• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Ақпан, 2019

Отан алдындағы борыш әскери билетпен өлшене ме?

2294 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Қарулы Күштері мейлінше ке­мел­деніп, кем-кетігі бүтінделіп елдің сенімді тірегіне айналып үлгер­ді. Бұл – Елбасының бастамасы­мен қабылданған көптеген стра­тегиялық маңызы бар құжат­тар­дың қабылдануының, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік страте­гиясы, Қазақстан Республи­ка­сы­ның Әскери доктринасы, Қа­рулы Күштерді дамыту тұжырым­да­масының жүзеге асуының жемісі.

Соңғы он жылда әскердегі қылмыс екі есе төмендеді. Әскери сала соң­ғы жылдары қашқындық, бөлім­ді өз бетімен тастап кету және әс­кери мүлікті жоғалту сияқты қылмыстық құқық бұзушы­лық­тардан толығымен арылған. Әрине, әдетте әскери сала басшы­лығы тәуір көрсеткіштерді мақта­нышпен айтып, есеп-қисап­тарында өлім-жітім, әлімжеттік пен басқа да оғаш әрекеттерді жа­сырып қалуға тырысады. Бірақ «ауруын жасырған өледінің» кері келіп, ұсақ-түйек саналатын оқиғалардың өзі қорғаныс саласының халықаралық беделіне де кері әсерін тигізері анық. 

Ресми деректерге қарағанда, был­тыр әскердегі ауыр қылмыс­тардың саны 132-ден 98-ге (26%), ал аса ауыр қылмыстар 5-тен 2-ге дейін (60%) төмендеген. Бірақ бұл көрсеткішке тоқмейілсуге бол­мас. Өйткені әскери ведомстволарда қару мен оқ-дәрілердің сақталуы, әскердің ұрысқа әзірлігі, мемлекеттік ше­караны күзету, азаматтарды әскери қызметке шақырту мен әскери қызметшілердің әлеумет­тік қорғалуы саласындағы кемші­ліктер көптеп тіркелген. Бас әскери про­ку­ратураның деректеріне қарағанда, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, әскери тәртіпті ны­ғайту қызметінде шешілмеген мәселелер жетіп-артылады. Осы ретте, әскери салада, оның ішінде қорғаныс істері депар­та­менттеріндегі сыбайлас жем­қор­лық немесе парақорлыққа қатыс­ты бірер деректі айтуға болады.

Мәселен, өткен жылдардағы деректерге көз жүгіртіп қарар болсақ, былтыр Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы ұлттық бюро Қы­зылорда облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығын 600 мың теңге пара алды деп айыптады. Ол кезекті әскери шен беру, тәртіптік жауапкершіліктен босату және қызметте қамқорлық көрсету үшін қызметтестерінен 20 мың мен 150 мың теңге аралығында пара алып отырған деген күдікке ілікті. Ал Атырау қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы да жеке тұлғаның уақтылы әскери есепке тұрмағандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жасы келгеннен кейін әскери билет беру үшін 70 мың теңге алды деген күдікпен тұтылды. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы құрылым бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының әскерге шақыру қызметінің бастығын жергілікті тұрғынды әскери борышын өтеуден босатып және оған әскери билет жасап беру үшін 35 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталды.  

Ең жаманы әскерге жіберіп-жі­­бер­­меу, заңсыз әскери билет беру, әкім­­­шілік жауапкершілікке тартпау тәрізді заңсыздықтар әбден жүйе­ле­ніп, заң­дастырылғандай әсер қал­ды­рады. Ал ең сорақысы, бұл – ұстал­ған­дар ғана, сонда әзірге ұсталма­ғандар қанша? 

Бас әскери прокуратураның дерек­теріне қарағанда, былтыр сыбайлас жем­қорлық бойынша қылмыс 34 па­­йыз­ға немесе 94-тен 62-ге дейін төменде­ген. 

Қорғаныстың өлшемі тек қаражат емес

Қазақ жастарының жүрегіне отан­шылдық сезімін ұялатып, ерлік пен өрліктің үлгісі ретінде мысал қылатын батырлардан біздің халқымыз кенде емес. Алғашқы әскери дастанға арқау болған Қобыланды батыр мен даңқ­ты Бауыржан Момышұлының ара­лығында талай ерлеріміз Отан қор­ғаудың бірегей үлгісін көрсетті. Сон­дықтан әскери әлеуетті тек Қарулы Күш­тердің қаржыландыруымен өл­шеу аса әділетті бола қоймас. Қазір елі­­міздің қорғаныс саласына он екі нөл­дік цифрларға тең қаражат бөлі­нуде. 

Парламент Мәжілісінің Халық­аралық істер қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің мүшесі, генерал-лейтенант Абай Тасболатовтың айтуынша, қазір Қарулы Күштердің төрт құбыласы түгел. 

