• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Наурыз, 2019

Сенімсіздік синдромы. Жетімдерді қоғамға кіріктірудің жолы қандай?

1494 рет
көрсетілді

Елімізде түрлі жағдайда ата-анасыз қалған сәбиді бауырына басамын деп ниет еткен жандарға мемлекет тарапынан субсидия берілді, отбасылық үлгідегі балалар үйі салынды, әлеуметтік құқықтары заң шеңберінде нақтыланды. Нәтижесінде соңғы 3 жылда балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны 3 мыңға дейін қысқарды. Алайда, қоғамда жетім балаларға деген қабақтағы тоң жібімей тұр. Себебі оларды өз ортасынан алыстатып тұрған фактор – сенімсіздік синдромы.

3 мың балаға қысқарды

Алматыда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйым­дардың республикалық кеңе­сінде көтерілген мәселелер осы сенімсіздік синдромын сейілт­пейінше, аталған мәселенің жал­ғаса беретінін аңғартты.

Елімізде жетім және ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған 25 376 бала бар. Республика бойынша 9 ірі балалар үйі жұмыс істейді. Балалар үйінен бөлек, білім беру жүйесінде 23 отбасы үлгісіндегі мекеме болса, он­да 849 бала тәрбиеленеді, соны­мен бірге 2 797 бала тұратын 43 ба­лалар үйі және мектеп-интер­нат бар. Ден­саулық сақтау жүйе­сінде – 21 балалар үйі, халықты әлеу­мет­­тік қорғау жүйесінде – 18 меди­­циналық-әлеуметтік мекеме тір­­келген. Қазақстанда тәрбиеле­ну­шілерді табысты дербес өмірге дайындау мақсатында бала­лар үйінің түлектері тұра­тын 14 жас­өс­пірімдер үйі ашыл­ған. Төрт өңір­де 23-29 жас аралы­ғын­дағы бала­лар үйінің түлектеріне арнал­ған Жастар үйі бар.

Балалар үйінің түлектері үшін жоға­ры оқу орындары мен колледж­дерге түсу кезінде белгіленген квота мем­лекеттік білім беру тапсырысының 1%-ын құрайды.

Білім алу кезеңінде тегін тұру, та­мақ­­­­­­­тану, киім-кешек, медициналық кө­мек алу, оқулықтармен, жұмсақ мү­кәмал, керек-жарақпен қамтамасыз ету қарас­тырылған. Осы санаттағы бала­лар асыраушысынан айырылған жағ­дайда, мүгедектігі бойынша жәрдем­ақы, оқу кезеңінде міндетті стипендия, сондай-ақ бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқығы бар.

Әрине мұның бәрі жалпыға бел­гілі жағдай. Елімізде балалар үйі тү­лек­­терін әлеуметтендіру бағытында жаса­лып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда, оларды интернаттан кейінгі сүйемелдеу мәселесі өзекті болып тұр. Сондықтан отырысқа қатысушылар балалар үйлерінің түлектерін интернаттан кейінгі сүйемелдеу жүйесін одан әрі дамыту, сондай-ақ балалар үйлерін трансформациялаудың жаңа тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ асырап алушы ата-аналар мектебінің ONLINE модулі таныстырылды. Бүгінгі таңда жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру жөніндегі мем­лекеттік емес агенттіктерді құру ар­қылы оларды әлеуметке табысты түрде бейімдеу, қоғамға кіріктіру мә­селелеріне ерекше назар аударылып отыр.

Жоғарыдағы мәліметтерден бө­лек, қазір жетім балалар мен ата-ана­­сы­ның қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған ұйымдарда 5046 бала тәрбиеленуде. Соңғы 3 жылда балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны 3 мың ба­лаға қысқарған. Бұл өз кезегінде же­тім балалар мен ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған балаларға ар­­­нал­ған 27 ұйымның жабылуы мен өзгеруіне жол ашты.

Алайда, осы арада екінші мәселе алдыңғы шепке шығады. Соңғы жылдарда жетім балалар үйлеріндегі сәби­лер саны 3 мыңға дейін қысқарды. Бірақ бұл жетімдер азайды деген сөз емес. Ал енді олар асырап алған адам­­­дардың үйлерінде бақытты ма? Бұл балалардың ертеңі үшін құзырлы ме­ке­мелер неге алаңдайды? Көңілі жарым жеткіншектер осы қоғамның то­лық мүшесіне айналып, өз арбасын әрі қарай өзі сүйреп кетуге не кедергі деген сауалдар туады.

– Қазір балаларды үйлеріне қам­­­­­қорлығына алуға немесе асырап алу­ға ниет ететін ата-аналардың са­ны кө­бейіп келеді. Балаларды ба­­­рын­­ша дәс­түрлі отбасыларының қам­­қор­лы­ғына беру аса маңызды. Соң­ғы жылдары бала­лар үйлерінің тү­­ле­ктеріне қолдау көр­сетуге жақсы кө­ңіл бөліне бастады. Бірақ олар қо­ғам­нан өгейлік көрмей, өз күндерін өзі кө­ріп кетуі үшін меке­меаралық өзара әре­кетті кү­шейтіп, мем­лекеттік емес агент­тік­тер құрудың өзек­тілігі кө­рінуде, – дей­ді Білім және ғылым вице-министрі Эль­ми­ра Сухан­­бер­диева.

Мәселен, жетім және ата-ана қам­қор­­лығынсыз қалған балалардың құ­қығын қорғау жөніндегі нормативтік- құ­қықтық база жасақталған. Сондай-ақ балалар үйлерінің түлектерін кейінгі өмір­ге бейімдеу үшін 14 жасөспірімдер үйі ашылған. Қазіргі дерек бойынша, бұл үйлерде 208 түлек өмір сүріп жатыр.

Балалар үйлерінен кейінгі өмір

Мемлекет жетім балалар мәселесі­не көзжұма қараған емес. Осыған сәй­­­­­кес, олардың бірінші кезекте тұр­­­­ғын үй алуға құқығы бар десек те, келеңсіз жағдайлар жеткілікті. Мәсе­лен, Бала­лардың құқықтарын қорғау ко­ми­теті төрағасының орынбасары Ер­­жан Ерсайынов түрлі себептерге байланысты елімізде 952 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қал­­ған баланың тұрғын үй кезегіне қойыл­мағаны анықталғанын айтады. Ал оның ішінде  балалар үйінің 122 тәр­биеленушісі бар. Ал Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл және Түркістан облы­старында бір ғана кезекке бір үй­дің бірнеше баласы қойылған. Сон­дай-ақ Ақмола, Алматы, Павлодар, Түр­кістан облыстарында мұрагерлік құқыққа ие болу құжаттарын дайындау жұмыстары дер кезінде жүргізілмегені белгілі болды. Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарындағы қамқоршылық органдарына дер мезгілінде хабардар етілмеген. Семей қаласының бі­лім бөлімінде 14 жасқа толмаған жас­өспірімдердің иелігіндегі пәтерлер айыр­бас жасалған. Мұндай әрекетке қол­даныстағы заң жол бермейді. Өс­кемен қаласының білім бөлімі шаршы метрі сәйкес келмейтін тұрғын үйді ауыс­тыру бойынша заңсыз әрекеттерге жол берген. Осылайша жетім баланың мү­ліктік құқығы сақталмаған.

Қысқасы, жетім балалардың әлеу­мет­тік мәселелері ғана емес, оларды психологиялық тұрғыда өмірге бейім­деудің тәжірибеге сүйенген қыр-сыр­лары жетерлік. Ата-анасыз қалған сәби тү­гілі, кейде ересектердің өзіне де тағ­­­дыр сынағына сынып кетпеу үшін ай­­­­­на­ласының қамқорлығы, қоғамның тү­сіністігі қажет.

– Балалар үйлерінің түлектері де біз бен сіз сияқты адамдар. Өкінішке қарай, бізде теріс көзқарастар қалыптасқан. Ба­лалар үйінің түлектерінің өмірі еш­кімді алаңдата бермейді. Барлық адам сенім мен махаббатқа мұқтаж. Мә­селен, балалар үйлерінен шығып, үл­кен табыстарға жетіп отырған адамдар көп, – дейді «Қазақстан балалар үйі түлектері қауымдастығы» ЗБТ төр­ағасы Рафаэль Гасанов. Бұл ұйым әр өңірде бастамашыл топтар құрып, ізгі істерге ұйытқы болып жүр.

Сол сияқты «Қазақстандағы SOS балалар ауылы» корпоративтік қо­ры­ның ұлттық директоры Гүлжан Аса­нова интернаттан кейінгі сүйе­мелдеудің «SOS моделі» туралы баян­дап, жетім балаларды кәсіпқойлық тұрғыда мамандыққа баулудың түйт­кілдеріне тоқталды. Толық шаңырақта әке-шешесі әр баласының қабілеті қан­дай, неге бейім екенін байқап, құл­шындырып, жағдай жасайды. Мұ­ның өмірлік маңызы бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Ал оңы мен солын танымай жатып, тәлкекке түскен тағ­дыр­ларды заманына бейімдеу, ма­мандығын адаспай табуына болысудың маңызы ұшан-теңіз. Сонда ғана бұл санаттағы балаларға толық қамқорлық көрсетілді деуге болады.

