Қазір Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы кең көлемде іске асырылып жатыр. Ондағы басты мұрат – әлемнің озық 30 елінің біріне айналу. Сол үшін саяси, экономикалық және рухани жаңғырулар жүргізілуде.
Жалпы, әлем де цифрлы технологияның дамуына байланысты құрылымдық терең өзгерістерді бастан өткеруде. Олар мынадай жаһандық қатерлерден туындауда: экономикалық осалдық; геосаяси ширығыс; қоғамдық, саяси және технологиялық тұрақсыздық; қоршаған орта проблемалары.
Жаһандық даму барысында әйелдердің рөлі де жыл өткен сайын артып келеді. Қаңтарда Дүниежүзілік Давос экономикалық форумында Дүниежүзілік банк президентінің міндетін атқарушы Кристалина Георгиева: «Іске әйелдер араласқанда, біз бәрімізге пайдалы дұрыс шешімдер қабылдаймыз, әлем де жақсара түседі», деген еді. Осы тұжырымды заманауи, табысты және қарқынды даму үстіндегі ел – Қазақстанымызға тікелей қатыстырып айтуға болады.
Біз бүгінде экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыруға және Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған Үшінші жаңғыруды жүзеге асырып жатырмыз. Елдегі әйелдер, сөз жоқ, осынау үдерістің қозғаушы күшінің бірі екені анық.
Президент әйелдер рөліне қатысты: «Өз сенімдеріңіз, үміттеріңіз бен махаббаттарыңыз арқылы сіздер еліміздің баянды болашағының берік негізін қалап жатырсыздар», деп бекер айтқан жоқ. Ал ол жүйелі мемлекеттік отбасылық саясатқа нық табан тірейді. Соның арқасында қазір берік отбасы құруды, табысты мансапқа қол жеткізуді, рухани дамуды көздейтін заманауи қыз-келіншектер шоғыры қалыптасты.
Қазақстан әйелдерінің қоғамдық-саяси өмірде атқаратын рөлі зор. Олар заң шығару жұмысына белсене атсалысады. Парламенттің 34 депутаты – әйел, оның ішінде 5-еуі – Сенатта, 29-ы – Мәжілісте. Әсіресе 5 әйелдің комитеттерді басқаратынын айрықша айта кету керек. Мәселен, Сенаттағы комитеттер – Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік; Қаржы және бюджет; Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым; ал Мәжілісте – Қаржы және бюджет пен Әлеуметтік-мәдени даму комитеттері. Сондай-ақ қыз-келіншектер барлық жергілікті сайланбалы органдарда бар. 747 әйел барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары болып саналады. Қостанай облысында олардың саны 31,6%-дан асты, Павлодар облысында – 29,6%, Солтүстік Қазақстанда – 28,1%.
Қазір ел тұрғындарының 51%-дан астамы – әйел заты. Олар жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 48,7%-ын құрайды. Қазақстандағы әйелдердің еңбек ресурсы алған білімдер деңгейінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Мысалы, қыз-келіншектердің 56%-ының жоғары білімі бар. Олар экономиканың барлық саласында – дәрігер және мұғалім болып еңбек етеді, зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейді, ауыл шаруашылығымен айналысады, мемлекеттік қызметші болып тер төгуде. Экономиканың нақты секторларында елді цифрландыру үдерістеріне атсалысатын отандас ханымдар жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Олардың үлесі өнеркәсіпте – 32,6%, құрылыста – 24,5%, ақпарат және байланыс саласында – 45,4%.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыра отырып, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толықтай пайдалану міндетін қойғаны белгілі. Ол үшін елге озық технологияларды молынан тарту бағытындағы шаралар жиынтығы қабылдануда. Қазақстан әйелдері бұл үдеріске белсене кірісті. Мәселен, Қостанай облысында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «КАС Консалтинг» компаниясының директоры Ирина Сулименко бағдарламалық-аппараттық әдістерді енгізуге негізделген аустриялық «Smaхtec» технологиясы бойынша «Ақылды сүт фермасы» қанатқақты жобасын жүзеге асыруда. Ол технологияның жаңалығы мен бірегейлігі сонда, малдың денесіне арнаулы құрылғыны – болюсты енгізген кезде жалпы ахуалын, негізгі физиологиялық өлшемдерін, қозғалыс белсенділігін толық бақылауға болады. Бұл мониторинг жүйесі азықтандыруды оңтайландырады, ветеринарлық күтімді азайтады, сүттің сауылымын көбейтуге мүмкіндік береді, т.б. Сынақ кезеңі нәтижесінде «Садчиковское» ЖШС-ның репродукция жөніндегі көрсеткіштері 2 есе өсті, әр бас малдан сауылатын сүт 5 литрге көбейді (6-дан 12 мың литрге дейін), ауру азайды.
