Сенбінің таңында АҚШ-тан ақжолтай хабар жетті. Былтыр ғана Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ақ қар, көк мұз үстінде дүркіреп өткен Олимпия ойындарында еліміздің Әнұранын шырқатпаса да, ел мерейін асырып, қола жүлдесімен Алаш жұртын қуантқан саңлағымыз Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен әлем чемпионы атанды. Бұл Қазақстанның қысқы спортындағы 2013 жылдан кейінгі алғашқы алтыны. Осыдан 6 жыл бұрын коньки спортынан Денис Кузин әлем чемпионы атанған еді.
Американың Парк-Сити қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатына төрткүл дүниеден жиналған ең мықты спортшылар бас қосып, өзара үздіктерді анықтады. Бұған дейін де халықаралық додаларда топ жарып жүрген Юлия Галышева бұл жолы да өзінің мықтылығын дәлелдеп, қарсыластарынан оқ бойы алға озып, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Енді Галышеваның қоржынында маңызды саналатын жарыстың барлық медалі бар. Кореядағы Олимпиада қоласын қоса есептегенде, Азия ойындары мен Универсиаданың бір емес екі дүркін чемпионы деген атағы бар. Сонымен қатар 2015 жылы Аустрияның Крайшберг және 2017 жылы Испанияның Сьерра-Невада қаласында өткен әлем біріншілігінде қола және күміс жүлде олжалаған. Міне, араға екі жыл салып әлем чемпионатындағы үшінші мүмкіндігінде алтын медальға қол жеткізіп отыр.
АҚШ-тағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Юлия Галышева үшінші орын иеленіп, алты спортшы қатысатын финалдық кезеңге жолдама алды. Ал финалдық сайыста тамаша өнер көрсеткен отандасымыз 2018 жылғы Олимпиада чемпионы франциялық Перрин Лаффонды басып озды. Финалдық сайыста Галышева 79,14 ұпай жинады. Күміс жүлде аустралиялық Энтони Джакараның еншісінде (78,99 ұпай). Олимпиада чемпионы Перрин Лаффон 78,70 ұпаймен қола жүлде иегері атанды.
Жарыстан кейін Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында әлем чемпионы бұл жеңістің артында тұтас команданың еңбегі жатқанын мәлімдеді. «Бүгінгі алтынға қол жеткізу үшін біз жылдар бойы тер төктік. Маған бапкерлер кеңесі бастаған біздің командамыз күш берді. Алда тағы бірқатар маңызды жарыс бар. Жанкүйерлерді жерге қаратпай, барымды салуға тырысамын», дейді Галышева.
Сонымен қатар ерлер арасында бәсекеде жерлесіміз Павел Колмаков та әлем чемпионатына қатысқан болатын. Алайда, үздік алтылыққа ене алмай, әлемдік сынды 16-шы орынмен аяқтады. Ал Аяулым Әміренова, Александр Геберт және Сергей Романовтар іріктеуден өткен жоқ. Еске сала кетейік, құрама көшбасшыларының бірі Дмитрий Рейхерд жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыса алмады.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»