Бейсенбі, 26 сәуір 2012 6:43
Негізін осыдан жарты ғасыр бұрын салған Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты – медицинаның әр түрлі саласындағы дәрігерлерге дипломнан кейінгі оқыту қызметін көрсететін, тиімді бірлескен менеджмент жүйесі бар, алдыңғы қатарлы әдістер мен технологиялардың тиімділігін қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын, денсаулық сақтау саласының кадрлар ресурсын үздіксіз кәсіби дамытуды қамтамасыз ететін бірден бір мекеме. Бүгін Алматыдағы «Ғылым ордасында» Денсаулық сақтау министрлігінің,
Бейсенбі, 26 сәуір 2012 6:43
Негізін осыдан жарты ғасыр бұрын салған Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты – медицинаның әр түрлі саласындағы дәрігерлерге дипломнан кейінгі оқыту қызметін көрсететін, тиімді бірлескен менеджмент жүйесі бар, алдыңғы қатарлы әдістер мен технологиялардың тиімділігін қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын, денсаулық сақтау саласының кадрлар ресурсын үздіксіз кәсіби дамытуды қамтамасыз ететін бірден бір мекеме. Бүгін Алматыдағы «Ғылым ордасында» Денсаулық сақтау министрлігінің, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты мен Инновациялық оқыту консорциумының ұйымдастыруымен, мемлекеттік емес ұйымдардың және медициналық кәсіби қауымдастықтардың қолдауымен «Денсаулық баршаға: алдын алу, емдеу, оңалту» атты халықаралық конгресс өтеді. Міне, осы ауқымды да алқалы жиын қарсаңында Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Валихан АХМЕТОВКЕ жолығып, өткізілетін аталмыш іс-шара, сондай-ақ институттың бүгінгі-тыныс тіршілігі жайында әңгімелесудің сәті түскен еді…
– Валихан Исаұлы, әуелі әңгіме ауанын Алматыда 26-28 сәуір аралығында өтетін халықаралық дәрежедегі үлкен жиынның мақсатына, ондағы көтерілетін мәселелерге бұрсаңыз…
– Әрине, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өткелі отырған конгрестің басты мақсатының өзі дәрігерлердің халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуына, әлем медицинасының озық техникасы мен технологиясын бағамдап, біздің мамандарымыздың үйренуіне қолдау көрсету. Өйткені, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы мен ҚР-ның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының мақсаттарына жету – білім беру бағдарламаларын іске асыру арқылы мамандарды даярлау деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан да конгресс жұмысы денсаулық сақтау саласы мамандарының кадрлық ресурстарын дамыту, әлеуметтік бағдарлы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына негізделген тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге бағытталып отыр.
– Қатысушылардың саны қанша? Қай мемлекеттерден қонақтар келеді деп күтілуде?
– Қоғамдық денсаулық сақтау саласы және клиникалық медицина мәселелерін талқылауға еліміздің барлық өңірлерінен 1000-нан астам жетекші мамандар, практикалық дәрігерлер, денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер қатысады. Аталмыш шараға алыс-жақын шетелдерден 17 мемлекет өкілдері қатысатыны белгілі болып отыр. Конгресс шеңберінде алыс шетелдерден (АҚШ, Италия, Франция, Швеция, Израиль, Германия, Жапония, Чехия, Польша, Литва, Латвия және т.б.) және ТМД елдерінен (Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б.) келген белгілі ғалымдардың баяндамалары мен дәрістері жоспарлануда. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің басты бағыттары бойынша мамандарды оқыту туралы 11 тақырыптық, салалық шеберлік кластары, сонымен қатар симпозиумдар өтеді. Сөйтіп, конгресс практикалық денсаулық сақтау саласына озық технологиялар мен қазіргі заманғы білім беру трансферті үшін қолайлы алаңға айналмақ.
– Тәуелсіздіктің арқасында қазір шетелмен әріптестік байланыс жасауға жол ашылып, әлемдік медицинадағы болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде біліп, хабардар болудамыз. Ендеше, бүгінгідей медицинаның жыл санап емес, күн санап дамып отырған уақытында институттың материалдық-техникалық жабдықтары, клиникалық базалары соған сай ма? Тәжірибе алмасу жағы қалай шешілген?
– Институт кафедраларының клиникалық базалары – заманауи деңгейде диагностикалық, емдеу қағидаларын игеруге мүмкіндік беретін және заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған 33 жетекші клиникалық ауруханалар, ғылыми және емдеу-диагностикалық орталықтар болып табылады. Ал тәжірибе алмасу тұрақты түрде жүргізіледі. Біздің аларымыз да, өзге елден келген мамандарға береріміз де бар. Мәселен, тәжірибе алмасу мақсатында бізге Ресейден, Украинадан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан, Белорусиядан әріптестеріміз келіп тұрады. Тіпті, Еуропа мамандары да өздері өндірген аппараттардың кейбір қосымша қолдану тәсілдерін бізден үйренетін кездері болады. Мәселен, рентген аппаратымен күйдіріп, тамырдың жағдайын жақсарту бізде қалыптасқан қосалқы тәсілдердің бірі. Неміс дәрігерлері осы тәсілді арнайы біздің институтқа келіп меңгерді.
