• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Ақпан, 2019

Шенеуніктер енді кең сарайдай кеңселерде отырмайды

429 рет
көрсетілді

Бұл жайында былтыр Елбасы халыққа арнаған Жолдауы кезінде де айтып еді. Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті аймақтағы кең сарайдай кеңселерді анықтау үшін 2018 жылы қараша айында өңірдің қала-аудандарына арнайы мониторинг жүргізіпті. «Мониторинг нәтижесінде облыстағы 436 мемлекеттік мекеменің 32 975,38 шаршы метр жерді артық пайдаланып отырғаны анықталды. Соның 6022,98 шаршы метрі басшылардың кабинеттеріне тиесілі», - дейді 11 ақпанда Өскеменде өткен Әдеп кеңесінде баяндама жасаған аталған департаменттің бас маманы Надежда Окатенко.

Алайда бас маман бөлмелерді кішірейтіп, бюджет қаржысын үнемдеу жөніндегі талап толық деңгейде орындалмай отырғанын айтады. Мәселен, Семей қаласы әкімдігіне әкімдік ғимаратында орналасқан банкет залын оңтайландыру, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы, құрылыс, мәдениет және тілдерді дамыту, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерін қала әкімінің аппаратына орналастыру жөнінде ұсыным берілгенімен, талап әлі орындалмапты. Тапсырманы орындауға тырысып жатқан аудандар да жиында атаусыз қалмады. Мәселен, Абай ауданының экономика және бюжеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасарының кабинеті аумақтық сайлау комиссиясы төрағасына беріліпті.

Ал Бесқарағай ауданында жер қатынастары бөлімі мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімдері бір ғимаратқа орналастырылып, нәтижесінде 6 мемлекеттік мекеме бір жерде орын теуіп, 2 миллион 190 мың теңге бюджет қаржысы үнемделіпті. Әдеп кеңесінде жақын арада кең сарайдай кабинеттерімен қош айтысып, қызметкерлерімен қолтықтаса отыратын бөлім басшылары туралы да сөз етілді. Өскемен қаласының Ішкі саясат бөлімінің басшысы енді бұрынғыдай жалғыз отырмайды. Оның кабинеті 15 шаршы метрге ықшамдалып, пластикалық қоршаумен бөлініп, қызметкерлерге берілмек. Кәсіпкерлік бөлімі басшысының кабинетіне де бөлім қызметкерлері орналастырылмақ. Осы бөлім басшысының орынбасары енді штаттан тыс қызметкермен бірге 9 шаршы метр жерде отырады. Ал Өскемен қаласының қаржы, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімінің артық жерлері жалға берілмек.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

ӨСКЕМЕН