Сейсенбі, 19 маусым 2012 7:34
Қазақстанның фармацевтика саласы өзінің қарқынды даму кезеңіне келіп кірді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген және жүзеге асырылу үстіндегі еліміздің индустриялық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасының бір бағыты болып табылатын бұл саладағы мемлекеттік стратегия отандық дәрі-дәрмек индустриясын жаңғырту, қазақстандық кәсіпорындарға дәрі-дәрмек жасаудың әлемдік стандарттарын енгізу, халықты қажетті дәрі-дәрмекпен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етіп, таяудағы жылдардың ішінде сыртқы рыноктарға шығу шараларын жүзеге асыруға бағытталған.
Сейсенбі, 19 маусым 2012 7:34
Қазақстанның фармацевтика саласы өзінің қарқынды даму кезеңіне келіп кірді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген және жүзеге асырылу үстіндегі еліміздің индустриялық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасының бір бағыты болып табылатын бұл саладағы мемлекеттік стратегия отандық дәрі-дәрмек индустриясын жаңғырту, қазақстандық кәсіпорындарға дәрі-дәрмек жасаудың әлемдік стандарттарын енгізу, халықты қажетті дәрі-дәрмекпен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етіп, таяудағы жылдардың ішінде сыртқы рыноктарға шығу шараларын жүзеге асыруға бағытталған. «СҚ-Фармация» ЖШС басқармасының төрағасы Назарбек Бейсенмен арадағы әңгімеміз аталған іс-шаралардың қалай орындалып жатқандығын қамтыды.
– Назарбек Есіркепұлы, бізге белгілі болғанындай, еліміздің фармацевтика саласы 2014 жылға дейін GMP халықаралық сапа стандартына көшуі тиіс екен. Осы мәселеде саладағы мемлекеттік оператор ретінде «СҚ-Фармация» ЖШС қандай рөл атқармақ?
– Еліміздің экономика саласындағы басты құжат индустриялық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасын жүзеге асыру жеті бағыттан тұратыны белгілі. Сол бағыттардың бірі – елімізде бәсекеге қабілетті фармацевтика саласын қалыптастыру болып табылады. Осы міндетті жүзеге асыру үшін бұл саланы 2014 жылға дейін GMP стандарттарына толықтай көшіру мәселесі жоспарланған.
Әрине, мұндай үлкен міндетті жүзеге асыру үшін салаға ауқымды инвестициялар салу қажет. Ал мұндай инвестициялардың беретін пайдасы одан да зор. Мұны есептеу қиын емес. Мәселен, соңғы жеті жылда елімізде дәрі-дәрмектердің сауда айналымы жыл сайын 15-20 пайызға өсіп, өткен жылы 1,3 миллиард долларды құрады. Егер біз алдымызға қойған міндетке сәйкес отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытатын болсақ, мұншама мол қаржы сыртқа кетпей, еліміздің өз ішінде қалатындығы, осы арқылы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, экономиканың дамуына оң нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететіндігі белгілі.
Осы ретте, Бірыңғай дистрибьютор ретіндегі «СҚ-Фармация» ЖШС-на жүктеліп отырған негізгі міндеттердің бірі дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алған кезде преференциялар беру арқылы отандық өндірушілерді қолдау болып табылады. Осы арқылы біз бизнес қауымдастығына мемлекеттік қолдауды көрсете отырып, олардың қолданыстағы өндірістерін GMP халықаралық стандарттарына сәйкес қайта жарақтандыруларына, импортты алмастыратын жаңа дәрі-дәрмек өндірістерін ашуға елеулі ықпал ететін боламыз.
– Енді отандық өндірісшілермен ынтымақтастықтың осы мәселесіне нақтырақ тоқтала кетсеңіз.
– Бізде мұның нақты жолдары мен тетіктері әзірленген. Егер дәрі-дәрмек шығаратын отандық зауыттың өнімі халықаралық сапа жүйесіне сәйкестендірілетін болса, оларға мемлекет қолдауы көрсетілетін болады.
Мұны жүзеге асырудың бірінші тетігі – мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізген кезде отандық өндірісшілерге артықшылықтар берілуі. Мәселен, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің тегін медициналық көмектің кепілді көлемі бойынша дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу көрсеткіші 2012 жылы 60 миллиардтан астам теңгені құрамақ. Міне, осы қаржыны орналастырған кезде біз ішкі рыноктағы импорттық тауарларды отандық өнімдермен алмастыру бағытында жұмыс істеп жатқан өндірісшілерге бірінші кезекте назар аударатын боламыз. Әрине, олар шығаратын дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтардың қаншалықты сапалы екендігін де ескереміз. GMP стандарттарын енгізудің өзі осы талаптан туындап отыр.
Ал енді осы мәселедегі отандық өндіріске тигізетін мемлекет көмегінің көлемі қандай десеңіз, егер біз 2009 жылы отандық өндірісшілердің дәрі-дәрмектерін сатып алуға өзімізге бөлінген қаржының 10 пайызын ғана жұмсасақ, 2012 жылы бұл көрсеткіш 68 пайызға дейінгі натуралық көрсеткішке жетіп отыр. Бұл көрсеткіштен бір жағынан алғанда, мемлекеттің отандық өндірісті қаншалықты деңгейде қолдап отырғандығын аңғарсақ, екінші жағынан алғанда отандық дәрі-дәрмек өндірісінің де қандай қарқынмен дамып келе жатқандығын байқаймыз.
