Қарағандының іргесіндегі серіктес қала Саранда екі жыл бұрын күн электр стансасының құрылысы басталған болатын. Енді міне, қуаты 100 МВт болатын балама энергия нысанының құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы жобасына германиялық «Solarnet GmbH/Goldbek Solar» компаниясы бастаған халықаралық инвестициялық топтар 137 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат құйды.
Еуропалық компаниялар тобы салған «SES Saran» күн электр стансасының қуаты 100 мегаватты құрайды. Бұл дегеніңіз, энергия нысаны 40 мыңнан астам тұрғыны бар Саран сияқты 10 қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алады деген сөз. Аталған компаниялар тобы мұнымен ғана шектеліп қалмайды, болашақта олар тағы да осындай бірқатар жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр.
Жаңа стансаның тұсауы кесілмей тұрып облыс әкімі Ерлан Қошанов пен жоба иесі, «Sonnenenergie» АҚ-тың Бас директоры Ян Зонненшайн өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат бойынша Еуропалық компаниялар тобы алдағы уақытта балама қуат көздерін өндіруге бағытталған құны 500 млн АҚШ доллары болатын жобаларды жүзеге асырмақ.
– Біздің негізгі жұмыс бағытымыз күн энергиясын алу, дегенмен аталған жобалардың бағыты әлі нақты анықталған жоқ. Қарағанды облысы – үлкен өндірістік өңір, мұнда энергия көздері аса қажет. Ел Үкіметінің инвесторларға жасап отырған жағдайы, облыс басшысының қолдауы, бизнесмендердің ұсыныстары, тарихи байланыс осы өңірді таңдауға себеп болды, – деген «Sonnenenergie» АҚ-тың Бас директоры Ян Зонненшайн сөзінің жаны бар. Неге десеңіз, облыста инвестиция салып, соның жемісін жергілікті халықпен бірге көрем деген компанияларға жағдай барынша жасалған. Мысалы, инвестор бұл өңірде жергілікті атқарушы билік тарапынан қуатты қолдау көреді: қажетті жер телімдерімен, инфрақұрылымдық қажеттіліктермен, басқа көмектермен толық қамтамасыз етіледі.
Сарандағы күн электр стансасының ашылу салтанатына Энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен бірге қатысқан облыс әкімі Ерлан Қошанов өңірде инвестициялық жобалардың сәтті іске асып жатқандығын атап өтті.
– Бұл Қарағанды облысы үшін маңызды оқиға. Аз уақыт ішінде салынған жоба іске қосылып отыр. Елбасының қолдауымен облысымызда әлеуеті жоғары жобалар қолға алынған, бүгінде 33 инвестициялық ірі жоба іске асырылуда. Оның он жетісі шетелдік капиталмен іске қосылады. 1 триллион теңгеге 9 мың жұмыс орны ашылады. Соның бірі – бүгінгі Сарандағы күн электр стансасы. Елбасының 2030 жылға дейін балама энергия көздерінің үлесін 30 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы бар. Біз сол тапсырмаларды орындай отырып, басты мақсатқа жету жолындағы үлкен қадамды бүгін жасадық. Облыс бойынша осындай екі жоба іске асып жатыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады, – деді Е.Қошанов.
«SES Saran» күн стансасы 164 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 307 мың вольтаикалық панельдер орнатылған. Пайдалану мерзімі 40 жылға жететін панельдердің металл қоршауы жоқ күн батареясының соңғы буыны екенін айта кеткен жөн. Яғни, оның үстіне қар үйіліп қалмайды, жаңбыр да еш зиян келтірместен жерге ағып кетіп отырады. Бұлтты күндердің өзінде панельдер 10-15 мегаватт қуат өндіреді.
Стансадағы электр қуатын өндірудің бір жылдық мөлшері 145 млн кВт/сағатты құрайды. Құрылыс алаңында 400-ге жуық жұмысшы еңбек етті, олардың қатарында Саран қаласының да тұрғындары бар. Сонымен қатар шеф-монтаж жұмыстарына Германия, Франция, Польша, Беларусь және Украинадан келген мамандар атсалысты.
Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Энергетика министрі Қ.Бозымбаев балама энергия көздерін табудың «Жасыл экономика» жобасын дамытудағы зор қадам екенін атап өтті.
– Сіздерді Үкімет атынан бүгінгі маңызды шарамен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қуат стансаларында жаңғырмалы энергия көздері мен газды генераторлар үлесін арттыру қажеттігі айтылды. «Жасыл экономиканы» дамыту бағытында маңызды шаралар қолға алынуда. Көмірсутекті даму бағытында бірқатар кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. Бұл ретте ұлттық экономиканың энергия тиімділігін арттыруға ықпал етеміз, – деді министр.
Сарандағы жаңа күн стансасының электр қуаты «SES Saran» ЖШС мен «KEGOC» компаниясының есеп-қаржы орталығы арасында жасалған келісімшартқа сай тұрақты бағамен сатылатын болады.
Шетелдік инвесторлар Қарағанды өңірінің климаттық жағдайы күн энергиясын қуат көзіне айналдыруға өте тиімді екенін айтады. Сол себепті олар облыста күн электр стансаларын көптеп салуға ниеттеніп отыр. Ал мұның экономикалық дамуы қарқынды, өндіріс орындары көптеп ашылып, инновациялық бағдарламалар жарыса жүзеге асырылып жатқан облыстың электр қуатына деген сұранысын барынша қанағаттандыруға ықпал етері сөзсіз.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы