Бүгінгі біздің кейіпкеріміз бала кезінен физикалық құбылыстарға қызығып өскен, арман қуған азамат Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ядролық физика» мамандығын алып, білімін шетелде ұштауға аттанады. Бүгінде ол Мәскеудегі Дубна университетінде жұмыс істейді.
Бақытжан Оразбеков 1993 жылы Өзбекстан Республикасындағы Үшқұдық қаласында дүниеге келген. Анасының «балаларымның жарқын болашағына жол ашылса, Қазақстанда білім алса» деген ойымен Оразбековтер отбасы Қостанай облысының Лисаков қаласына көшіп келеді.
Кейіпкеріміз Алматыдағы ядролық физика институты, Астанадағы ЕҰУ, Дубнадағы ядролық зерттеу институты және Дубнадағы «Дубна» мемлекеттік университетінің мемлекетаралық төртжақты келісімінің негізінде екі дипломды бағдарлама аясында бакалавр дәрежесін алады. Сондай-ақ Италияның Неаполь қаласында Луиджи Ванвителли атындағы Кампания университетіне докторантураға түседі.
«Қазіргі таңда елімізде ядролық физиканы жақсы түсінетін мамандар тапшы. Заман өзгере келе мамандықтар да өзгереді. Ал ядролық физиканы, кванттық механиканы түсіндіретін адамдардың орнын роботтар еш уақытта баса алмайды. Университеттегі басқа мамандықтармен салыстырғанда ерекшелігіміз – оқуымыз бес жылдық», дейді Бақытжан.
Кейіпкерімізден «Ғылым жолын өз елімізде үйренуге не кедергі? Қазақстандық жастардың шетелге кетуіне не себеп?» деген көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап беруін өтіндік. Оның айтуынша, замандастарының шетел өміріне ынтық болып, елден біржола кетуіне әсер ететін бір ғана фактор бар. Бұл – әлеуметтік жағдай.
«Ғылымды елімізде үйренудің осал тұсы – қаржыландыру. Мемлекеттен талай қаржы бөлінетінін естіп қуансақ, қолға қысқарып-қысқарып арзымайтын пұл түседі. Былтыр еліміздегі ғылыми жобаға қатысқан едім. Алайда жобаға бөлінген қаржы ауыз толтырып айтарлықтай болмады. Ғылым саласында тәжірибе жүргізуге керекті құрылғыларын алу қаржыға келіп тіреледі», дейді.
Бақытжан шетелде жиған білімімен сонда жүріп ғылыми жаңалық ашуына мүмкіндік мол. Бірақ оның басты мақсаты – шетелден білім алып, ғылым үйреніп, оларды қазақстандық жастарға үйрету.
«Елге келген соң білім беру саласында өзімнің жаңа идеяларымды ұсынуды жоспарлап отырмын. Қазақстандағы ядролық физиканы дамытуға үлес қоссам деймін. Әлемде бұл салада жаңалықтар өте көп. Қазақстанға ондай ақпарат сирек. Астанада Ядролық зерттеу институтының филиалында ауыр иондарды үдететін ғылыми құрылғы бар. Ол еліміздегі ең жаңа үлгіде салынған үдеткіш. Соған эксперимент қоюға теориялық бастама қажет. Ал оны елімізде меңгерген мамандар тапшы. Сондықтан үйренуіміз тиіс дүниені меңгеріп, қолда бар мүмкіндікті жүзеге асыру үшін шетелде білім алу қажет деп ойлаймын», дейді Бақытжан Оразбеков.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»