Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 28 ақпаны аралығындағы Астана қаласы бойынша жинақталған жарнаның жалпы сомасы 18,6 млрд теңге шамасында деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Бұл республика бойынша түскен 149,2 млрд теңге көлеміндегі сақтандыру жарнасы мен аударымдарының 12,5 %-ын құрайды. Жалпы, аймақтық тұрғыдан алғанда, Астана медициналық сақтандыру жарналары - аударымдары бойынша Алматы қаласынан (21%) кейін екінші орында, ал үшінші орында - Қарағанды облысы (8,2%).
«Медициналық сақтандыру қорына жарна аударуда елордалық жұмыс берушілер белсенділік танытып келеді. Яғни медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарының қомақты бөлігі – 17,36 млрд теңге (93%) дәл осы жұмыс берушілерге тиесілі, қалған 1,30 млрд теңге (7%) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтардан түскен жарналар», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. Соған сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.
Медициналық сақтандырылған азаматтарға қандай қызметтер көрсетіледі?
Алдағы уақытта медициналық қызметтердің екі пакеті болады.мәм
Біріншісі – еліміздің барлық азаматтарына мемлекет есебінен жасалатын тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК). Оған мынадай қызметтер кіреді:
• Әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды емдеу
• Екпе егу
• Жедел жәрдем
• Санитарлық авиация
• емханалық-амбулаторлық және шұғыл стационарлық көмек
• паллиативтік көмек және мейірбике күтімі
• қалпына келтіру емі және медициналық оңалту.
Екінші пакет – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер пакеті. Сақтандырылған азаматтарға арналған бұл пакетке мынадай қызмет түрлері кіреді:
• Емханалық-амбулаторлық көмек
• Консультативтік-диагностикалық көмек
• Стационарды алмастыратын көмек
• Стационарлық көмек
• Жоғары технологиялық қызметтер
• Дәрі-дәрмек түрлерімен қамтамасыз ету