Бүгін Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтті. Онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Палата қарауына Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы ұсынылды.
Келісім екі мемлекет арасындағы достық байланыстарды нығайтуға, олардың мұнай-газ саласындағы, мұнай-газ-химия және электр энергетикасындағы ынтымақтастығын ынталандыруға, мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу үшін Өзбекстан Республикасына шикі мұнай беруді ұлғайтуға, сондай-ақ, еліміздің оңтүстігін күзгі-қысқы кезеңде табиғи газбен жабдықтауға бағытталған.
Сонымен қатар, Мәжіліс мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттар әзірлеген заң жобасын бірінші оқылымда қарамақ. Бюро отырысында Тәжікстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Исмаилиттер Имаматы арасындағы Орталық Азия Университетін құру жөніндегі шартқа хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысында қарау жоспарланды.