Біздің әйелдер сондай-ақ экономиканың басқа да салаларының дамуына маңызды үлес қосуда. Ал мемлекет әйелдер кәсіпкерлігінің өсімі үшін қажетті жағдайды жасап отыр. Бүгінде олар көтерме және бөлшек сауданы қамтып, осы салада жұмыс істейтіндердің жалпы санының 59,64%-ын, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде –70,8%-ды, қаржы секторында – 61,5%-ды, өңдеу өнеркәсібінде 37,9%-ды құрап отыр.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, Бизнестің жол картасы-2020 аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктерін пайдаланатын әйелдер жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны қуантады. Олар бизнес негіздерін үйрететін ақысыз оқу курстарынан өтіп, шағын несие алуда, жұмыс орындарын ашуда.
Мысалы, Жаңагүл Төреханова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 195 миллион теңге мөлшерінде несие алып, Ақтөбеде дәрі-дәрмектің 52 аталымын шығаратын «Фармация» зауытын салған. Олар, мысалы, баршаға белгілі грипповир, флуконазол, мия тамырының шәрбаты және т.б. Зауытта 50-ден аса адам жұмыс істейді.
Біз өзіміз жасай алатын жай тауарларды шекара сыртынан тасымауымыз үшін «қарапайым заттар» экономикасын қалыптастыру бүгінгі күннің ел Президенті анықтап берген басымдықтарының қатарына жатады.
Сондай саланың бірі – дәстүрлі түрде әйелдер кәсібі болып саналатын жеңіл өнеркәсіп. Оның дамуына қазірдің өзінде қазақстандық брендке айналып үлгерген, балалар киімін шығаратын «Mimioriki» компаниясы елеулі үлес қосуда. Кәсіпорынның арт-директоры, бас дизайнері және барлық жиынтықтың авторы Мая Жұманбекова 2018 жылы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпазының бірі болды. Бұл бренд әр маусымда 30-50 модельді қамтитын 5-7 жиынтық шығарады. Осылайша, маусымда шамамен 200-250 заманауи әрі сапалы модель айналымда болады. Олардың өнімдері тек Қазақстан нарығын ғана жаулап қоймай, көршілес Ресейде де сатылуда.
Бизнесті табысты жүргізудің елеулі факторы жаңашылдықтың, бастамашылдықтың және сындарлылықтың ойға қонымды үйлесімі екені күмәнсіз. Біздің әйелдер бүгінде соны меңгеріп алып, сыртқы нарықты батыл бағындыра бастады. Бұл үшін олар Еуразиялық экономикалық одақ желісі бойынша жолы ашылып жатқан мүмкіндіктерді пайдалануда. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі компанияның бірі – Роза Сүлейменова басқаратын сүт нарығындағы көшбасшы «Молпродукт» ЖШС қаймақ-сүт өнімдерінің 60-тан астам аталымын шығарады. Олар – танымал «Мумуня» сүті, «Кефирный баланс» айраны, «Одари» йогурты және т.б. Бұл өнімдер еліміздің барлық облысында бар, сондай-ақ Ресей Федерациясының шекаралас өңірлеріне табысты экспортталуда.
Жыл сайын Қазақстан мен Ресей шекаралас аумақтарында әйелдер форумын өткізу бизнес үшін жақсы көмекке айналды. Ондай форумдар қазірге дейін Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында өтіп үлгерді. Ынтымақтастықтың мұндай форматы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға септігін тигізеді, инвестициялық өзара әрекеттестікке, технология және озық тәжірибе алмасуға тың серпін береді.
Қазақстандық әйелдер кәсіпкерлігі халықаралық форматта жоспарлы түрде жүйелі ілгерілеп келеді. Мәселен, 2018 жылы Түркия мен Өзбекстанда, ал биылғы ақпанда Біріккен Араб Әмірліктерінде іскер әйелдердің бизнес-форумдары өтті. Аталған елдердің Іскер әйелдер кеңестерімен арадағы ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Мысалы, тек Қазақстан мен Өзбекстан әйелдерінің бизнес-форумы аясында ғана Қазақстанның Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай және өзге өңірлерінің кәсіпкер әйелдері мен Өзбекстан әйелдері арасындағы ынтымақтастық ниеті туралы 15 келісімге қол қойылды. Жалпы, олардың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесті цифрландыруға баса мән бере отырып, перспективалы инновациялық жобалар анықталды, әйелдер арасында іскерлік байланыстар дамуда, ең бастысы уағдаластықтарға қол жеткізілуде.
4.0. индустриясына көшуге байланысты туындаған қазіргі нақты жағдайлар өмірдің барлық саласын цифрландыруға негізделген. Бұл үдерістердің алдыңғы шебінде әрине ғылым тұр. Қазақстанда 17 мыңнан аса ғалым жұмыс істесе, солардың 9 мыңдайы әйел, олар роботтехника, биотехнология, жасанды интеллект жүйесі, нанотехнология және гендік инженерияның дамуымен сипатталатын VI технологиялық құрылым элементтерін енгізуге белсене атсалысады. Ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулердің көш бастаушысы Назарбаев Университет болып табылады. Бүгінде оның қолдауымен «National Laboratory Astana» жұмыс істейді, оның құрамында Өмір туралы ғылымдар орталығы мен Энергетика және жаңа материалдар ғылымы орталығы бар. Олар, өз кезегінде, 7 ғылыми-зерттеу институтынан және 24 зертханадан тұрады. Мысалы, Биоинженерия және регенеративті медицина зертханасының жетекшісі Шолпан Асқарова ұлпа регенерациясы үшін дәрі-дәрмек агенттері мен жасушалы өнімдер биоинженерлік жеткізілімін; мидың ишемиялық зақымын емдеудің стволдық жасушаларды құрамалы күйде қолдануға негізделген жаңа стратегияларын әзірлеп жатыр. Ал Геномдық және дербестендірілген медицина зертханасының басшысы Айнұр Әкілжанова асқазан қатерлі ісігінің, сүт безі қатерлі ісігінің геномдық және транскриптомды профиліне зерттеу, туберкулезге генетикалық зерттеу; Қазақстан халқының генетикалық архитектурасына зерттеу жүргізуде.
Халықтың болашағы өскелең ұрпақпен байланысты екені белгілі. Биылғы жылды Мемлекет басшысы даналықпен Жастар жылы деп жариялады. Оның басымдығының бірі ретінде экономикалық ілгерілеу белгіленді. Бойжеткен қыздардың бизнеспен белсене шұғылданып, жаңашыл стартаптар жасап жатқаны қуантады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Мәлика Маханова мен Алина Терешкина өздерінің командаларымен бірге «Fire Shield» мобильді қосымшасын және түтін, газ, температура, тұрмыстық газ датчиктері жұмыс істейтін құрылғы жасап шығарған. Олар 2018 жылдың «Digital East – Болашаққа қадам» атты халықаралық IT-форумының жеңімпаздары атанды. Ал М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Айнұр Әбілтаева фармкомпаниялар мен дәріханаларға дәрілік шикізат жинау (Солтүстік Қазақстан облысы аумағында өсетін өсімдіктерден дәрі жасау үшін отандық шикізат базасын құру) жөніндегі стартап-жобасы үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жастар синергиясы» форумы аясында «Green-startup» аталымы бойынша үздік деп танылды.
Бүгінде елімізде табыс пен өмір сапасын арттыру арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартудан асқан маңызды міндет жоқ. Мұны Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айқындап берді.
Біздің мемлекеттік саясатымыз бір орнында тұрмайды, ел ішінде жүріп жатқан жаһандық трендтер мен үрдістерге орай үнемі жетілдіріліп отырады. Елбасы «Nur Otan» партиясының таяуда өткен ХVІІІ съезінде Қазақстанның өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Алдағы 10 жыл – еліміздің әлемдегі озық отыз мемлекеттің қатарына ұмтылуындағы шешуші кезең.
Президент әлеуметтік жаңа шаралар жөнінде бастама көтерді, олар мына бағыттарды қамтиды:
табысты арттыру және халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдау;
табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсарту;
өңірлерді кешенді дамыту.
