Еліміздегі музей мекемелерінің тарихында алғаш рет «Қазақстан музейі: жаһандану және ақпараттандыру дәуіріндегі идеялар мен шындықтар» республикалық кәсіби сессиясы Елбасы кітапханасының музейінде өтті.
Алқалы басқосуға еліміздің әр аймағынан келген, оның ішінде мәдениет басқармасы өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық музей мекемелерінің басшылары, музей саласының сақтаушылары, реставраторлары, өзге де мамандары бар, бас-аяғы 150-ге жуық адам қатысты. Сессияны ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева музей саласында ақпараттық технологияларды енгізу үрдісіне қатысты маңызды жайттарға тоқталды.
– Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында белгіленгендей, тарихи артефактілерді зерттеу мен насихаттаудың әдістері музей мекемелерінің дәстүрлі, инновациялық, классикалық, заманауи мақсаттарына негізделеді. Тәуелсіздік дәуірінің бірегей тарихи мұрасы, Мемлекет басшысының жеке қоры шоғырланған мекеме ретінде Елбасы кітапханасы «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында Қазақстанның бірқатар өңірінде музей, архив, кітапхана салаларының мамандарына арналған кәсіби сессия өткізуді жалғастыруда. Цифрлы жүйеге көшу дәуірінде музей жинақтарының ақпараттық әлеуетін бағаламау мүмкін емес. Музейлер заманауи технологиялар мен бағдарламаларды қолдана отырып, өзіндік мәдени ақпараттық кеңістік қалыптастырады. Музей саласында ақпараттық технологияларды енгізу үрдісі жәдігермен жұмыс істеу әдістерін өзгертіп қана қоймай, музей жинағын зерттеу мен насихаттау сапасына да әсер етеді, – деді К.Ақтаева. Сонымен қатар Елбасы кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің қызметкерлері өздерінің баяндамаларында электронды дерекқорды қалыптастыру, ғылыми-қор жұмыстарында ақпараттық ресурстарды қолдану, музей жинақтарын жүйелеу мен жіктеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша өзекті мәселелерге тоқталды.
«Open Space» үлгісінде өткен іс-шараға қатысушылар қор ізденісінде қолданылатын ақпараттық ресурстармен танысып, өзара пікір алмасты.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»