Кереку өңіріндегі білім саласының басты бір мәселесі – ауылдардағы шағын мектептердің көптігі. Облыста 400-дей мектеп болса, оның 234-і, яғни 63 пайызы шағын мектептер қатарында. Бұл мектептерде 15 мыңнан астам бала білім алуда. Шағын мектепте оқитын бір оқушы үшін жылына 400 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, соңғы үш жылда өңірдегі ауылдарда 41 шағын мектеп жабылған.
Біз жуырда шағын мектептер мәселесін аудан орталықтарында мектеп жанынан интернат ашу арқылы шешуді қолға алған Баянауыл, Ақтоғай аудандарына барып, мектеп-интернаттарды көріп қайттық.
Аудан орталығы Ақтоғай ауылында интернат үйі 2017 жылы ашылса, Баянауылда 2 млрд теңге қаражат жұмсалған 600 орындық интернат үйінің құрылысы 2010 жылы аяқталып, пайдалануға берілген-ді. Бұл құрылыстың Баянауылдың шалғай ауылдарында тұратын балаларына арналған интернат болуына Қорабай Шәкіров бастаған сол кездегі аудан әкімдігі үлкен қолдау көрсетті.
Алдымен аудан орталығы Баянауылдағы Ш.Айманов атындағы
мектеп-интернаттың тыныс-тіршілігінен бастап көрелік. Мектеп-интернаттың директоры Салтанат Досмағанбетованың айтуынша, бұл күндері 446 оқушы білім алуда. Оқушылардың 200-і интернат тәрбиеленушілері. Бір ауысымда оқуға толық мүмкіндік бар. Интернатта тұрып жатқан оқушылардың әлеуметтік жағдайына келетін болсақ, аз қамтамасыз етілген отбасынан 8 оқушы, 21 көп балалы отбасынан 104 оқушы, толық емес 12 отбасыдан 17 оқушы, жартылай жетім 7 оқушы, жағдайы төмен отбасынан 10 оқушы оқиды. Интернатта 18 тәрбиеші жұмыс істейді. Интернат бөлмелері таза, кең. Балалардың сабаққа дайындалуына, бос уақытын өткізуге, демалуларына барлық жағдай жасалған. Жуыну бөлмелерінде суық су, ыстық су бар, кір жуу машинасы, кептіргіш машина, киім үтіктеу орны жұмыс істейді.
– Басты міндет – шалғай ауылда тұратын отбасы балаларының білім алуына мүмкіндік жасау. Мысалы, 1 сыныпқа 8,9 жастағы балалар да келген жайлар кездесті. Біздің әлеуметтік педагог осы ауылдардан келетін Туу туралы куәлігі жоқ кейбір балалардың құжаттарын әзірлеумен айналысады. Бірінші сыныпқа оқуға келген балаға осында үйренгенше өз отбасының балаларымен бірге бір бөлмеден орын беріледі. Интернатта балалар күндіз-түні мұғалімдер, сынып жетекшілері, тәрбиешілердің бақылауында. Интернат үйінде, мектепте 60 бейнекамера орнатылған. Мұғалім – сабақта, тәрбиеші – сабақтан тыс уақытта, аспазшы тамақ пісіргенде, от жағушы жылуға жауапты дегендей, қызметкерлердің әрқайсысына жауапкершілік жүктелген, – дейді Салтанат Сейітжанқызы.
Шалғай демекші, ауданға Майқайың кенті және Баянауыл, Ақсан, Бірлік, Жаңажол, Жаңатілек, Қаратомар, Құндыкөл, Күркелі, Қызылтау, Лекер, Сәтбаев, Торайғыр, Ұзынбұлақ аталатын 14 ауылдық аумақ қарайды.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұрынғыдай емес, ауылдың саны да, халқы да азайып барады. Бұл күндері тау баурайында қалған ауылдарда мал өсірген ауылшаруашылық кәсіпорындары мен 261 шаруа қожалығы бар.
Бұған қоса 414 жеке бөлімшелерге айналған, шалғайда жатқан шағын ауылдар бар. Құжаттарын жөндеп, жаздырып алуға
аудан орталықтарына да жете алмайды. Шалғайда жатқан бұл бөлімшелерде тұратын отбасылардың ұл-қыздарын білім алуы үшін аудан орталығындағы мектеп-интернатқа әкелу де аудан әкімдігінің басты жұмысы.
– Балаларымызға мектеп-интернатта барлық жағдай жасалған. Біз ризамыз. Ұл-қыздарымыз оқысын дейміз. Тәрбиешілер барлығын қадағалайды. Менің үш қызым осы мектеп-интернатта білім алуда, – дейді Темірбек Құрманов.
– Интернаттағы тәрбиеленушілердің ата-аналарымен мектеп тығыз байланыста. Оқу орны жыл бойы «Ашық есік күндері», даярлау курстары, лекторий, ата-аналарға арналған кеңестер, кездесулер өткізіп, тестілеу, психологпен сұхбаттар жүргізеді. Аудандағы мәдениет үйі, өнер және спорт мектептері, ішкі істер, ішкі саясат, төтенше жағдай бөлімдері, аурухана, жастар орталығы, ұлттық паркпен бірлесе қызмет етеміз, – дейді С.Сейітжанқызы.
– Ата-аналармен байланыста қазір еш қиындық жоқ. Ұялы телефон арқылы хабарласамыз. Жиналыстар, іс-шаралар, мектеп-интернатының жұмысына қатысу, сенбі, жексенбі күндері келіп кету демекші, ата-аналар балаларымен, мектеппен байланыс орнығуына толық мүмкіндік бар. Интернатта жұмыс істеу тәртібі ашық, кез келген күні баласына келе алады. Отбасылық мерекелерге жібереміз, – дейді Э. Салықова.
Сонымен бірге аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа интернат тәрбиеленушілері күніне 5 рет тамақтанады. Мектеп интернатта 300 орындық асхана, түрлі пән кабинеттері, роботтехника, шахмат үйірмелері, ІТ-класс, коворкинг алаңы бар кітапхана, спорт залы, гимнастика залы, шеберханалар, спорт алаңы, жеке медициналық блок, жылыжай жұмыс істейді.
Биология пәнінің мұғалімі Қарлыған Смағұлованың айтуынша, жылыжайда гүл, қияр, қызанақ өсіреді. Мектеп-интернат ауласын көгалдандыру үшін ағаштар егіп, суарып, күтіп баптайды. Ақпан айында жылыжайдан оқушылармен бірге 12 кило қияр жинап алыпты. Қызанақтары гүлдеп, жемістері түйіндеп келеді.
Директордың орынбасары Э.Салықованың айтуынша, медбикелер, балалар дәрігері тәулік бойы медициналық бақылауда қызмет атқарады. Тиісті дәрі-дәрмек формуляры бойынша тегін дәрі-дәрмекпен толығымен қамтылған.
Сабақтан соң, интернат тәрбиеленушілері қосымша білім беру кестесі бойынша мектеп көлігімен Жаяу Мұса атындағы өнер мектебіне, Балалар және жасөспірімдердің спорт мектебіне барады, үй тапсырмаларын орындайды, тәрбие сағаттарына, басқа да рухани іс-шараларға қатысады. Кешкі астан кейін музыка тыңдап, кітап оқып, теледидар көреді. Теннис, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды.
– Мектеп-интернатымызда 2007 жылдан бері гимназия сыныптары, 2012 жылы түзету – дамыту сыныптары ашылды. Инклюзивті білім беру деңгейіне жеттік. Мақсат – аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасылардың, дарынды және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жан-жақты табысты адам қалыптастыру жолында барлық мүмкіндік жасалуда, – дейді С.Сейітжанқызы.
Интернат тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары «Баянауылда экологиялық велотуризм» атты әлеуметтік кәсіпкерлік жобасына қатысады. Сонымен бірге жаңартылған білім бағдарламасына сәйкес мектеп-интернатының жұмыс кестесі 5 күндік оқыту жүйесіне сәйкес оқытылады. Сенбі, жексенбі күндері оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен айналысуға ықпал ету қарастырылған. Оқушылардың ғылыми жобалар қорғаудағы, пән олимпиадаларындағы көрсеткіштері жылдан-жылға жақсарып келеді. Аудандық, облыстық, республикалық өнер байқауларына қатысады.
