Біз көбіне адамдарды қызметіне, мамандығына, қалта-қарымына қарап бағалайтын болдық. Бұл - адамның бүкіл болмысын танытпайды, қайта шатыстырады. Ал жансарайы мөлдірлер өзін де, өзгені де адастырмайды.
Сондай бір абзал азамат – «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жыл бас есепші қызметін атқарған Мұхаметқали Қазымов еді. Мамандығы есеп-қисап болғанымен, рухы мықты азамат-тын. Ел ішіндегі ұлық әңгімені көкейіне түйіп, оны төгілдіріп айта да білетін. Ең бастысы, ұлт сөзін ұғатын, тіл салмағын түсінетін, әдет-салтқа сақ қарайтын. Астарлы қалжыңға да, қағып түсер әзілге де шебер еді. Содан болар, егемендіктермен ол тез тіл табысып кетті.
Алды кең, өзінің ұстаған бағытына бекем, сыйласқан жанмен адал қарым-қатынас жасауға бейім тұратын. Ұзын бойы, келіскен келбеті, ақсары дидары өз болмысына ғана тән еді. Бойындағы қуат, жанындағы жігер тасқын судай көрінетін. Алымы да керемет, шалымы да мықты еді. Машинамен Астанадан шығып, Қызылордаға қонып, Жайықты жағалап, бүгінде Ресей бағынысында қалған Сарытаудағы (Саратов) зайыбы Ақырыс апамыздың төркін-төсін түгендеп, қайтқанда Ақтөбеге соғып, Шығысты шарлап, Жетісудың тау-тасынан асып, Алматыға атбасын тіреп, көзінің қарашығындай Райымбегінің маңдайынан иіскеп, немерелерін құшырлана құшаққа алып, бірер күн жатып, қайтадан Астанаға оралатын. «Маха, шаршамайсыз ба?» дейміз. «Баяғыда атқа мінген аталарымыз шаршадым демеген ғой. Мына даланы тақымыңды тоздыратын атқа қарағанда, машинамен аралау анағұрлым жайлы емес пе. Тігіп қойған үйдей ғой!» деуші еді.
Бақиға аттанарынан бір күн бұрын машинамен Алматыдан келіпті. Соның дәл алдында ғана 4-5 күн дәрігерге қаралып, ем-дом қабылдап шығып, қыстың қысқа күнінде мүшел жасқа келген, яғни 73-тегі Махаңа бұл оңай соқпаса керек. Жүрегі қайтадан сыр беріп, арамыздан сырғып кете барды. Махаң өз ел-жұртын да, қайын жұртын да қатты сыйлайтын еді. Зұлмат заманда қазақтың батысындағы Бөкей ордасынан Сарытауға барып жан сақтаған қайын енесі көрген қиындығын, соғыс кезіндегі тартқан азабын өлең етіп бір дәптерге жазып кетіпті. Соны асыл азамат шап-шағын кітап етіп бастырды.
«Ақырыстың анасы текті адам еді. Керемет ақынжанды кісі болатын. Атақты Ғұмар Қараштың немере қарындасы» деп әлгі көк сиямен жазылған қолжазбаны бізге үстінен бір қаратып алып, «Ананың жүрек лүпілі» деген шағын жыр жинағын шығарды. Бұл ол кісінің үлкенге құрметін, өткенге сергек қарайтын сезімталдығын танытса керек.
Махамбет Жұмабекұлы Қызылорда облысының Шиелі ауданында туып-өскен жайсаң жан еді. Сол ауылдан шығып, Алматыға барып білім алып, одан кейін Ауыл шаруашылығы, Әділет министрліктерінде қызмет еткен. Соңғы жұмыс орны «Егемен Қазақстан» еді. Бас басылымнан зейнетке шықты. Ұжымдағы беделі биік болды. Өйткені ол халықшыл, қарапайым, жолынан жығылмайтын, айтқанын орындайтын, екі сөзге жоқ, туғанына да турашыл еді. Айтарын ірікпейтін ірілігі де өзіне жарасып тұратын.
Көңіл қимағанмен, арсыз ажал Махаңды арамыздан алып кетті. Несін жасырайық, соңғы жылдары біраз ағамыздан көз жазып қалдық. Мұндайда айтар сөз тек артын оңдасын дегенге тірелсе керек. Соңында адал жары, ұл-қыздары, олардан өсіп-өнген немерелері қалды. Бұл өлді деуге келмейтін өмір жалғасын ұқтырады. Жақсының өзі жер бесікке түскенмен, соңында өнегесі қалып отыр. Мұндайда оның екінші өмірі жалғасын тапты десек, абзал азаматтың рухы биіктей түспек.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»