• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Ақпан, 2019

Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 100 млрд кВт сағаттан асты

788 рет
көрсетілді

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда электр энергиясын тұтыну деңгейі өзінің шарықтау шегіне жетіп, 103 228 млн.кВт сағатты құрады, яғни, 1990 жылдан бері алғаш рет 100 миллиардтық межеден асып түсті. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл орайда «Самұрық-Энерго» АҚ-ның электр станциялары өткен жылы 31 705 млн. кВтс электр энергиясын өндіріп, еліміз бойынша жалпы өндірілетін электр энергиясындағы (106 797 млн.кВтс) шамамен 30%-тік үлесін сақтап қалды.  Компанияның мамандары атап өткендей, өндірудің ұлғаюына қазақстандық тұтынушылар тарапынан электр энергиясына деген сұраныстың артуы себеп болған. Осылайша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ-ның электр энергиясын өндіру үлесі бекітілген Даму стратегиясының көрсеткіштеріне сәйкес келеді.  

Атап өту қажет, «Самұрық-Энерго» қазақстандық тұтынушылардың электр энергиясына деген барлық тапсырысын толық қамтамасыз етті. Қазақстандық аса ірі электр энергетикалық холдингтің құрылымындағы өндіруші компаниялар электр энергиясын өндіру бойынша жылдық жоспарларын жыл соңына жеткізбей-ақ толық көлемінде орындап шықты. Бұл жерде сөз «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ, «О.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС» АҚ, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ туралы болып отыр. 

Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС-нің көмір кеніштерінен көмірдің соңғы 10 жыл ішіндегі рекордтық көлемі өндіріліп, тұтынушыларға жіберілді. Жыл соңына қарай кеншілер 45 млн. тоннаға жуық көмір жөнелтті, бұл кәсіпорынның өндірістік қуатынан асып түседі (42 млн. тонна). Қазақстанның энергия жүйелерінің көмірді тұтынуы күрт өсіп, «ГРЭС Топар» ЖШС-ға, «Павлодарэнерго» АҚ-ның Павлодар ЖЭО-2, 3 жоспардан тыс көмір жөнелтілуі және коммуналдық-тұрмыстық мұқтажды өтеуге көмірдің көп тиелуі оның биыл өндіру және сату көлемінің ұлғаюына себеп болды.

«Богатырь Көмірдің» кеніштерінен алынатын көмір Қазақстан мен Ресейдің электр және жылу станциаларында отын ретінде пайдаланылады.  Оның негізгі тұтынушылары – «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС және Рефтинск ГРЭС, оларға жөнелтілетін көмірдің үлесі жалпы сату көлемінің 45%-нен асады.

Былтыр алғаш рет Электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығы өтті. Оның қорытындылары бойынша, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес кәсіпорындары Қазақстан Республикасы БЭЖ-дің Солтүстік және Оңтүстік аймақтары бойынша сатқан қуаттың жиынтық көлемі, қызметтің ең жоғары құнымен 2 148,7 МВт-ты құрады, бұл ҚҚС-сыз айына 590 мың теңге/МВт болатын шекті тариф деңгейінде.

Қуаттың өткізілген сауда-саттық нәтижелері «Самұрық-Энерго» АҚ-ның энергетикалық жабдығы 2019 жылы үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында толыққанды инвестициялық  жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. 

«Самұрық-Энергоның» өндіруші кәсіпорындарында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары ескірген жабдыққа тың серпін берді, ал жаңа нысандарды құру түсетін салмақты едәуір азайтып, электр энергиясына деген тапшылықтың орнын толтырды. Мәселен, 2018 жылы Шардара СЭС-інде жүргізіліп отырған ауқымды жаңғырту жұмыстары аясында  станциядағы төрт су агрегатының біріншісі іске қосылды. Тозығы жеткен жабдықты жаңалау жұмыстары  2020 жылға дейін есептелген. Осы уақыт ішінде  төрт су агрегатының бәрін де ауыстыру жоспарлануда. Жаңа жабдық СЭС-тің қуатын қазіргі 100 МВт-тан 126 МВт-қа дейін ұлғайтады. Бұл жоба электр энергиясының тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие. 

Холдингтің алдағы уақыттағы басым бағыттары қатарында ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) үлесін арттыру да бар. Холдинг 60 МВт-тық Ерейментау жел электр станциясының екінші жобасын және Алматы облысы, Шелек ауылындағы жел электр станциясын іске асыруды жоспарлап отыр. 

«Самұрық-Энерго» мамандарының сөзінше, 2019 жылы компания стратегиялық мынадай  бастамаларды: сатудың рентабелділігі мен қызметтің тиімділігін арттыруды;  инвестициялық бағдарламаларды тиімділікпен жүзеге асыруды; корпоративтік басқару мен орнықты дамуды қолға алады.  Сатудың рентабелділігін арттыру үшін бірқатар іс-шараларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, электр энергиясы мен көмірдің ішкі нарықта сатылуын ұлғайту. Болжамданып отырған баланс аясында электр энергиясын ішкі нарықта сатудың көлемін алдағы 2028 жылға дейін 36,1 млрд.кВт.сағатқа жеткізу көзделіп отыр.