• RUB:
    4.82
  • USD:
    443.35
  • EUR:
    475.54
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Ақпан, 2019

Құлаған ұшақтан футболшының денесі табылды

403 рет
көрсетілді

Осыдан біраз күн бұрын біз 22 қаңтарда Франциядан Ұлыбританияға бағытталған жекеменшік ұшақтың Ла-Манш бұғазы аумағында жоғалып кеткені жайында жазғанбыз.

Сол ұшақтың ішінде екі адам болған. Оның бірі – пилот Дэвид Айбботсон, екіншісі – футболшы Эмилиано Сала. Арада бірнеше күн өткеннен соң құтқарушылар ұшақтың құлаған жерін тапты. Кеше құзырлы органдар Саланың денесі табылғаны жайында ресми түрде мәлімдеді. Бүгін оның мәйіті Портлендтегі портқа жеткізілді. 

28 жастағы Эмилиано Сала Аргентинада туып-өсіп, бірер жыл өз елінің жастар клубында ойнады. 2010 жылы Францияның «Бордосының» жейдесін киді. Одан кейін сол мемлекеттегі «Орлеан», «Ньор», «Канн» және «Нант» командаларында өнер көрсетті. Көптеген маңызды матчтарда гол соққан шабуылшыға Англияның Премьер-лигасындағы «Кардифф Сити» клубы қызығушылық танытып, биыл оны өз қатарына қабылдады. Екі жақты келісімшарт 20 миллион евроны құрады. Бұл – «Кардифф Сити» үшін рекордтық көрсеткіш еді.

Алайда Премьер-лигада ол бір ойын өткізіп те үлгермеді. Франциядан Ұлыбританияға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады. Сала өзінің алғашқы жаттығуына бара жатқан еді. Кейін белгілі болғандай, ұшақ радардан жоғалғанға дейін ол WhatsApp арқылы хабарландырма жіберген екен. Чатта Эмилиано ұшақтың құл-талқаны шығатын айтып, Кардиффке аман-есен жететініне күмәнданып, өз алаңдаушылығын білдірген екен.            

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

 «Egemen Qazaqstan»