Бұл мақсаттарға қосымша 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінетін болады. Аталған шаралар қашанда, ең алдымен, отбасылық саясатқа қатысты, өйткені отбасы – қоғамымыздың негізі. Басты басымдықтың бірі – ана мен баланы, ең алдымен, көп балалы аналарды жан-жақты қолдау. Көп балалы болу біздің халықтың тамырын көне заманнан тартып жатқан мызғымас құндылықтарының бірі ғой.
Президент жүргізіп келе жатқан мемлекеттік саясаттың арқасында елімізде балалы әйелдер мен отбасыларды әлеуметтік қолдаудың тұтас бір жүйесі қалыптасты. Бұл, әлбетте, демографиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізді. Тәуелсіздік жылдарында 3,5 млн-нан астам неке қиылып, 9 млн-дай бала өмірге келді, жыл сайын 400 мыңдай адам дүниеге келеді. Қазір Қазақстан халқының саны 18,4 млн-ға жуықтады. Елдегі 340 мыңдай көп балалы отбасының әрқайсысында 4 және одан көп бала бар.
Көп балалы аналар қазіргі кезде жай ғана үйде отырып, бала тәрбиесімен ғана айналысып жатқан жоқ, олар экономиканы дамытуға белсене атсалысуда. Мысалы, Алматы облысындағы 6 бала тәрбиелеген 72 жастағы көп балалы ана Жамал Байжомартова өмір бойы жұбайымен бірге тракторшы болып жұмыс істеген. Ал бүгінде ол өзінің балалары мен немерелері ғана емес, ауылдастары да білек сыбана еңбек ететін өздерінің отбасылық «Амандос», «Әділет», «Жомарт» атты шаруа қожалықтарына тиімді басшылық етіп отыр.
Замандас әйелдер қауымына үлгі боларлық тағы бір жарқын мысал – Атырау облысындағы 7 бала тәрбиелеп отырған 42 жастағы Фарида Ғұмарова. Ол күйеуімен бірге өз кәсібін табысты жүргізуде. Бұлардың ісі «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында аяғына тұрып, өркендеуде. Олар 12 млн теңге несие алып, мал өсірумен айналыса бастаған. Қазір олардың фермерлік шаруашылығында 116 бас ірі қара, 150 қой-ешкі, 76 жылқы бар.
Бұл – тек ауыл шаруашылығына ғана қатысты мысалдар. Көптеген отандас қыз-келіншек бизнесін ашу арқылы тек ауылда ғана емес, қалаларда да белсенді түрде өз қолдарымен өз өмірін көркейтуде, өз әл-ауқатын арттыруда. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктегі 530 мыңнан астам компанияны әйелдер басқарып отыр.
Елде Мемлекет басшысы бастамашылық еткен, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, «Ұлы даланың жеті қырының» басымдықтары табысты жүзеге асырылуда. Бұл үдерістердегі маңызды рөлдің бірі табиғаттан берілген қасиеттері арқылы әу бастан өз бойларындағы руханилық, парасаттылық және тазалықты дарытушы әйелдерге тиесілі.
Қазақстан әйелдерінің рухани жаңарудағы рөлі мен орны, біріншіден, тек солар және солар ғана жаңа өмір сыйлай алатындығымен; екіншіден, қазақстандықтардың білімді, мәдениетті және табысты жаңа буынын тәрбиелеу ісі негізінен соларға жүктелетіндігімен; үшіншіден, олардың біздің қоғамның бөлшегі ретінде өз өмірлерін жақсартуға, өз өңірінің дамуына, бүкіл елдің өркендеуіне белсене атсалысатындығымен анықталады.
Осылайша, қазіргі қазақстандық әйел Үшінші жаңғырудың қозғаушы күші ғана емес, ең алдымен оның сарқылмас қайнар көзі болып саналады.
Кезінде көне сақтардың данышпаны Анақарыс: «Бақытты шаңырақ дегеніміз – жалтылдаған сәнді сарай емес, жан жарыңның, жақын-жораларың мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы», деген екен.
Санаулы күндерден соң еліміз баршаның сүйікті де қалаулы мерекесін, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін қарсы алады. Қазақстанның аяулы айымдарын сол керемет күнмен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақ-береке және бастаған барлық істе табыс тілеймін!
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары