1 наурыз – Алғыс айту мерекесі қарсаңында Елорда іргесіндегі Қоянды ауылдық округінде «Клиника-Эндохирургия» серіктестігіне қарасты Отбасылық денсаулық орталығы ашылды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Заманауи тұрғыда денсаулықты сақтау қымбат, стационарлық емге емес, сырқаттарды сауықтандыру ісіне бейімделу керек» деп атап айтқан еді. Бүгінгі таңда еліміздегі емдеу мекемелері халықаралық стандарттарға сай медициналық құрылғылармен жабдықталған. Медицина саласының мамандарын даярлау деңгейі де тұрғындарға сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге кепілдік беріп отыр. Оның заманауи цифрлық жүйеге көшірілуі – жұртшылықпен арадағы байланысты жақсартып, жұмысты тиімді түрде жоспарлауға, дәрігерлік қызметті оңтайландырып, сапасын арттыруға өз септігін тигізуде.
Бұл орайда Целиноград ауданында да біршама жүйелі істер қолға алынған. Қояндыдағы дәрігерлік амбулатория ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап жұртшылыққа, соның ішінде балалар мен ересектерге бірдей қызмет көрсетіп келеді. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастап, терапевт, эндокринолог, кардиолог, офтальмолог, акушер-гинеколог, балалар дәрігерлері мамандықтары бойынша сырқаттарға көмек көрсетіледі.
Орталықта сонымен қатар, жоғары категориялы хирург, уролог және ортопед-травмотолог сияқты мамандар науқастарды қабылдап, кеңес береді. Мұнда республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне байланысты медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. 2017 жылы пайдалануға берілген осы денсаулық орталығы екі қабатты ғимаратта орналасқан, жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрайды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Целиноград ауданы
Ақмола облысы