Сенбі, 25 тамыз 2012 5:57
Бірінші байлық – денсаулық! Оған ешкім таласа алмайды. Демек, халықтың денсаулығын нығайту үшін күресу – ең маңызды міндет десек қателеспейміз. Бұл орайда біздің елімізде де қолға алынып жүзеге асырылып жатқан шаруалар аз емес.
Сенбі, 25 тамыз 2012 5:57
Бірінші байлық – денсаулық! Оған ешкім таласа алмайды. Демек, халықтың денсаулығын нығайту үшін күресу – ең маңызды міндет десек қателеспейміз. Бұл орайда біздің елімізде де қолға алынып жүзеге асырылып жатқан шаруалар аз емес.
Атап айтар болсақ, Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде ірі озық емдеу-диагностикалық кешендері, заманауи ауруханалар салынып, халыққа қызмет көрсетуде. Дегенмен, отандық медицинаның қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі барлық жерде бірдей оң шешімін тауып отыр деуге болмайды. Сала мамандарының пікірінше, оның сырын кадрлардың жетіспеушілігінен іздеу керек. Статистика агенттігінің деректері де осы ойды діттейді. Айталық, қазіргі таңда республикада 62 мыңнан астам дәрігер, 160 мыңға жуық медициналық орта буын қызметкер жұмыс істейді десек, он мың қазақстандыққа орта есеппен алғанда 37 дәрігерден келетініне көз жеткіземіз. Денсаулық сақтау саласында кадрлар неге жетіспейді, барлары неге тұрақтамайды? Дәрігерлердің өздері оны еңбекақыларының аздығымен түсіндіреді. Расында да, мемлекеттік, яғни бюджеттік емдеу мекемелерінде қызмет істейтін жоғары білімді дәрігерлердің айлығы 80 мыңнан аспайды екен. Ал алты-жеті жыл оқып, еңбекке араласқан жас маманның алатыны, түнгі кезекшілікті қоспағанда қырық мыңға да жетпейді.Медбикелердің еңбекақысы бұдан да төмен, 30 мың теңгені ғана құрайды. Бұл орайда орта буын мамандардың көпшілігінің отбасылы, асырап отырған бала-шағаларының бар екендігі ескерілмеген тәрізді. Және бір айта кететін жай, соңғы отыз-қырық жылда медбикелердің еңбекақысы өсірілмеген. Осылай әлеуметтік деңгейдің талапқа сай болмауы медбикелер мен кіші медициналық қызметкерлерді (санитаркаларды) тығырыққа тіреуде. Кеңес өкіметі құлағалы қашан. Сол кезде бекітілген жоғары білімді дәрігерлер мен орта және кіші медицина қызметкерлерінің штаттық кестесінің әлі күнге сақталып келе жатқанына таң қалмасқа амалың жоқ.«Біздер, медбикелер мен кіші медициналық қызметкерлер, тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір азаматы сияқты, өз жалақымыздан ай сайын зейнетақы қорына жүйелі түрде жарна аударып, табыс салығын да жүйелі түрде төлейміз. Өз жұмысымызда тиянақтылық танытып, мүлтіксіз орындағанмен, жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңын бұзушылық жиі орын алуда. Мәселен, денсаулықты сауықтыру төлемақысын, міне екі жылдан асты мүлдем көрмейтін болдық. Басшылардың біздерге, яғни наразылық білдірушілерге «ұнамаса, кетіңдер» деген үйреншікті қысқа жауабы дайын. Қызметкерлердің басым көпшілігінің баспаналары жоқ, пәтер жалдап тұрады. Сондай-ақ қала сыртындағы ауылдардан қатынап істейтіндер де аз емес, ал олардың арасында екі-үш баладан тәрбиелеп отырған жалғыз басты аналар да бар. Санитаркалар ауруларды тасымалдаған, қол арбамен алып жүрген кезде «кіші медициналық қызметкер» болып есептелінеді. Ал тиісті сауықтыру төлемақысына келгенде, «медициналық қызметкер» санатына жатпайды, көмектен тыс қалады» делінген редакцияға жолданған хатта.«Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесіне келіп түскен тағы бір хатқа назар аударалық. Хат авторы Жанат Жұмабаева: «Ірі шаһардағы ауруханалардың бірінде санитарка болып жұмыс істегеніме 10 жылдай уақыт өтті. Мектеп жасындағы төрт бірдей баланы жалғыз өзім асырап, өсіруіме тура келіп отыр. Тағдырдың жазуы солай болды, жолдасым жүргізуші еді, өмірден тым ерте кетті. Сондағы алатын айлығым отыз мың теңге, бірақ соның өзі кейде қолыма толығымен тимейді. Өткен айда кезекті еңбек демалысыма бар болғаны алты айдың ғана төлемін алдым. Бұл қалай десем, мекемедегі бухгалтерия мен кадр бөліміндегілердің жауабы «демалыс ақшасын толық алу үшін сен он бір ай толығымен жұмыс істеуің керек» деп бетбақтырмайды. Менің осындағы жұмыс өтілім – он жыл, қайдағыны айтасыңдар десем, «қайда барсаң, онда бар, біздікі жөн» деп бой берер емес. Бірінші басшыға барып шағымданудан пайда жоқтығына көзім анық жетті, өйткені, осы он жылда ол менің жалғызбасты ана екенімді ескеріп, ең болмаса бір рет халімді сұрап көрген емес» деп мұңын шағыпты. Адам жанының арашашысы атанған жандардың жағдайы осындай. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту кезек күттірмейтін міндет десек, қолында билігі барлардың қозғалғаны жөн-ау.Бақыт БАЛҒАРИНА,«Егемен Қазақстан».