Алматы облысында өткен бір жыл мерзім ішінде аса ауыр қылмыс саны 13 пайызға, ал ауыр қылмыс саны 10 пайызға төмендеген.
Бірақ, құқық қорғау саласын сауықтыруға қатысты қабылданған шаралар мен ішкі істер органдары қызметінің материалдық-техникалық базасының жаңартылуына қарамастан 2018 жылы өңірде мал ұрлығы өршіп, қалтаға түсу мен үй тонау фактісі де жиі тіркелген.
– Алматы облысы тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттерінің құрылысын республикаларда алғашқы болып бастаған аймақ. Бүгінгі күні жоспарланған 220 нысанның 162 нысаны пайдалануға берілді. Біз еңбек ету жағдайларын жақсарту үшін қажетті көлікті, арнайы құралдарды қамтамасыз етіп келеміз. Биыл 136 автокөлік пен 954 планшеттік компьютер сатып аламыз. Жол-патруль полициясының барлық қызметкерлері автокөліктегі бейнетіркеу құрылғысы мен бейнежетондармен толық қамтылды. Мұнан бөлек, Қапшағай қаласында, Қарасай, Панфилов аудандарында 500 бейнебақылау камералары орнатылады. Облыс орталығында қосымша 515 бейнекамера орнату тағы жоспарланып отыр. Ал облыс аумағында 968 бейнебақылау камерасы бар. Алайда, соған қарамастан, полиция қызметінің жұмысы төмен көрсеткішке ие, – дейді тәртіп сақшыларының жұмысын сынға алған облыс әкімі Амандық Баталов.
Сынға өзек болғанындай, аймақтағы қылмыс жасау дерегі былтырғыға қарағанда 7,8 пайызға көбейген. Жалпы аймақтағы құқықбұзушылық көрсеткіштерін аудандарға бөліп қарастырғанда, негізінен Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле және Жамбыл аудандарында қылмыстық оқиға жиі орын алған. Облыс бойынша жасалған қылмыстың 60 пайызы осы аталған аудандардың еншісінде. Мәселен, Алматы қаласына жақын қоныстанған Жамбыл ауданында 3 адамның өмірін қиған қылмыскер ұсталса, іргедегі Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында да кісі өлтіргендер құрықталды. Тәртіп сақшылары бұл аудандардағы қылмыстың көбеюін мегаполис маңындағы қылмыстық ахуалдың тұрақсыздығынан деп түсіндіреді.
Рас, орган жұмысында оң нәтиже бар. Яғни, полицияның жедел қимыл әрекетінің арқасында аса ауыр қылмыстың ашылу көрсеткіші 92,9 пайызға және ауыр қылмыстың ашылу деңгейі 66,4 пайызға жеткен. Мұнан бөлек, бұрын жасалған 3 мыңға жуық қылмыс ашылып, кінәсі дәлелденген 2430 адам өткен жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Ал облыстың тергеу органдары ұзын саны 5333 қылмыстық істі сотқа жолдаған.
Жалпы, жергілікті атқарушы билік тарапынан полиция қызметкерінің жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалғанын жоғарыда айттық. Әсіресе ауылдық өңірлердегі құқық тәртібін сақтауға бағытталған шаралар жеткілікті. Оның ішінде полицейлердің әлеуметтік жағдайын жасау бірінші орында тұр. Алматы облысында өткен жылы тұрғын үймен біріктірілген 167 учаскелік полиция бекеті салынған. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Айтпақшы, биыл Қапшағай көліндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы полиция қызметі құрылады.
– Қапшағай су қоймасының жағалауында патрульдік полиция қызметін құру идеясына облыс әкімі тарапынан қолдау көрсетілді. Қазір жұмысты жандандыру үшін 2 қайық пен үш шаңғы қажет. Бұл мәселе жақын күндері шешіледі, – дейді Қапшағай қалалық полиция басқармасының бастығы, подполковник Эльдар Әбдікенов.
Шынында да, Қапшағай жағажайында жаз кезінде демалушылар қатары көбейеді. Қоғамдық тәртіпті құрлықта қадағалау оңай болғанымен, азаматтардың судағы жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету арнайы құралмен жабдықталған полиция жасағынсыз қиын болып отыр. Ал қыс мезгілінде де көл үстінде балықшылар мен саятшылардың өміріне қауіп төнген мысалдар жеткілікті екен.
Айтпақшы, облыс әкімі мен тұрғындардың полиция қызметіне қатысты сындарлы көзқарасы тәртіп сақшыларының жұмысын ширата түскен сыңайлы. Обалы не керек, тәртіп сақшылары тарапынан жедел әрекет жасалып жатыр. Олар жаңа жылдан бері суық жүріс пен ұрлықты кәсіп еткен бірнеше қылмыстық топты әшкерелеген. Ал жақында барымтаға кеткен мал аман табылып, иесіне қайтарылғаны жайлы да жағымды хабар жетті. Мәселен, Іле ауданы Қараой ауылының тұрғыны қорасындағы 13 бас жылқының қолды болғанын айтып, ішкі істер бөліміне шағымданған екен. Із кесушілер жедел қимылдап, күдіктіні тапты. Ол 47 жастағы сол ауылдың тұрғыны болып шықты. Ұзамай жоғалған жылқының дерегі анықталып, көрші облыс аумағына асып кеткен 13 бас жылқы дін аман кері қайтарылды.
– Қарой ауылының тұрғыны Іле аудандық ішкі істер басқармасына 13 бас жылқысының ұрланғанын айтып, 3 миллион 250 мың теңге шығын шеккені жайында арыз берген болатын. Полиция тарапынан жедел әрекет жасалып, 4 күн ішінде күдіктіні ұстадық. Жоғалған жылқы табылды. Қазір ол адамның үстінен тергеу басталып, басқа да мал ұрлығына қатысы бар-жоғы тексерілуде, – дейді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан Нұрахмет.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы