Кеше Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын түсіндіру мақсатында Үкімет мүшелері БАҚ өкілдерімен кездесіп, көптің көкейіндегі мәселелерге қатысты мәлімдемелер жасады.
Жиында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде жүктеген міндеттерді шешу үшін үш жылға ел қазынасынан 2,3 трлн теңге қаражат бөлінетінін жеткізді. Оның айтуынша, алдағы бірнеше күннің ішінде барлық министрлік атқаратын жұмыстарына орай Жол карталарын әзірлеп, бекітпек. Сонымен қатар ақпараттық түсіндіру жұмыстарына телеарна, баспасөз, интернет, әлеуметтік желі өкілдері жұмылдырылады.
− Келесі аптадан бастап Үкімет мүшелері облыстарға іс-сапармен барып, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алдымен өңір бойынша бірнеше облысты қамтимыз. Осы аптада Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарына барамыз. Сапар аясында дәстүрлі құралдарды пайдаланумен қатар, жаңа форматта жұмыс істейміз. Халықпен кері байланыс болуы керек. Өңірлерде жеке қабылдаулар өткізу көзделіп отыр. Әрбір министрлік өз бағыты бойынша жергілікті жерлердегі көпшілікті алаңдатқан мәселелерді шешуге міндетті. Бұған қоса, әр өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстары, дайындығы қаралады. Жалпы алғанда, осы тоқсанның ішінде барлық облысты аралаймыз. Бұл үшін Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік, Орталық Қазақстан өңірін қамтитын карта әзірленді, – деді Г.Әбдіқалықова. Сондай-ақ вице-премьер өңірлерге сапар барысында аз қамтылған отбасылардың үйлеріне барып, тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, қордаланған мәселелердің негізімен танысуды көздеп отыр.
Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әр отбасының мәселесі тыңғылықты қаралып, тиісті көмек тағайындалатынын айтты.
– Қазіргі таңда қолға алған бастамаларды жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы билікпен жұмыс істеп жатырмыз, біз әр отбасына жеке әлеуметтік карта әзірлемекпіз. Онда отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, олардың табыс деңгейі, отбасындағы проблемалар қамтылады. Осы картаның негізінде қолдау көрсету үшін көмекке ең мұқтаж деген отбасыларды, азаматтарды анықтаймыз, – деген министр Мемлекет басшысының бюрократияны төмендету жөніндегі тапсырмасына қатысты жұмыстар атқарылатынын да жеткізді.
– Отбасылар атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін бір бума қағаз жинайды, әрлі-берлі мекемелер арасында жүреді. Соны азайту үшін қазір бізде «Е-Халық» ақпараттық жүйесі бар, сол арқылы тиісті жұмыстар іске асырылады, – деді министр.
Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықованың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға ғана беріледі. Елімізде жалпы алғанда 4 миллионнан астам отбасы бар. Бұл отбасылардың тұрмыстық деңгейі әртүрлі. Оның ішінде жағдайы нашар 830 мың тұрғынға көмек жәрдемақы ретінде берілетіндігі анықталып отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік органға арызданып, көмек сұрап жатқан басқа да отбасылардың саны күн санап артуда.
− Бұл отбасылар жеке қаралатын болады. Бірінші орында жұмыспен қамту мәселесі қойылады. Жұмысын бастауы немесе әрі қарай жалғастыруы үшін әртүрлі деңгейде несиелер беру мәселесі қаралады. Жастарға гранттар беру, көп балалы аналарға үйде жұмыс істеуі үшін жағдай жасау мәселесін кең пайдалануымыз керек. Бұл мақсатта тиісті жұмыстар атқарылады, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев қандай жағдайда көп балалы, аз қамтылған отбасыларға мемлекеттен көмек берілетінін түсіндірді.
– Бүгінде әлеуметтік атаулы көмек деген бар. Оның төленетін мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Қазіргі таңда көп көтеріліп жүрген мәселенің бірі – осы төменгі күнкөріс деңгейін көбейту. Осы уақытқа дейін 14849 теңге болса, қазір бұл 20789 теңгеге көбейеді. Аталған көмекті 570 мың адам алып отырса, енді кемінде 830 мың адам алады. Мысалы, 4 баласы бар ана бүгінде 63 740 теңге алса, жоғарылауға байланысты 103 945 теңге алатын болады. Егер ол кісілердің табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, қосымша тағы да жәрдемақы алады, яғни осы санаттағы жандардың табысы 114 449 теңге болады. Жалпы, атаулы әлеуметтік көмектің төленуі қазіргі таңда бір балаға 4 834 теңге болса, енді ай сайын әрбір балаға 20 789 теңге төленеді. Отбасында балалар оқитын болса оқу бітіргенше, 23 жасқа дейін оларға да осындай жәрдемақы төленеді, – деді Б.Сапарбаев.
Министр келтірген ақпаратқа сәйкес, 1 шілдеден бастап болжам бойынша 1 миллион қазақстандықтың жалақысы көтерілмек. Оның ішінде ең төменгі жалақы алатын бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы шілдеден бастап 30%-ға өседі. Сондай-ақ еңбек өтіліне байланысты бірінші-сегізінші разряды бар жұмыс істейтіндердің де ең төменгі жалақылары 30%-ға көбейеді. Бұған қоса, ауыл, аудан, қала, облыс әкімдіктерінде жұмыс істейтін төменгі жалақы алатын азаматтардың да еңбекақысы 25%-ға артпақ. Осы арқылы ең кемінде 77 мың адамның жалақысы көбейеді.
Жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев және Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен таныстырды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»