Бейсенбі, 18 қазан 2012 7:45
Мен өзім Кеңес армиясындағы әскери міндетімді өтеп оралған соң осы Ақтөбеге келдім. Мәртөк ауданында үлкен ағам Эйваз прораб болып жұмыс істейтін, соны сағалап келдім шындығы. Сөйтіп, осында қалдым, халық шаруашылығы институтында болашақ зайыбым, қазақ қызы Светамен бірге оқып жүріп, көңіл жарастырдық. Қазір немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әжеміз.
Бейсенбі, 18 қазан 2012 7:45
Мен өзім Кеңес армиясындағы әскери міндетімді өтеп оралған соң осы Ақтөбеге келдім. Мәртөк ауданында үлкен ағам Эйваз прораб болып жұмыс істейтін, соны сағалап келдім шындығы. Сөйтіп, осында қалдым, халық шаруашылығы институтында болашақ зайыбым, қазақ қызы Светамен бірге оқып жүріп, көңіл жарастырдық. Қазір немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әжеміз.
Екеуміз де қоғамдық тамақтандыру жүйесінде жұмыс істедік, басшы қызметтерде болдық. Кейін барлығы жекешеленіп кетті ғой. Зейнетке жеткенше өзімізше талпынып, тірлік жасадық. Кейін филиал кеңесінің төрағалығы маған ұсынылды, бұл да бір иманды іс қой, сауабы тиер деп бас тартпадым. Қазір осы шаруаның басы-қасында жүрмін, жастарды ана тіліне, діліне, салт-дәстүріне, мәдениеті мен әдебиетіне тәрбиелесек деп талпынып жатырмыз.
Статистикалық деректер бойынша, облыста 1 мыңнан астам әзербайжан тұрады. Әрине, бұған кешегі кеңестік жүйенің шіріген жіптей ыдырауы да себеп болды. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың игеру жылдарында және оқу бітіріп жолдамамен келген әзербайжандардың көбі тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи отандарына қоныс аударды. Солардың өздері де қонақжай қазақ халқын қимай-қимай қоштасқанын әзербайжан бауырлар естен шығармайды. Қазір облыста тұрып жатқан әзербайжандардың жас ұрпағы тәуелсіз Қазақстанның экономикалық дамуы, саяси тұрақтылығы жолында еңбек етіп, оқып өз үлестерін қосуда.
Бірлестікте өзара ынтымақтастық пен бірлікті қалыптастыру бағытында, әзербайжан мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін сақтауға байланысты бірқатар шаруалар атқарылуда. Орталық жанында би тобы жұмыс істейді. Көркемөнерпаздар облыста өткізілетін барлық мәдени шараларға атсалысады. Әзербайжан, қазақ, орыс және басқа тілдерде тамылжыта ән салып, би билейтін жастар қатары жыл сайын молайып келеді. Қырықтан астам балалар мен жастар көркемөнерпаздар үйірмелерінің белсенді мүшелері болып табылады.
Мұнда 2008 жылдан бастап жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Жексенбілік мектептегі үш топқа 42 адам барады. Оларға қазақ тілінен Г.Бекенбаева, әзербайжан тілінен Н.Әзизова сабақ береді. Қазір облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының және облыстық тілдерді дамыту басқармасының көмегімен жастар ана тілін және мемлекеттік тілді, сондай-ақ, Әзербайжанның тарихы мен географиясын оқып, үйренуде.
Біз осындай бейбіт және тату елде тұрып жатқанымызды мақтаныш тұтамыз. Өңірді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың барлығына да тілін, салт-дәстүрін дамытуға, мәдениеті мен дінін ұстануға жағдай жасалып отыр. Мұның бәрі Елбасының көрегенді саясатының арқасы екенін түсінеміз. Біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы еліміздің табысына мақтана отырып, ортақ мақсатқа бір кісідей жұмыла беретін боламыз. Ортақ Отанымыздағы тыныштық пен тұрақтылық біздің әрқайсымыздан осыны талап етеді.
Біз осы жылдарда бір-біріміздің мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, дініміз бен ділімізді құрметтеудің қаншалықты қасиетті екенін ұғындық. Түркі тектес туысқан халық ретінде ортақ әдеп-ғұрпымыз, мәдениетіміз, ұлттық ұстанымдарымыз да жетерлік. Ал өзімді азамат ретінде өсіріп, ұрпағыма жылы ұя болған елге менің алғыс-ниетім шексіз. Біз туысқан екі халықтың әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін тең ұстанамыз. Кезінде атам мен енемнің қолына су құйып, құрмет көрсеттім. Жұма сайын жеті нанымызды пісіріп, аруақтарға құран бағыштап отырамыз. Барша қазақстандықтарды ортақ үйіміз – Қазақстандағы татулық пен бірлікті нығайтуға атсалысуға шақырамын, алда келе жатқан Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ізгі тілек, иманды ниетіміз еліміздің өркендеуіне бағытталсын, дәйім.
Шахбаз ЖАМАЛОВ,
«Әзербайжандар ассоциациясы» республикалық қоғамдық
бірлестігі Ақтөбе қалалық филиалы кеңесінің төрағасы.
Ақтөбе облысы.