• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2019

Ақылшысы – Абай хакім

923 рет
көрсетілді

Бұл күнде Көкшетаудың іргесіндегі Куропаткино селосын қоныс еткен Андрей Штыр Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының Баянауыл елді мекенінің тумасы. Қаймағы бұзылмаған қазақ ішінде өскен, жергілікті ұлт тілінде орта мектепте білім алған. 

Әріден толғап, мақалдап, мә­тел­­деп, көркем сөзді кестелей сөйле­ген­де, сәл ғана әсірелеп айтқанда, сөздің түбін түсіреді. Жай ғана сөз емес, ажарлы, құнарлы сөз. Ептеп қазақы қалжың қосып, сөз әрін келті­ріп, тірілте түседі екен. Әуел баста таңырқағанымыз да рас. 

– Таңырқайтын несі бар, ол кезде біздің Баян ауылында дархан даланың даналығын бойына жинаған абыз ақсақалдарының төрт көзі түгел еді, – дейді Андрей Адамов­ичтің өзі, – сол қара шалдар­дың шапанының етегінде отырып ел тарихы жайындағы, ел қорға­ған ерлер, билік айтқан билер туралы әсерлі әңгімелерін құлақ қойып тыңдайтынбыз. Содан қалған жұ­қа­на ғой. Шынымды айтсам, өмірдің жұмбағы көп, кейде бір қос қақпаның арасынан жол таба алмай тұрғанымда, Абай атаммен сырласамын, ақыл сұраймын. Түсіне білгенге бәрін, тегіс айтып кеткен ғой. Тек сол асыл сөздердің мәнін ұқпайтынымыз, басшылыққа алмайтынымыз ғана жаман. 

Есіліп аққан Есіл өзенінің жаға­сын­да өсіпті. Кіндік қаны тамған Отаны да осы. Кейін ес білген соң әжелерінен естіген ата тарихы былайша соқталанса керек. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Саратов облысындағы немістерді қазақ даласына көшіріп тастаған ғой. Жарықтық сол кезде аштықтың, жоқшылықтың дәмін татқан әже­ле­рі қашан көздері жұмылғанша жергі­лікті жұрттың жақсылығы мен бауырмалдығын айтып кеткен екен. Алғашқы бетте көз көріп, құлақ естімеген қиян шетке қоныстанған немістер жүдеу-жадау болса керек. Бірақ аз уақыттың ішінде ауыздары аққа тиіп, ел қатарлы тіршілік ете бастаған. Сол шақты көзімен көрген Данил Данилович дейтін нағашысы өз ұрпағына:

– Біз осы қазақтардың арқасында аман қалдық. Олар болмағанда мен де болмас едім, сендер де бол­май­тын едіңдер. Жер басып жүргеніміз аузындағысын жырып беріп, шыбын жанымызды сақтап қалған осылар. Олардың алдындағы қарызымызды ешқашан өтей алмаспыз, – деп разылығын білдіреді екен. 

Данил Данилович қызмет бабымен іргедегі Пресновкаға қоныс аударғанда, балаларына Баян ауылында тұратын Талас Исабайұлы дейтін ақсақалды қатты тапсырып кетіпті. Қазақ тілінде айтқанда, аманат. Сөйтсе, Данил Даниловичтің аталары әлгі ақсақалдың әкесінің қамқорлығын көп көрсе керек. Соның өтеуі ретінде шегелеп тапсырған.

– Отын-шөбі, басқа да қажет­ті қаре­­кеттері сендердің мойын­да­рың­да, – деген атақонысын қимай, арты­на қарай-қарай көшіп бара жат­қан Данил Данилович,– өзім келіп қадағалап тұрамын. 

Әке сөзін құп алған балалар айтқанын екі етпеген. 

– Қазақтың арқасында, – дейді Анд­рей, – аузын арандай ашып кел­ген ажалдан аман қалдық деп отырушы еді, жарықтықтар. Қаз­ір ара-тұра елге барғанда қара қорымға барып, ел ақсақалдарына Құ­ран бағыштаймын. Өзімнің де анам, қаншама ет жақын туыста­рым бір зиратта жатыр ғой. Ал әкем болса, жасы келген соң туған жері Сара­тов­ты сағынды. Топырақ сол жерден 63 жасында бұйырды. Баянның іргесіндегі зиратта әкемнің әкесі, өзімнің анам, анамның өгей шешесі, бәрі жатыр. 

Туған жер еске түскенде, көңіл шіркін елжіреп кетеді екен. Қолдың саласындай аққайыңдар шоқ-шоқ болып үйіріле өскен, ен даланың төсін бал сулы Есіл өзені кесіп өтетін бұл төңіректің көркі әлдебір шебер суретші салған көркем сурет іспетті ғой. Осы бір табиғаттың тамашасына жергілікті жұрттың мейір-шапа­ғаты қосылғанда, Ан­др­ей үшін шынында да жер жан­на­ты тәрізді болып елестейді. 

– Бүгінде біраз жұрт бала тәр­би­­е­­сі­мен басын қатырып жүр ғой, – дейді Андрейдің өзі, – мен айтар едім, алдымен Абайды оқу керек. Бар тәрбие хакім атамыздың айтқанында. Кішкентай кезімізде көр­кем әдебиетке үйір болып өс­тік. Ол кезде неміс, қазақ деп бөлін­бей­тін­­біз, ауылда біреуде жақ­­сы кітап болса кезекке тұр­ып, бір-бірімізден қалап алып оқу­шы едік. Өзіміздің жерлес аға­ла­рымыз Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын, Иван Шухов­ты да оқыдық. Сәбеңнің жас­тық шағындағы көрген қиын­шы­лықтарына жанымыз ашитын, ал қазақ тілін бір кісідей білеміз десек те, Ғабең шығармаларын оқығанда сөзінің сұлулығына, әр сөзінің бір-біріне ажар шашып тұратындығына таңғалатынбыз. Бұл шығармалар жерлес жазушылар жазғандықтан ба екен, біздің түсінуімізге, түйсінуі­міз­ге оңай болды. 

Өз айтуына қарағанда, әскери борышын Қиыр Шығыста өтеген екен. Қатты жалғызсырапты. Үйіне хат жазғанда, қазақ тілінде тілдесетін адам таба алмай жүргендігін айтып, мұңын шағады екен. Ол уақытта орыс тіліне шорқақ, таза қазақ ауы­лында өскен соң ептеп акцентпен сөйлейді. Кейін Күсепке, жаңа қонысқа көшкенде де тілдесер кісі таппай қиналғаны бар. Бұл елді мекен тыңгерлердің қонысы. Жергілікті ұлт сирек. Оның өзі орыс тілінде сөйлеседі. Андрей Адамович өткен жылы ортаншы ұлын үйлендірген. 

– Қазақтың бар салт-дәстүрін сақта­ды, – дейді Күсеп селолық округі­нің әкімі Беркенде Бекболатов, – бета­шар айтылып, шашу шашылды. Жас келінге көрімдік берілді, қария­лар бата берді. 

Қазақпен құда болғанына қатты қуанған. Құйрық-бауыр жесіп, құда­лы­­ғымыз мыңжылдық болсын деп тілек тілескен. 

– Сол тойға қонақ болып мен де барғанмын, – дейді облыстық мәс­ли­­хаттың депутаты Нартай Ысқа­қов, – тамаша өтті. Бір кезде кен­же ұлы жеңгеме арнап ән салып берейін деп, «Арыстың жағасында» әнін шырқады дейсіз. Әлгіден соң өз ана тіліне шорқақ кейбіреулер ұялғандарынан ортаға шығып сөйлеуден бас тартып жатты. 

Бауырынан өрбіген үш ұлы да қазақ тілін өз ана тілі есебінде санайды. Үлкен ұлы Андрей Андреевич Краснояр селосындағы №1 кәсіптік-техникалық колледжде оқып жүрген кезінде өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген қазақ тіліндегі қалалық, облыстық байқауларда топ жарса, республикалық байқауда Гран-приге ие болыпты. Бұл байқаудың бір ерекшелігі, техниканың қосалқы бөлшектерінің атауларын қазақ ті­лін­­де айтып, қызметін баяндап беру керек екен. Жастайынан техникаға үйір әрі қазақ тілін жетік меңгерген Андрейге бұл тапсырма қиын болмаса керек. Балалары әсіресе халық әндерін айтқанды жақсы көреді. Күмбірлетіп домбыра тартып ән салғанда, Андрей Адамовичтің өзі Есілдің жағасында қалған атажұрты есіне түсіп, елжіреп кетеді. 

– Туған жерден тамыр үзіп қал­мау керек, – дейді Андрей Адамо­вич, – қазақ даласының қасиеті мол. Жергі­лікті жұрттың салт-дәстүрін ой тара­­зысына салсаңыз, барлығы адам­­гер­­­шілікке үндейді. Ал дала даныш­­пандарының кейінгі ұрпа­ғы­на қалдырған мұрасы ше? Мен өцз біл­генімді, бұрынғы ел ақса­қал­­дар­ынан алып қалған мұраны бала­ларыма үнемі айтып отырамын. Бұрын Алладан ақ сүт емген келін кездессе екен деп тілеп едім, тілегімді берді. Тәрбие көрген келін жолықты. Ұрпағым аман-сау өсіп жатыр, барлығы қазақ елінің азаматтары. Тіршілікте одан өзге не тілерсің?! 

Өзі де ел ағасы жасына жеткен Андрей Адамовичтің пайымынша, алдымен адам болуың керек. Қай нәсілден болсаң да, адамшылықтан ажырамасаң, тастай батып, судай сіңесің. Әсіресе құшағы кең, кісілігі кемел қазақ ортасында...

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы