• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Ақпан, 2019

М.Әшімбаев: Көпбалалы отбасыларды қолдаудың түрлі жолы бар

381 рет
көрсетілді

2018 жылы Республикалық бюджет пен Әлеуметтік сақтандыру қорынан балалы отбасыларды қолдауға 311 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.

«Республикалық бюджет пен Әлеуметтік сақтандыру қорынан балалы отбасыларды қолдауға өткен жылы 311 млрд теңге жұмылдырылған болатын. Оның үстіне мемлекеттің көмегі тек әлеуметтік төлемдермен шектеліп отырған жоқ. Кірісі төмен отбасылар үшін мекенжай бойынша әлеуметтік көмектің бар екенін білесіздер. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы биліктен де үлкен көмек бар», - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстан бөлек аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қосымша қандай көмек көрсетуге болатыны туралы мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырғанын тілге тиек етіп, көпбалалы отбасыларды қолдаудың түрлі жолдарын іздеу керектігін атап өтті.

«Бұл жерде тек әлеуметтік жәрдемақы туралы ғана сөз болмауы керек. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын көмектің өзге де формалары бар. Ең алдымен, баспана мәселесі, коммуналдық төлемнің белгілі бір бөлігін жабу, қоғамдық көлікпен тегін жүру, дәрі-дәрмекпен қамту секілді қолдаудың әртүрлі жолдары бар. Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету туралы сөз қозғағанда әлеуметтік көмектен бөлек, қолдаудың түрлі жолдары барын ескеруіміз керек. Мәселеге кешенді түрде жақындауымыз қажет», - деді Мәулен Әшімбаев.