Біздің оқытушы-дәрігерлеріміз дамыған елдерге барып, білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасады. Өткен жылы осы мақсатта 50 оқытушы шетелге іс-сапармен барып қайтты. Сондай-ақ, институт қабырғасында кафедрааралық тәжірибе алмасулар өтіп тұрады. Дәстүрлі шара барысында тиімді деген тәсілдер сарапқа салынып, оқу-үйрету сабақтары да жүзеге асырылады. Егер де шетелден маман шақыру мен «шеберлік сабағын» ұйымдастыру мәселесі бір жүйеге қойылып, арнайы бұл шаруа қолға алынса, шетелге барып тәжірибе алмасушылар қатары азаяды деп білемін.
Институттың Астанадағы бөлімшесі Ұлттық холдинг негізінде медицина мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста екенін айта кету жөн. Холдинг құрамындағы медициналық мекемелердің дүниежүзілік деңгейдегі техника мен әдіс-тәсілдердің жалпы ел игілігіне айналуы – Дәрігерлер білімін жетілдіру институтының өзінің де, Астанадағы бөлімшесінің де ұдайы назарында.
– Бүгінде дәрігерлердің білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыратын оқу мерзімі қанша уақытқа белгіленген?
– Бұрын ақ халатты абзал жандар Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтына 5 жылда бір келіп, даярлау курстарынан өтетін. Дәрігерлер біліктілігін арттыру мәселесі сонымен бітіп, келесі 5 жылға дейін, мамандардың білім деңгейі сарапқа салынбайтын. Қазір ол «дәурен» өтті. Бүгінгі заман талабы медицина қызметкерлеріне өте үлкен жауапкершілік әкеліп отыр. Күнделікті өмірімізде ғылым мен техника дамыған тұста медицина саласын одан әрі жетілдіруде жаңа мүмкіндіктер тууда. Сондықтан біздің дәрігерлер ол жаңалықтан қалмай, еліміздің денсаулық саласын жақсарту мақсатында үздіксіз білім алуы міндетті. Жаңа жүйе бойынша, қазіргі таңда дәрігерлер 5 жылда бір рет міндетті түрде емтихан тапсырып, сол аралықта өз қызметін жалғастыра жүріп «бірлік», «негізгі бірлік», «қосымша бірлік» алуға міндеттелді. Ашып айтар болсақ, «Негізгі бірлікке» біліктілігін арттыру мақсатында курстарда білім алу қажет болса, «Қосымша бірлікке» өз саласына қатысты симпозиум немесе конференция сынды жиындарға атсалысып, баяндама жасау мен бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жариялау шарт. Осы аталмыш шаралар жүзеге асырылғанда ғана «бірлік» есептеледі.
– Оқыту қызметіне тоқталсаңыз…
– Институтта 3 факультет бар. Олар – хирургиялық, терапиялық пәндер, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау факультеті. Оқу үрдісін 32 кафедра мен 22 курс қамтамасыз етеді. Қазір интеграцияланған жүйе бойынша оқытамыз. Бұл – дәрігер тек өзі маманданған сала бойынша білімін жетілдіріп қана қоймай, медицинаның басқа да салаларынан мағлұмат алады деген сөз. Айталық, бұрын терапевт-дәрігер тек терапия бойынша қайта даярлықтан өтсе, жаңа бағдарлама бойынша тыңдаушы осындағы барлық мамандық бойынша дәріске қатысады.
– Валихан Исаұлы, институт шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын болып табылады. Дәрігерлердің өзін оқытатын ғалымдардың еңбекақыларын төлеу қалай шешілген? «Ынталандыру коэфициенті» қосылды деп естідік…
– Біздің шаруашылық жүргізу құқығымыз қызметкерлердің еңбегіне қарай ақы төлеу саясатын жүзеге асыру үшін қаралатын шара. Баршаға белгілі, бұрындары еңбекақы мемлекеттік мекеме атаулыда лауызымы бірдей қызметкерлерге артық-кемсіз бір көлемде төленетін. Мәселен, бірінші санатты 10 терепевт-дәрігер 40 мың теңге көлемінде бірдей жалақы алатын. «Шаруашылық жүргізу құқындағы мекеме» мәртебесінің арқасында мұндай әсіре теңгермешіліктен үзілді-кесілді бас тарттық.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру мақсатында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, бүгінде алғашқы дәрігерлік көмек көрсету саласындағы қызметкерлерге «Ынталандыру коэфициенті» қосылып, еңбекақылары біршама көтерілді. Осы қаражат есебінен дәрігерлер ендігі жерде білімдерін толыққанды нығайту мүмкіндігіне ие болды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.