Бүгінде әлем елдерінің 70 пайызында жастар саясаты нақтыланған. Бұл көрсеткіш жастардың проблемаларына, ұмтылыстарына және қажеттіліктеріне сай келетін заңдар қабылдау, тиімді саясат жүргізу керектігін көрсетіп отыр. Ал қазір кең қолданысқа енген «Жастар саясаты» терминінің астарында не жатыр? Бұл жөнінде белсенді жастардан құралған «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеевпен сұхбаттасу арқылы білуге тырыстық.
– Мұхтар Наурызбайұлы, еліміздегі «Жастар саясаты» жастардың қажеттілігін өтеп жатыр ма?
– Жастар саясатын қиын-қыспақ мәселе деп қарасақ, «өрттерді сөндіру» және проблемаларды кез келген уақытта, кез келген жерде шешу талпыныстарынан, ұстанымынан аспай қаламыз. Ал керісінше, жастарға ресурс ретінде қарау – ұзақ мерзімді қиындықтарды еңсеру және болдырмау, жастар саясатын қалыптастыру мен қажеттіліктерін өтеу арқылы олардың осы елдің азаматы ретіндегі әлеуетін толық жүзеге асыруларына жол ашар еді.
Оның үстіне, қазір «Жастар саясаты туралы» Заңда барлық орталық мемлекеттік органдардың құзыреттері мен мүмкіндіктері ашып көрсетілген. Алайда, әзірге бұл тетіктердің толық жүзеге асырылмай отырғанын көріп те отырмыз, түсінеміз де.
Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері мен кәсіпкерлік саласына жауапты өкілетті органдар әлі күнге жастар кәсіпкерлігін қолдаудың, жастар мен жас отбасыларға қолжетімді баспана жүйесін дамытудың, ауыл жастарына жағдай жасаудың, жастарды жұмысқа орналастырудың, жастардың әлеуметтік қолдауға зәру топтарына көмек беруге қатысты іс-шаралардың нақты тетіктерін жасап біткен жоқ.
– Президент биылғы жылдың Жастар жылы болып жарияланатындығын өткен жылдың қазан айындағы Жолдауында айтты. Өкілетті органдар содан бері қандай шараларды қолға алды?
– Мемлекеттік органдар жастарды атаулы жылдың өзінде толық қамти алмайды-ау деген қауіп бар. Өйткені көптеген оңды бағдарламалар жастардың «таңдаулы» және пайыздық өлшемге шаққанда азғантай бөлігін қамтыды. Сондықтан жастардың жергілікті, мемлекеттік және халықаралық саясатқа қатысуын заңнамалық тұрғыда реттеп, нақты шешімдердің қабылдануына жол ашу керек.
Демек, жастар саясатын тиімді жүзеге асырудың нақты индикаторларын жасайтын уақыт жетті және ол көрсеткіштер жастарды қандай да бір проблеманың көзі деп емес, ресурс ретінде қарауға мүмкіндік беруі тиіс.
Мысалы, оқытудағы жасандылықтан арылу. Айталық, мектеп жүйесі мен университеттерде жастардың жағдайларына формальды оқыту саясаты тұрғысынан қарау қажет. Бірақ бұл арада жастардың қоғамда белсенді және оң көзқарастағы азамат болып қалыптасуына маңыз берілуі керек. Жастарды белсенді оқыту үдерісін өздерінің бастамалары арқылы ынталандыра отырып, жастар саясатын дамытудың тетіктері белгіленуі тиіс. Сонымен қатар жастар секторындағы жақсы жаттықтырушылар немесе орталықтарды дамыту арқылы олардың тыңға түрен салуына мүмкіндік беру керек.
– Мұндай жаңашылдықтарды енгізуде жергілікті атқарушы органдардың рөлі қандай болмақ?
– Мемлекеттік жастар саясаты әрине жергілікті жерлерде басталып, жергілікті билік орындарының белсенді қатысуы арқылы ғана жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жастарды әлеуметтік немесе қоғамдық жобалардан өзге, тұтас өңірлердің дамуына қатыстыру туралы ескертпесі билік орындарына сабақ болуы тиіс.
– Жастарды қоғам дамуына қатыстырудың озық үлгілері бар ма?
– Жастар саясаты олардың белсенділіктеріне тығыз байланысты. Мәселен, Еуропа елдерінде жастар ұйымдарын мемлекеттік шешімдер қабылдауға араластыру дәстүрі бағзыдан бар. Осының нәтижесінде, Еуропа Кеңесінің жастар секторы «бірлесе басқару» тәсілі бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шараларға айтарлықтай ықпал етуде.
Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»