Қарап отырсақ, мыңдаған кіш­кен­тай адамдардың тағдырына қа­тыс­ты жиын­да ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған баланы қоғамға қосу­дың да түйткілдері көп екені көрінді. Бұл мәселеде Павлодар өңірінде біраз іс оң шешімін тапқан. Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының бірінші орынбасары Роза Ақанова ба­лалар үйлері тәрбиеленушілерін өмір­ге орналастыру моделі туралы тұ­щым­ды баяндады.

Егер бұл облыста 2010 жылы 19 ұйым­да 810 бала болса, 2019 жылы оның саны жетіге дейін қысқарған, ба­лалар саны – 305. Бұл санаттағы контингентті азайту балаларды от­ба­сы­лардың қамқорлығына беру есе­бінен жүргізілуде.

Асырап алушының адамгершілік сапасы

«Ана үйі» қоғамдық қорының директоры Бәлия Әкімбекова бала асырап алғысы немесе қомқор болғысы келе­тін ата-аналардың сапасы туралы сөз қозғады. Шындығында, ба­ла асырап алу оңай емес, сол әрең ал­ған баланың үдесінен шыға алмай, қай­тарып беруден өткен сорақылық жоқ. Бір рет емес, балалар үйіне же­тім болып екінші рет оралған сәби­­­дің өмірге деген сенімі мен сүйіс­пеншілігінің күл-паршасын шыға­ратын келеңсіздіктер, өкінішке қарай жиі орын алады. «Ана үйі» қоғамдық қоры 6 жылдан бері осы іспен айналысып келеді.  Алты жылда қордан 4 мыңға жуық әйел мен бала көмек алған. 7 мыңнан астам адам балаларды отбасыларына алуға қатысты қордың заңдық және пси­хологиялық тұрғыдағы қолдауына ие болған.

Балалар үйлерін трансфор­ма­ция­­­­­­лаудың жаңа тәсілдері дегеніміз – осы. Бұл қор осы күнге дейін 1-14 жас­ аралығындағы мың шақты баланы­ отбасы жылуына бөлеп үлгеріпті.  Яғ­ни «Үйдегідей» моделі Астана мен Шым­кент қалаларында жақсы жұмыс істеуде. Бұл үрдіс биыл Ақмола облысында жалғасын тапты.

Аталған қор еліміздегі көптеген үкі­меттік емес ұйымдармен қоян-қолт­ық жұмыс істеп отырса-дағы, ба­сы ашық мәселелер әлі жеткілікті. Бұл – түрлі мекемелерде тіркелген ба­лалар сергелдеңге түспес үшін, денсаулық, білім беру және әлеумет са­лалары өзара әрекетінің үйлесім табуы тұрғысындағы кедергілер. Ба­лалар қайтадан жетімдікке душар бол­ма­уы үшін Бала асырап алушылар мек­тебінің жұмысын күшейту қажет. Ба­лалар үйлерінен бастап барлық мекемелерде тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың құқығының бұзылмауына ыждағаттылықпен қа­рау да өзекті. Балалардың жеке құ­­жат­тарын мұқият зерттеп, оларды отба­­сылардың қамқорлығына беруге пси­хологиялық тұрғыдан дайындау керек. Сондай-ақ бала асырап алған отбасыларымен сәби үйренісіп кеткенше жүйелі жұмыс істеудің маңызы зор. Бұл дегеніңіз, бала асырап алғысы келетін ата-аналардың кандидатурасына өте мұқият қарап, оның осы қадамға дайын екендігін Бала асырап алушылар мектебінде-ақ жазбаша бекіту керектігін көрсетеді.

Балалар үйлерінің түлектері, бү­гінде Шығыс Қазақстан облысы «Үміт» балалар үйінің ұстазы Евгений Выблов, Алматы гимназиясының аға тәлімгері Гүлайым Әбеева өздерінің сәтті жал­­ғасын тапқаннан кейінгі өмір­лері мен та­быстары туралы баян­дай келе:

– Балалар үйі әрқашан да керек.­ Бала ата-анасымен бірге болуы керек екенін әрқайсысымыз біле­міз. Бірақ өмір болған соң, әртүрлі жағ­дай болады. Егер біз Балалар үйінде жақ­сы тәрбие мен кейін мемлекет қамқорлығымен жоғары білім алма­ғанымызда, кейінгі тағдырымыз қандай болары өзімізге де беймәлім еді, – дейді.

 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