Бүгін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалының өкілдері Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мамандарымен бірлесіп, қаладағы сауда орталықтарының бірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
2019 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде жаңа төлем жүйесі – бірыңғай жиынтық төлем жүйесі (БЖТ) енгізілді. Ол төрт түрлі төлемді – жеке табыс салығын, зейнетақы қорына, медициналық сақтандыру қорына және әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын жарналарды біріктіреді. Бірыңғай жиынтық төлем жүйесі қарамағына жұмыскер алмай, табыс табу мақсатында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтарға арналған.
Бірыңғай жиынтық төлемді қолма-қол ақшалай немесе банктер мен жекелеген банк қызметін көрсететін ұйымдар арқылы төлейді. Ол Мемлекеттік корпорацияның банктік есеп-шотына төленеді. Егер қаражат бірыңғай жиынтық төлем көлеміне сәйкес келмесе, аталған ұйымдар БЖТ қабылдамайды. БЖТ мөлшері: республикалық маңызы бар қалалар үшін - 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш); басқа елді мекендер (аудан, ауыл, т.б.) үшін - 0,5 АЕК.
Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер өз бетінше төлей алады немесе олардың пайдасы үшін үшінші тұлға төлейді. Бірыңғай жиынтық төлем төлеген кезде, төлем жасаған айы, жылы көрсетілуі тиіс.
Банктер мен жекелеген банк қызметтерін көрсететін ұйымдарға түскен бірыңғай жиынтық төлемдер МТ-102 электронды төлем тапсырмасы бойынша Мемлекеттік корпорацияға аударылады. МТ-102 төлем тапсырмасының форматына бірыңғай жиынтық төлем төлейтін тұлғаның жеке сәйкестендірілген нөмірі; тегі, аты, жөні; туған күні, айы, жылы; төлемнің көлемі енеді. Мемлекеттік корпорация қаражат түскен күннен бастап үш операциялық күн ішінде БЖТ сомасын тиісті салаларға үлестіріп, аударады:
10% - жеке табыс салығы;
20% - әлеуметтік аударымдар;
30% - зейнетақы жарнасы;
40% - медициналық сақтандыру жарнасы.
Яғни, осы төлем жүйесімен жарна төлеу арқылы елордалық өзін-өзі жұмыспен қамтушылар да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік алады. Осылайша азаматтар уақыты мен қаржысын үнемдеп ғана қоймай, болашақта жеке басына қажетті төлемдерден қол үзбейді.
Ал ағымдағы жылы медициналық сақтандыру жарнасының мөлшері қандай болмақ?2019 жылы елордалық жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмыскер үшін оның табысының 1,5% мөлшерінде жарна аударады.
Төлем бойынша шектеу де бар екенін ескеру керек: егер азамат ең төменгі жалақы көрсеткішінің 10 есе мөлшерінен жоғары сомада жалақы алатын болса, тек 10 ең төменгі жалақы көрсеткішінен ғана жарна төленеді.
2020 жылдан жұмыс берушілер мен басқа да азаматтар қанша төлейді?Астана қаласындағы жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін жарна аударуды жалғастыра береді. 2020 жылдан бастап олар өз қаражаты есебінен жұмыскер үшін оның табысының 2% мөлшерінде және жұмыскер қаражаты есебінен оның табысының 1% мөлшерінде жарна аударады.
Жеке кәсіпкерлер өзі үшін тиісті қаржылық жылдағы ең төменгі жалақы 1,4 есе мөлшерінен 5% жарна төлейді.
Ал мемлекет 2020 жылдан бастап халықтың 13 санаты үшін жарна аударады. Олар: балалар, зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала күтіміне байланысты демалыстағы аналар, мүгедектер және мүгедек балаларға күтім жасайтын адамдар, тіркелген жұмыссыздар, жұмыс істемейтін оралмандар, студенттер, интернат тәрбиеленушілері, тергеу изоляторларындағылар мен түрмеде жазасын өтеушілер.
Медициналық сақтандыру қорына өз бетімен жарна аударатындар, яғни ресми түрде еш жерде тіркелмегендер, 2020 жылдан бастап ай сайын ең төменгі жалақы көрсеткішінің 5% мөлшерінде жарна төлейді.
Естеріңізге саламыз, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. 2020 жылдан бастап бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.