Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңды іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттерді атады.
«Туризм жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында келешегі зор салаға айналады. Біздің елімізде экологиялық, спорттық-сауықтыру және экстремалды туризм салаларын дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Туризм саласы бойынша білікті мамандардың жетіспеушілігін ескере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарында туризм және қонақүй бизнесі факультеттерін кеңінен ашу қажет», деді Парламент Сенатының төрағасы.
Сондай-ақ ол IT-компанияларда үлкен жетістіктерге жеткен жас мамандарға қолдау көрсетілетінін айтты.
«Болашағы зор азаматтар ел игілігі үшін, экономикамызды дамыту жолында қызмет етуі қажет. Әрине, ең алдымен, біз оларға қажетті жағдай жасауға тиіспіз. Дарынды жастарға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпей, «алдыңғы қатарлы зияткер мемлекет» қатарына қосылу қиын екенін мойындауымыз керек», деді ол.
Бұдан соң, Қ.Тоқаев «Волонтерлік қызмет туралы» заңды жетілдіру, пысықтау жұмыстарын жүргізу міндеті тұрғанын атап өтті.
«Қазіргі әлемде волонтерлік институтын дамытуға үлкен мән берілуде. Волонтерлердің азаматтық қоғамды құру ісіне және оны нығайтуға қосып отырған үлесінің маңызы жоғары. Мемлекет басшысы волонтерлік қызметпен белсенді айналысып жүрген студенттердің шәкіртақыларын көбейту туралы тапсырма берді. Парламенттің алдында «Волонтерлік қызмет туралы» Заңды жетілдіру, пысықтау жұмыстарын жүргізу міндеті тұр. Заңның қолданыстағы редакциясы волонтерлік қызметті ынталандыру мен көтермелеудің нақты тәсілдерін регламенттемейді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.