Ер балаларға, қыздарға арналған шеберханаларда қолөнер, ағаш өңдеу, іс тігу үйірмелері қарастырылған. Жыл сайын мектеп-интернатта 7-8 сынып оқушылары арасында химия, физика, математика, география, информатика, биология пәндері бойынша халықаралық Сәтбаев олимпиадасы өтеді.
Ал аудан орталығы Ақтоғайда орта мектептің 1-қабаты интернатқа лайықтанып қайта жабдықталыпты. Интернаттың іші-сырты жарқырап тұр. Бұл игі істі ауданның бұрынғы әкімі Ағыбай Әмрин қолға алып, ауыл балаларына жанашырлық танытты. Яғни, ауданға қарасты Шолақсор, Жоламан, Приреченск, Жалаулы ауылдарынан 11 оқушы тұрып жатыр. Бір өкініштісі, мұнда бала саны аз, әлі де болса өңірдің басқа да ауылдарында тұрып жатқан кейбір ата-аналардай интернатқа деген сенімсіздік бар секілді. «Балаларым қасымда болсын, шағын мектеп болса да оқи берсін», – деген ойда. Ата-аналармен тұрақты насихат, таныстыру, заман ағымына сай білім беру жайлы жұмыстар жеткілікті жүргізілсе, ата-аналардың да көзқарастары өзгеріп, интернатқа қарай бет бұрар.
Ал өңірдегі басқа аудандарда, мысалы, Аққулы, Май, Павлодар, Железинка, Тереңкөл, Ертіс аудандарында, 30-дан аса шағын ауылдары бар Екібастұз бен Ақсу қалаларында интернат жоқ. Аққулы ауданындағы 23 мектепте 1775 оқушы ғана қалған. Аудандағы Шарбақты ауылындағы ауылдық интернатта 15 бала бар.
Өңірдегі шағын мектептердің көптеген оқушылары екі ауыл арасында жылдар бойы тасымал арқылы оқуда. Биыл әкімдердің есебінде тұрғындардың көбі ескі, тозған автобустармен барып оқып жүрген балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтындықтарын айтты. Екіншіден, аудандық әкімдіктер ауылдарындағы шағын мектептер жабылса ауылдан ел кетеді, ауылды сақтап қалу керек дейтін ұстанымда.
Алайда, бұл бастаманы ауылдан ел кетпес бұрын жасап, суын, жолын жөндеп, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу керек еді.
Облыстық білім басқармасы мамандары да шағын мектептер жабылмайтынын айтады. «Сақтап қаламыз, 32 шағын мектеп қайта құрылмақ. Әр ауданға оңтүстіктен қоныс аударған 5-6 отбасы балаларымен келеді», дейді.
Бірақ мәселе қоныс аударып келген тұрғындарға жағдай жасауда ғой, балаларын жетектеп келген отбасыларға ең керегі баспана, жұмыс тауып беру керектігін де ойланғанымыз жөн.
2007 жылы қабылданған еліміздің «Білім туралы» заңында «Мемлекет тұрғындар саны аз ауылдарда тұратын балалардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу құқықтарын қамтамасыз ету үшін шағын жинақы мектептер мен интернат ұйымдарының жұмыс істеуіне кепілдік береді» деп көрсетілген.
2011 жылдарға дейін өңірдегі Май, Шарбақты, Железинка, Павлодар, Успен аудандарында, Екібастұздың Ақкөл, Өлеңті ауылдарында шағын интернаттар болды. Кеңес өкіметі кезінде әрбір облыс, аудан орталықтарында мектеп-интернаттар жұмыс істеді. Ал қазір интернаттар саны азайған. Сондықтан Баянауыл мен Ақтоғай аудандарындағы интернаттардың қызметі басқа аудандарға да ой салар деп ойлаймыз.
Өйткені шалғайдағы ауыл балаларының оқып, білім алуы үшін әрбір ауданға интернат қажет. Бұл жайында «Нұр Отан» партиясының ХVIIІ съезінде Елбасы айтып өтті. Мектеп интернаттар ауыл балаларының сапалы білім алуын қамтамсыз етіп қана қоймайды. Сонымен бірге аймақтар арасындағы өмір сапасының теңсіздігін жоюға да ықпал етпек.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы