Бүгін спорт жанкүйерлері көптен күткен Чемпиондар лигасының 1/8 финалдық ойындары басталады. Астана уақыты бойынша сағат 02:00-де «Манчестер Юнайтед» пен «ПСЖ», «Рома» мен «Порту» клубтары кездеседі.
«МЮ» – «ПСЖ»
Бүгінгі күннің басты кездесуі бұл. Манчестерліктер де, париждіктер де Чемпиондар лигасында топ жаруда көздейді. Әсіресе, ойыншыларға миллиардтап қаржы салған «ПСЖ» үшін қос құлақты кубокты көтеру арманға айналған. Ал «МЮ» Сэр Алекс Фергюсон кеткелі дүбірлі додада топ жару дегенді ұмытқан-ды. Ендеше, екі команда үшін бүгінгі ойында бәсі жоғары болуы алдағы жеңістер жылнамасына себеп болуы әбден мүмкін.
Айта кету керек, бұған дейін екі клуб өзара бір-ақ рет кездесті. Оның өзінде, 2015 жылы жолдастық кездесу өткізген-тұғын. Аталған матчта париждіктер 0:2 есебімен басым түсті. Ал ресми турнирлерде командалар өзара шеберлік байқаспаған. Ендеше, бүгінгі жекпе-жек қызыққа толы болмақ.
Өкінішке қарай, алдағы матчқа Неймар мен Кавани секілді ала допты ұршықша иірген майталмандар қатыста алмайды. Неймар қаңтарда алған жарақаты себебінен маусым аяғына дейін жасыл алаңға шықпайды. Ал Кавани үш күн бұрын «Бордоға» қарсы өткен ойында балтырын ауыртып алыпты.
Керісінше, «Манчестер Юнайтед» алдағы матчқа сақадай сай. Клубтың бұрынғы бапкері Жозе Моуриньо қызметінен кеткелі «қызыл сойқандар» жеңілу дегенді білмей келеді. Уле Гуннар Сульшер команда тізгінін ұстағалы «МЮ»-дың тасы өрге домалап тұр.
«Егемен» болжам: Ойынның «Олд Траффордта» өтетінін ескерсек, бүгінгі кездесуде матчестерліктер жеңіске жетуі әбден мүмкін. «Егеменнің» болжамы – 2:1.
«Рома» – «Порту»
Былтыр «Рома» 1/2 финалға дейін жеткені белгілі. Римдіктер биыл да сол жетістігін қайталаудан үмітті. Ал «Порту» 2004 жылғы жеңістен кейін Еуропаның үздіктері қатарына іліге алмай келеді.
Екі команда өзара 4 мәрте жолыққан. Аталған ойындардың екеуінде португалдардың бәсі жоғары болса, екі кездесу тең аяқталды. Алғашқы матч 1981 жылы өтіп, онда «Порту» 2:0 есебімен басым түскен. Ал үш жыл бұрын плей-офф раундында кездескенде португалиялықтар жалпы екі ойын қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жеңіске жетті. «Драгауда» өткен алғашқы матчта командалар 1-1 есебімен тең тарқасқан. Қарымда матчта римдіктердің екі ойыншысы алаңнан қуылып, үш гол жіберіп алды.
Командадағы бір-екі футболшы кездесуге қатыспайды демесеңіз, «Романың» да, «Портудың» да ойыншылары алдағы матчқа сақадай сай. Әсіресе, Португалиялықтар қысқы трансфер кезінде күшейіп алды. Пепе мен Фернандо секілді футболшылар ендігі жерде «Портудың» жейдесінде өнер көрсетеді.
«Егемен» болжам: Екі команда да жеңіске лайық. Алайда статистикаға сүйенсек, матч тең аяқталуы ықтимал. Ендеше, «Егеменнің» болжамы – 1:1.