Қолдау тетігінің екінші бір түрі – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің отандық өндірісшілермен ұзақмерзімді келісім-шарттар жасау. Бұл келісім-шарттар жеті жылдық мерзімді қамтиды. Мұндай келісім-шарттарға қол жеткізген отандық өндіріс орны көп жылғы тапсырыспен қамтамасыз етілетіндіктен, өз жұмыстарын сенімділікпен жүргізе алады. Өйткені, мұндай жағдайда олар жылда тендерге қатысу машақатынан құтылады. Әрине, ол үшін өндірісшілер ең бірінші кезекте GMP (дәрі-дәрмектер шығару үшін) және ИСО (медициналық мақсаттағы бұйымдар шығару үшін) стандарттарына сәйкес сертификаттарға ие болу қажет.
– Сіз айтып отырған мәселеге байланысты отандық өндірісшілер мен дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар сатып алу жөнінде жасалған нақты келісімдер бар ма?
– Әрине, бар. Мәселен, біз бірқатар отандық дәрі-дәрмек өндірісінің ірі кәсіпорындарымен 14 ұзақмерзімді келісім-шарттар жасадық. Қазір осының негізінде бұл кәсіпорындар өндірістерін жаңғырту жұмыстарын қолға алып отыр.
Атап айтқанда, «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ бізбен келісім-шарт жасаудың нәтижесінде қазіргі күні технологиялық қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізіп, қазақстандық рынокта бірінші рет GMP халықаралық стандарттарына ие болды. Бұл фабрика өнімінің сапасының артқандығын білдіреді және олар өз өнімдерін шетелдік рыноктарға да еркін шығара алады.
Сондай-ақ біздің қолдауымыздың нәтижесінде Шымкенттегі «Химфарм» АҚ Польшадағы дәрі-дәрмек өндірісінің көшбасшысы болып табылатын «Польфарма» компаниясымен бірлесе отырып, өз өнімдерінің сапасын көтеріп, халықаралық стандартқа қол жеткізді. Таяудағы төрт жылдың ішінде елімізде құрылып отырған бірлескен кәсіпорын акционерлері 80 миллион доллар қаржы салып, технологиялық желілерді жаңғырту жұмыстарын қолға алды.
Тараздағы Super Pharm компаниясына да осындай қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде бұл компания таяу болашақта өз бұйымдарының 20 пайызын экспортқа бағыттай алатын болады.
Жасалған келісім-шарттар аясында «СҚ-Фармация» ЖШС аталған үш кәсіпорыннан 2 миллиардтан астам теңгенің 37 түрлі өнімдерін сатып алды.
Сонымен қатар, қазіргі күні отандық өндіріске шетелдік ірі дәрі-дәрмек өндірісшілерін тарту жөніндегі жұмыстар да қызу қарқынмен жүргізілуде.
– Жуырда ғана елімізде V Астана экономикалық форумының өткені белгілі. Оның жұмысына сіздер қатыстыңыздар ма?
– Әрине, қатыстық. Осы форум аясында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі және «Назарбаев университеті» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, «Медицина мен фармацевтика өнеркәсібін дамытудың өзекті проблемалары» деген тақырыпта панельдік сессия ұйымдастырдық.
Форумда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі үш ірі шетелдік фармацевтикалық компаниялар – «Санофи-Авентис Қазақстан» (Франция), «Мерк Шарп энд Доум» және «Пфайзер Эйч-Си-Пи Корпорэйшн» (АҚШ) компанияларымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Басқа да бірқатар екіжақты келісім-шарттар жасалды. Осылардың нәтижесінде еліміздің дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықтар өндірісі одан әрі дамитын болады.
Қысқасын айтқанда, қазіргі күні еліміздегі фармацевтика саласы қарышты қадаммен алға басу үстінде. Бұған Елбасының басшылығымен отандық өндірісті жаңғырту мен дамыту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар үлкен ықпал етуде.
Себебі, техникалық тұрғыдан қайта жарақтандырылған кәсіпорын өз өнімімен жалпы көлемі 17 миллиардтан астам долларды құрайтын Кеден одағы рыногына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке шыға алады. Егер біздің отандық ішкі рыногымыздың көлемі 1,1 миллиард долларды ғана құрайтындығын еске алсақ, бізге бұл рынокқа шығудың маңызы зор. Ал бұл ортақ экономикалық кеңістікте дәрі-дәрмек өндірушілер үшін негізгі құжат GMP ережелері болып табылады. Тіпті, маркетингтік көзқарас тұрғысынан өте тамаша да қызықты өніміңіз болса да GMP құжаттарынсыз оған, яғни Бірыңғай экономикалық кеңістікке шығу мүмкін емес. Сондықтан саланы таяудағы жылдардың ішінде GMP халықаралық стандарттарына көшіру талабы ешбір өзгермейді. GMP бізге дәрі-дәрмектердің сапасы туралы проблемаларды шешуге, қазақстандық дәрі-дәрмектердің экспортын ұлғайтып, оны ғаламдық дәрі-дәрмектер рыногының өзіндік бір бөлшегіне айналдыруға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».