы – Алматы орталығының құрылысы 2010 жылы басталып, ағымдағы жылдың соңында аяқталды.
Сондай-ақ, әрбір келесі саты өзіне дейінгі кезеңдердің жетістіктерін қамти білді.
Осының барлығы мемлекеттік немесе шетелдік инвестициялардың көмегінсіз, кәсіпорынның өз қаражаты есебінінен жүзеге асты.
Бұл жобаның ауқымдылығын түсіну үшін Алматыдағы әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі орталығының тактикалық-техникалық сипаттамасына көз жүгірту жеткілікті. Бұл кешен ғимаратының өндіріс аумағы 7 326 шаршы метрді құрайды. Диспетчерлік мұнараның биіктігі 45 метрге жетеді. Орталықтың жауаптылық аумағы 1 млн. шаршы шақырымды қамтиды. Орталық республиканың Алматы, Балқаш, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Семей, Шымкент, Өскемен қалаларындағы сегіз әуежайды бақылауында ұстайды. Ал жауаптылық аумағындағы әуе жолдарының ұзындығы 32 323 шақырымға созылады.
Алайда барлық үш әуе қозғалысын басқару орталықтарын іске қосу барысында елдің аэронавигация жүйесін жетілдіру және жаңашаландыру үдерісі тоқтап қалған жоқ. «Қазаэронавигация» РМК заманауи аэронавигациялық қондырғы өндіретін жетекші әлемдік фирмалармен 2025 жылға дейін барлық аппараттық-бағдарламалық кешенге техникалық қызмет көрсету бойынша келісім-шарт жасасты. Бұл Ұлттық әуе қозғалысын басқару жүйесі техникалық ахуалының тұтас амортизациялық кезең бойы өзгергіш талаптар деңгейінде сақталуына кепілдік береді.
14 желтоқсан күні Алматы Әуе қозғалысын басқару орталығының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген құрметті қонақтың бірі, Халықаралық ИАТА авиациялық ұйымының Еуразиялық аймақтық кеңсесі директорының инфрақұрылым жөніндегі орынбасары Дмитрий Косолапов айтқандай, әңгіме Қазақстанның аэронавигациялық кешенін жаңашаландыру туралы болып отырған жоқ. Оның пікірінше, жобаның Алматыдағы бітіруші сатысын іске қосу арқылы Қазақстан Республикасында Орта Азия аймағында теңдесі жоқ әуе қозғалысын басқарудың түбегейлі жаңа жүйесі пайда болды.
Герман аэронавигациялық қызметінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Дитер Каден қазақстандық аэронавигациялық жүйенің тиімділігі мен сенімділігінің толықтай еуропалық стандарттарға сай келетінін айтты. Кейбір жекелеген параметрлері бойынша, тіпті, Еуропаның кейбір елдерін басып озады.
Сондай-ақ «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Сергей Құлназаров айтқандай, қазіргі аэронавигациялық кешен республиканың әуе кеңістігіндегі әуе қозғалысы қарқынының он еселенген деңгейін қамтамасыз етуге қабілетті. Жаңа технологиялық шешімдер, атап айтқанда, «Мұнара» диспетчерлік пункттерінің аймақтық әуе қозғалысын басқару орталықтарының құрамына енуі, бір бағдарламалық жүйе арқылы ұлттық әуе кеңістігі шеңберіндегі ұшуларды ұйымдастырудың үш орталығын қамту – жүйенің басты жаңалықтары осы.
Осының барлығына республиканың бүкіл аумағы бойынша жүзеге асырылатын әуе қозғалыстарын оңтайлы әрі қауіпсіз ұйымдастыруды міндеттеген бірыңғай автоматтандырылған кешен аясында қол жеткізіліп отыр.
Жалпы, әуе қозғалысын ұйымдастыру үдерісіндегі жаңа технологиялардың рөлінің қаншалықты маңызды екенін айтпаса да түсінікті. Мысалы: бір әуежай жаңа ұшу-қону жолағын (үшіншісін) салады да, сағатына 60-65 әуе кемесін қабылдау мүмкіндігіне ие болады. Екінші әуежай негізінен ғарыштық базалаудың навигациялық жүйесіне сүйенетін заманауи технологияларды қолдана отырып, екі жолақпен сағатына 90 әуе кемесін қабылдау қарқынына қол жеткізеді. Қазіргі таңдағы жағдаят осыған саяды. Айырмашылықты салыстырып қараңыз.
Қазақстанның өз аумағында халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін қабылдау құқығына қол жеткізгенін ескерсек, мұның маңызы арта түседі.
«Қазаэронавигация» РМК басшысы Сергей Құлназаровтың Алматыдағы Әуе қозғалысын басқару орталығының ашылу салтанатына келген журналистерге, еліміздің бірыңғай ұлттық жүйесінің қазіргі таңда іске қосылған, «ЭКСПО-2017» қонақтарына көрсетуге толықтай дайын көлік инфрақұрылымындағы алғашқы нысан екенін мақтанышпен айтуының жөні бар.
Қазақстан әуе кеңістігіндегі әуе қозғалысының қарқынын арттыруға байланысты әуедиспетчерлік қызмет тараптарынан ешбір шектеу жоқ.
Виктор ГУМНИКОВ.
АЛМАТЫ.