• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Ақпан, 2019

Қазақстанда мобильді телефон нөмірімен мезеттік төлемдер жүргізу жүйесі іске қосылды

447 рет
көрсетілді

Қазақстанда «Suńqar» мезеттік төлемдер жүргізу жүйесі жұмыс істей бастады. 2018 жылғы қыркүйектен бері жүйе шектеулі тұлғалар арасында пилоттық режімде тестілеуден өтті.

«Suńqar» жүйесі қатысатын түрлі банктер клиенттерінің арасында Қазақстан бойынша мезеттік төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жеке тұлғалар арасында ақша аудару үшін қарапайым да қолайлы сәйкестендіруші – мобильді телефон нөмірі пайдаланылады, оны кез келген ақы төлеу көзі – төлем карточкасына, ағымдағы банктік шотқа, электронды әмиянға байланыстыру қажет.

«Suńqar» жүйесіндегі қызметтерді Қазақстан банктері өздерінің мобильді қосымшалары немесе Интернет-банкинг жүйесі арқылы жүзеге асырады. Қазіргі уақытта мезеттік төлемдер жүйесі арқылы «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Altyn Bank» АҚ (China CITIC Bank Corporation Limited ЕБ) және «Еуразиялық Банк» АҚ қызмет көрсетеді. 2019 жылы 10-нан аса екінші деңгейдегі банк жүйеге қосылуды жоспарлап отыр. Жаңа қызмет осы банктердің мобильді қосымшаларында және қашықтан қызмет көрсету жүйелерінде өздерінің ішкі жоспарына сәйкес ақпараттық жүйелерінің пысықталуына қарай пайда болады. Мезеттік төлемдер мен аударымдар бойынша клиенттерге арналған тариф саясатын банктер дербес айқындайды.

Бірінші кезеңде «Suńqar» жүйесінде жеке тұлғалар арасында ақша аударуға (P2P-аударымдар), оның ішінде түрлі қатысушы банктердегі өз шоттары (салымдар, брокердегі инвест-шотты толықтыру және басқалары) бойынша жүргізуге болады. Жүйеде көрсетілетін қызметтердің дамуына қарай заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер қызмет көрсететін банктері арқылы да арнайы жабдықты орнатпай-ақ тауарлар және көрсетілген қызметтер үшін өз пайдаларына мезеттік төлемдерді қабылдауды, жеке тұлғалардың пайдасына мезеттік төлемдер жүргізе алады. Атап айтқанда, «Suńqar» жүйесі арқылы QR-кодтарды[1] сканерлеу арқылы мобильді телефонмен бөлшек саудада есеп айырысуға болады.

Қазақстанда мезеттік төлемдер жүргізу жүйесін енгізу халыққа және бизнес субъектілеріне төлемдерді қолжетімді ақы төлеу құралы мен қашықтан қол жеткізу арналары арқылы кез келген жерде, кез келген уақытта төлемдер жүргізудің әмбебап алаңын жасауға бағытталған.

[1] QR-код (Quick response code) – жедел ден қою коды (штрих-кодтың аналогы), онда сатушының тауарына немесе көрсетілген қызметіне ақы төлеу үшін төлем жүргізу деректемелері (банктік шот, электрондық әмиян нөмірі) туралы ақпарат болады.