Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Лондон қаласында өткен «Vex Robotics Coмpetition-2019» сайысынан жүлделі оралды.
Қазақстандық жас өнертапқыштар «Vex Robotics Coмpetition-2019» сайысында өз жобаларын қорғап, үздік нәтижелер көрсетті. Турнирдің басты мақсаты – ойын элементтерін ауыстыру арқылы максималды ұпай санын жинау болса, матч соңында әрбір команданың роботы сатының ең биік шыңына көтерілуі тиіс.
VRC-2019 турнирінің алғашқы күні 8 матч өтіп, қазақстандық қыздар жетінші орында тұрақтады, ал ұлдарымыз үздік төрттіктің құрамына енді. Ойынның қорытынды кезеңінде командалар тағы 5 ойын ойнады. Ал ұлдар командасы финалға шығып, екінші жүлделі орынды иеленді. Skills challenge жеке есебі бойынша қыздар құрама командасы екінші орынға табан тіреді. Жарыс төрешілері қыздар құрамасының белсенділігіне жоғары баға беріп, жасалған роботтың дизайны үшін «Judges Award» ерекше наградасын ұсынды. Осылайша қазақстандық команда екі І орынмен (Skills Challenge and Judges Award) және екі ІІ орынмен оралды.
Жарысқа жалпы саны 32 команда қатысты. Оның ішінде Ұлыбританиядан 24, Түркиядан 6 және Қазақстаннан 2 команда бар. Қазақстанның намысын Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Бахтияр Теміров, Жәнібек Манабаев, қыздар құрамасында Дильназ Камалова, Любовь Дудченко және Малика Бурибаева қорғады. Команданың бұрынғы бапкері, роботтехника және техникалық өнер зертханасының меңгерушісі Досмағамбет Нұрдаулеттің айтуынша, команда 4 жыл көлеміндегі роботтехника бойынша атқарған жұмыстары барысында біраз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бүгінде қазақстандық команданы америкалық бапкер Thomas Loome жаттықтырады.
«Егемен-ақпарат»