– Қорғаныс саласының бүгінгі ахуалына баға беру үшін, өткен шаққа да қарау артықтық етпейді. Мәселен, тә­уелсіздіктің алғашқы жылдары ке­шенді әскери жаттығу өткізудің өзі мұң болатын. Қару-жарақтың, әскери техниканың басын құрап, жанармайды шелектеп жинап, жылына бір рет қана жаттығу өткізілетін. Қазір ондай үлкенді-кішілі іс-шаралар күні-түні жүріп жатыр. Ең бастысы, мәселен, 2002 жылы қорғаныс саласының бюджеті 9 млрд теңгенің шамасында болса, қазір 360 млрд теңгеге жетті, – дейді А.Тасболатов. 

Демек, Қорғаныс министрлігінің қаржылық қиыншылықтардан құты­лып, Қазақстан Қарулы Күш­тері­нің Жо­ғарғы Бас Қолбасшысы жүк­теген міндеттерді абыроймен атқаруға шамасы жетеді. 

Статистика сөйлесе

Бір мәселе анық. Қазіргі жас­тар­дың арасында әскери борышын өтеуге құлшынып отырғандар аз емес. Бірақ бұл ұмтылыстың артын­да отаншылдық сезіммен қатар, пен­де­шіліктің де сипаты барын мойын­дау керек. Өйткені полициядан бас­тап, қарапайым күзетші, тіпті бірқа­тар мемлекеттік қызметтерге тек әскери билеті бар адамдар ғана қа­былданатындықтан, бұрынғы қашып-пысу, «ақ билет» дегендер жайына қалды. Ертеректе баласын әскерден қалдыру үшін аянбайтын ата-ана, қазір ұлдарын әскерге жіберу үшін жанын салады. Тіпті осы арада «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерінің де тір­келетіні белгілі. Өйткені сұраныс бар. Осы сұранысты, сон­дай-ақ әскер сапындағы өлім-жітім­ді азайту мақсатында әскерге шақы­рылушыларға қойылар талап та күшейді. Олардың ең бастысы – бозба­лалардың денсаулық жағдайы. 

Осы орайда, Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру – жұ­мылдыру жұмыстары департа­менті бастығының орынбасары, пол­ков­ник Ардақ Кукатовтан әскерге шақы­ры­лушылардың 2018 жылғы меди­циналық комиссия көрсеткіштерімен таныстық. Нақты дерек мынадай: былтыр әскерге шақырылғандардың 79,1 пайызы жарамды деп танылған. 10,5 пайызы әскер қатарына жарамай қалған. Ал жастардың 10,4 пайызы денсаулығына байланысты уақытша шақыру мерзіміне кері шегерілген. 

– Әскерге жарамай қалғандарға ішкі органдардың сырқаты, хирур­гия­лық және неврологиялық аурулар тұсау болды, – дейді А.Кукатов. 

Республикалық көрсеткіштерге талдау жасасақ, әскерге жарамды жас­­тар еліміздің оңтүстік өңірлерін­де көп­теп шоғырланған сияқты. Өйткені Түркістан облысынан әскер­ге шақы­ры­латындар саны басқа өңір­лерден ана­ғұрлым көп. Мәселен, қа­тардағы облыстар жылына шамамен 1,5 мың жігітті әскер сапына қосып отырса, бұл өңірден әскерге аттанатындар саны 4 мыңнан асады. 

Ал бұл жігіттер әскер сапында бір жылда не үйренеді және қа­зір ақы­лы негізде «әскери билет» алуға мүм­кіндік беретін әскери-техни­калық мектептің қажеті қанша деген сауалдарды әскери ғалым Абай Тасболатовқа көлденең тарттық. 

– Қорғаныс саласының басты мін­деті – Елбасы тапсырмасы бо­йын­ша кәсіби әскер құру. Сондық­тан әс­кер­дегі ауыр және жауапты мін­деттер келісімшарт негізінде қызмет жасайтын кәсіби әскерилерге жүктелген. Қазіргі әскердің 75 пайызы сол кәсібилер, ал 25 пайызы – борышын қысқа мерзімде өтеушілер. Демек, әскер қатарына жас­тарды шеке­сінен шертіп таңдап алуға мүмкін­дік бар. Ал қалған жастар қайтпек? Қарулы Күштер сапына жылына алы­натыны әрі кеткенде 35 мың адам. Ал әскерге шақыру жасында­ғы­лар саны миллионға жуықтайды. Сон­дықтан қорғанысқа қажетті әлеуетті қалыптастыру, яғни жастарға қару ұстау мен сапта тұруды үйрету үшін әскери-техникалық мектептер жұмыс істеуде. Ақшасын төлейді, әскери билеті мен арнайы мамандығын алып шығады. Бастапқыда мен бұған қарсы болғаныммен, кейін дұ­рыстығына көзім жетті. Ал жауынгерлерге бір жылдық мерзім де қазір тиімді екендігін дәлелдеп отыр, – дейді А.Тасболатов.  

Күні кеше Жастар жылының ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біз­дің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегі­міз» деген болатын. Демек, енді Отан қорғаудың – абыройлы міндет екен­дігіне басымдық беріле түспек. Соны­мен қатар офицерлер отаншылдық сезімнің кіршіксіз үлгісін көрсетіп, әскердің беделін көтере түсуден аян­бау қажет. «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген нақыл іс жүзінде нақты үлгі, жарқын мысалдармен өрнектелуі тиіс.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan