Бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Смадияров брифинг өткізіп, онда Еуразиялық үкіметаралық кеңесі отырысының қорытындылары туралы; Сыртқы істер министрлігінің экономикалық дипломатиясын ілгерілетудегі жұмысының тетіктері туралы; Қазақстан делегациясының Братиславада Антисемитизмге қарсы күрес жөніндегі ЕҚЫҰ халықаралық конференциясына қатысуы туралы және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымының Атқару комитеті Директорының Астанаға сапары туралы кеңінен ақпарат берді.
1) Еуразиялық үкіметаралық кеңесі отырысының қорытындылары туралы
1 ақпанда Алматы қаласында Еуразиялық бестіктің үкімет басшылары деңгейінде Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Іс-шара барысында ЕАЭО шеңберінде интеграциялық өзара іс-қимылдың бірқатар көкейкесті мәселелері қаралды. Үкімет басшылары қол жеткен уағадаластықтарды іске асырудың аралық қорытындысын шығарып, Одақтағы бұдан әрі жұмыстың бағыттарын белгіледі.
Іс-шара қорытындысында Үкіметаралық кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одағының цифрлық күн тәртібіндегі жобаларды іске асыру тетіктерін бекітіп, 2018 жылдағы Одақ елдерінің өзара сауда ахуалын, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық жағдайын, Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру және ұлтүстілік кәсіпорындарды құру бойынша мәселелер қарастырды.
Сонымен қатар, отырыс қорытындысы бойынша Кеме қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Бұл Келісім Одаққа мүше мемлекеттерге бірыңғай көлік кеңістігін, су көлігі қызметтерінің жалпы ішкі нарығын құруға, сондай-ақ транзиттік әлеуетті жүзеге асыруға және көлік кешендерінің дамуына үлес қосады. Құжат Одаққа мүше елдерінің жалаулары бар кемелердің басқа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарына өзара қолжетімділігін жеңілдетеді. Қазіргі кезде су жолдарына рұқсат беру жүйесі бар. Аталған құжат хабарландыру жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Одаққа мүше мемлекеттердің жалауларымен жүзетін кемелерге қол жетімділік хабарламаға негізделеді.
Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы ү.ж. сәуірдің аяғында немесе мамырдың басында Ереван қаласында өтеді.
Бұдан бөлек, естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 29 мамырында елордада Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы өтеді. Айта кетерлік жайт, дәл сол күні Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың құру туралы шартына 5 жыл толады.
2) ҚР Сыртқы істер министрлігінің экономикалық дипломатиясын ілгерілетудегі жұмысының тетіктері туралы
30 қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Елбасы «инвестицияларды тартудың күрделі экожүйесін құру, әсіресе дамыған елдердің инвесторларына назар аудару» тапсырмасын қойған болатын.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысының осы бұйрығын орындау бойынша жұмысын дереу бастады. Бүгінгі таңда шетелдік инвесторлармен өзара әрекеттесудің барлық жүйесіндегі жаңа жұмыс форматы құрылуда.
Елбасы айтқандай Сыртқы істер министрлігіне облыс әкімдіктерден бастап еліміздің шетелдік мекемелеріне дейін Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту бойынша барлық деңгейдегі жұмысты синхрондау өкілеттігі берілген болатын.
Инвестицияларды тарту тиімділігін арттыру мақсатында инвестиция тарту үшін 40 басым мемлекет анықталды.
Қазақстанның шетелдік мекемелер қызметінің тиімділігі және есеп беруін арттыру үшін Министрлік өз тарапынан негізгі көрсеткіштерді әзірледі. Олардың ішінде, статистикалық деректер (тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы айналымы мен сауда көлемі); жаңа инвесторларды тарту және қолданыстағы инвесторлармен жұмыс жасау (олардың көңіл-күйін бақылау, қайта инвестициялау).
Әрбір елшілікке қабылдаушы елдегі нақты міндеттер мен жұмыс көрсеткіштері анықталған, жауапты тұлғалар тағайындалып, жұмысқа жаңа тәсілдер әзірленді.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық компаниялар басшыларының орынбасарларына инвестицияларды тарту және шетелдік мекемелермен қарым-қатынас орнату үшін қажетті функциялар жүктеледі.
Елшілік – Орталық – «Kazakh Invest» ҰК» АК желісінде өңірлердегі фронт-офистері тізбегінде тікелей өзара іс-қимыл жасау үшін Жобалық офис шеңберінде мониторинг жүйесі құрылуда. Бұл инвестицияларды тарту процесіндегі барлық қатысушылар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Еліміздің барлық өңірлерінде «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының фронт-офистері жұмыс атқаруда. Өз кезегінде, Сыртқы істер министрлігі олардың қызметін біздің шетелдік мекемелерімен бірлесе үйлестіреді.
3) Қазақстан делегациясының Братиславада антисемитизмге қарсы күрес жөніндегі ЕҚЫУ халықаралық конференциясына қатысуы туралы
4-5 ақпанда Братислава қаласында Словакияның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы шеңберінде алғашқы ірі іс-шарасы ретінде өтетін Антисемитизмге қарсы күрес жөніндегі ЕҚЫҰ халықаралық конференциясы өткізіледі.
Конференцияға Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко басқарады.
Братиславаға сапар барысында ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы – Словакияның Сыртқы және Еуропа істері министрі Мирослав Лайчакпен, сондай-ақ елдің бірқатар мемлекеттік органдарының басшылығымен екіжақты кездесулері жоспарланған.
4) Шанхай ынтымақтастық ұйымының аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті директорының Астанаға сапары туралы
5-6 ақпанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетінің жаңадан тағайындалған директоры Джумахон Гиёсовтың Астана қаласына сапары өтеді.
Сапар барысында Джумахон Гиёсовтың еліміздің бірқатар мемлекеттік органдары, оның ішінде Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесулері жоспарланған. Олардың шеңберінде тараптар «үш зұлымдыққа» қарсы тұру (терроризм, сепаратизм, экстремизм), маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Шанхай ынтымақтастық ұйымы - Ауғанстан байланыс тобы арқылы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылайды.