Мектеп алды даярлау ұйымдарының тәрбиешісі, наубай, аспаз, тігінші, шаштараз-ұста, электргаздәнекерлеуші, электр құрылғыларына қызмет көрсету және жөндеу бойынша электромонтер, сауда менеджері, қадағалаушы-кассир және даяшы сынды қызмет түрлері бүгінгі күннің сұранысқа ие мамандықтары болып отыр. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы хабарлады.
Бір ғана Астана қаласында 4 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Алайда онда жұмыс жасайтын маман тапшы. Дипломды арқалаған жастар бүгінде өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаспайды. Көп жағдайда оған себеп мамандықтың дұрыс таңдалмауы.
Сіз таңдаған мамандық бойынша жұмыс болмаса, жалақысы аз, мамандық көңіліңізден шықпаса не істеу керек?!
Бүгінде Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы тек сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді қайта оқыту курстарын жүргізуде. Онда жас ерекшелігіне қарамай маман иесі болам, кәсібімді өзгертем, біліктілік жинайтаймын деген кез келген азамат білім ала алады.
Аружан Әкпардың жасы 18 де. ҰБТ-дан тиісті балды жинай аламаған соң, жоғары оқу орнына түсе алмаған. Білім мен жұмыс іздеп Астана қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығына келген Аружан, қысқа мерзімді оқыту курсына жазылып, наубай мамандығы бойынша оқуға жолдама алады.
«Жұмыспен қамту орталығында өздері оқытып, өздері жұмысқа орналастырады дегенді естіп, құжаттарымды алып сонда бардым. Көп созбай оқуға жолдама алып, Алия Сергеевна есімді наубайға шәкірт болдым. Бәліштің түр-түрін, нан пісіру технологиясын үйреніп, тәжірибеден өттім. Тәжірибеден өткен жер мені жұмысқа қабылдады» дейді қысқа мерзімді оқуға қатысқан Аружан Әкпар.
Бүгінде жас маман екі қолынан бал таматын наубай болып алған. Тапсырыс берушілер көп, бастысы өз ісін жақсы көреді. Әлеуметтік желі арқылы да бәліштерін саудаға салып, қосымша табыс тауып отырғаны тағы бар.
«Жұмыссыз азаматтарға қысқа мерзімді мамандыққа оқыту курстарын ұсынамыз. Мұндай оқыту түрі дипломы мен біліктілігі жоқ немесе өз мамандығын өзгерткісі келетін азаматтарға арналған. Таңдалған мамандыққа орай оқу ұзақтығы 1 айдан 6 айға дейін созылады» деді «Астана қаласы әкімдігінің жұмысмпен қамту» орталығының Кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Азамат Байтасов.
Айта кетейік, өткен жылы Астана қаласы бойынша 700-ге жуық азамат қайта оқыту курсын тәмамдап, оның 70% жұмысқа тұрған.