«Nur Otan Trends» пікірталас алаңының кезекті отырысында партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасы талқыланды. Іс-шараны ашқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев аталған құжаттың әлеуметтік сипатқа ие екенін және қазақстандық қоғамның өтініштеріне лайықталғанын атап өтті.
Отырыста «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары ХVIII съезде Елбасының концептуалды баяндама жасап, халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты жаңа шаралар ұсынғанын айтты. Аталған шаралардың барлығы партияның бағдарламасына енгізілген. Ондағы басымдықтар Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен, Парламент Мәжілісімен және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ.
– Бағдарламада партиямыздың алдағы он жылға арналған күн тәртібі көрсетілген. Мемлекет басшысы өзінің бес әлеуметтік бастамасында, өткен жылдың қазан айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және съезде сөйлеген сөзінде халықтың әл-ауқатын өсіріп, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған еліміздің жаңа әлеуметтік доктринасын баяндады. Сондықтан партияның жаңа бағдарламасы Елбасының осы доктринасын жүзеге асыруға бағытталып отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол бағдарлама негізінде нақты үш қағида көрсетілгенін сөз етті.
– Бірінші қағида, бағдарлама мақсаттарының азаматтардың әл-ауқатын арттыруға тікелей бағытталуы. Осыған орай партияның алдағы 10 жылдағы күн тәртібі халықтың мүддесі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған. Екінші қағида, инклюзивтілікпен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда қоғам инклюзив дегенді көбіне мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау деп түсінеді. Бұл инклюзивтің мағынасын толық ашпайды. Сондықтан біз бағдарламада оны кең ауқымда қарастырып, көмекке мұқтаж барлық жанға әлеуметтік қолдау көрсетілуін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Сол арқылы экономикалық дамудың игілігін еліміздің барлық азаматы мен өңірі бірдей көруін қамтамасыз етеміз. Үшінші қағида, бағдарламаның ЭЫДҰ стандарттарына бағытталуы. Өйткені барлық дамыған елдер осы ұйымның мүшесі екені белгілі. Сондықтан біз нақты мақсаттар мен талаптарды анықтаған кезде ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын негізге алдық, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен қатарда жиында бүгінде партиялық құрылым мен жүйенің түбегейлі өзгергені, олардың нақты бір әлеуметтік топқа немесе ортаға бағытталмай, қоғамдағы барлық саланы қамтып жұмыс істеуге ұмтылып жатқаны сөз болды. Сол сияқты қоғамның күрделене түскені, азаматтар табысына, әлеуметтік жағдайына байланысты емес, нақты бір мәселеге қатысты біріге бастағаны айтылды. Осыған орай М.Әшімбаев «Nur Otan»-ның жұмысын ұйымдастыруда аталған мәселелердің ескерілгенін жеткізді.
Бұдан басқа, ол партия жұмысының келесі бағыты ретінде Елбасының съезде айтқан төрт нақты жобасы туралы сөз етті. Олардың біріншісі «Бақытты отбасы» жобасы. Бұл бастама алдымен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Жоба аясында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері мен филиалдары арқылы мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетіледі. Екінші «Құтты мекен» жобасы алдымен ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы да ауылдарды дамытып, ол жақта жұмыс орындарын ашып, жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Төртінші «Халыққа көмек» жобасы бойынша халыққа жедел әрі нақты әлеуметтік көмек көрсету қолға алынған.
– Партиямыздың тағы бір басты міндеті мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасы тапсырмаларының орындалу барысына қоғамдық бақылау жүргізу және бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау. Соның ішінде Елбасының съезде берген тапсырмаларына бөлінген қаражат та бар. Егер Үкімет, әкімдер, азаматтық сектор күш біріктіріп жұмыс істесек, Бағдарламаның тиімділігі арта түседі деп сенемін, – деді М.Әшімбаев.
Пікірталас алаңында сарапшылар әлеуметтік саясатты жаңғырту, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау және инклюзивті экономиканы қалыптастыру мәселелеріне көңіл аударды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»