Барлық съездердің қарайтын мәселелері алдын ала зерттеліп, алға қойылатын міндеттер анықталады. Партияның ХVIII съезі осы жолы қарапайым халыққа ең жақын мәселелерді қарады деп ойлаймын. Соңғы кездері әлеуметтік мәселелер бізде күрделеніп тұрғанын өмірдің өзі көрсетіп берді.
Сондықтан съездің көтерген ең басты мәселесі халықтың әл-ауқатын арттыруға арналды. Оны шешу үшін Ұлттық қор мен бюджеттен орасан зор көлемде қаражат қарастырылып отыр. Бірақ осы жердегі ең басты мәселе – солардың көзделген мақсатқа нақты жұмсалуы. Бұл жердегі жауапкершілік тек әкімдердің ғана мойнында болмай, жәрдемақылар мен нақты әлеуметтік төлемдерді алуға тиісті мұқтаж адамдардың тізімін жасайтын қызметкерлердің де мойнында болуы керек. Меніңше «көмектер нағыз мұқтаж адамдарға жетуі керек» деген міндетті қызметкерлер өзінің алдына нысана етіп алғаны жөн.
Жуырда, жаңа Үкіметтің құрамын тағайындаған кезде, кез келген лауазым иесі жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс деген талап айтылып, оны естіген жұрттың бәрі қолдады. Өйткені бұл пікір біздің қоғамда өте өзекті болып тұр. Сондықтан осы талап тек қана лауазымды тұлғаларға қатысты болмай, кез келген мемлекеттік қызметкердің алдына қойылуы керек. Қатардағы қызметкерлер өздерінің атқарған міндеті туралы халық алдында айтып, ашықтық талаптарын орындап отырса – көп қателікке жол берілмес еді. Ал бізде олар жауапкершілікті сезінбей, жалған сөйлеп, аузына келгенді айта салады.
Осы мәселені «Нұр Отан» партиясы өзінің қадағалауына алуға бел буғаны қуантады. Елбасы өзінің сөзінде қазір әкімдердің халық алдындағы есеп беруінің жауапкершілігі төмендеп кеткенін сынап өтті. Кез келген нәрсе есебімен түгел ғой, есептемеген кісі бәрі түгел деп айтады. Ал біздегі әкімдер мен орталық атқару органдары басшыларының есебі көзбояушылыққа айналып кеткені туралы халық арасында да әңгіме көп. Елбасы олардың бір реттік есепке ғана дайындалып, басқа уақытта халық алдындағы жауапкершілікті сезінбейтінін атап айтты. «Нұр Отан» партиясы осы есеп беру науқанының формальды шара болмай, халыққа пайдалы болу жағын қадағаламақ болғаны өте дұрыс шешім деп санаймын. Бұл халықтың партияға деген сенімін арттырып, беделін өсіре түседі.
Сонымен қатар жақсы жағынан әсер еткен мәселе – ішкі жолдардың жөнделуіне назар аударылуы болды. Жолға тек қалаған жеріңе жеткізетін құрал деп қарамау керек. Жол алыс елді мекендерге, шеткергі аймақтарға мәдениет ұшқындарын, өркениет қадамдарын жеткізетін де құрал. Сондықтан оған ауқымды масштабпен қараған жөн. Жолы бар ауылға жақсы интернет те барады, шағын кәсіп құралдары да жетеді, халықтың қозғалысы да кедергісіз болады. Ауыл мен қаланың арасын жоюға қолайлы жағдай жасаудың алғышарты да сол. Съездің осы, жол мәселесіне қатысты қойып отырған нақты міндеттерін де қуана қабылдадым. Егер Президенттің алға қойған осы мәселелері орындалса, үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты