Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 64-қадамында «Өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң әзірленеді...» деп жазылған. Осыған орай 2015 жылы «Ғылым нәтижелері мен ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы» Заң қабылданып, көп ұзамай гранттық қаржыландыру операторы ретінде «Ғылым қоры» АҚ құрылған болатын.
«Ғылым қоры» инноватор жастардың жолын ашатын мекемелердің бірі деуге болады. Мұнда түрлі ғылыми-зерттеу институттарында, орталықтарда жұмыс істейтін озық ойлы азаматтардың электронды жүйемен өтінім жазып, конкурсқа қатысып, грант ұтып алуына жағдай жасалған. «Ғылым қорының» басты міндеті – ғылым мен бизнес саласының арасында дәнекер, жаңалықтардың өндіріске енуіне алтын көпір болу.
– Біз кәсіпкерлердің өндірісте қандай проблемалары бар екенін анықтап, оларға қажетті ғалымдарды тауып береміз. Бизнесмендер оларға қандай да бір технологиялық міндеттер қояды. Жасыратыны жоқ, қазақстандық ғалымдардың басым көпшілігінің ғылыми еңбектері кәдеге жарамай, тартпада шаң басып жатады. Ал біздің жұмысымыз оның өндіріске енуіне жағдай жасау. Инновация арқылы табыс түсірген ғалымдарға сол табыстың белгілі пайыздық бөлігін беру қарастырылған. Сол себепті қазір олардың өздері, әсіресе жастар жағы еңбектерін бізге ұсынуға, біз арқылы өндіріске енгізуге мүдделі, – дейді «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин. 2016 жылдан бергі аралықта мекеме 3 гранттық қаржыландыру конкурсын өткізіп, 153 жобаны жүзеге асырыпты. Өндіріс кезеңіне шыққан 23 жобадан түскен табыс көлемі 852 миллионнан асқан.
Бүгінгі таңда Назарбаев Университеттегі National Laboratory Astana, Ғылым мен технология мектебі, Astana Hub сияқты инноватор жастарды демеуге дайын орталықтар аз емес. Төменде, өндіріске енгізілген инновациялардың бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Нарықта «Нәр» бар
Назарбаев Университет жанындағы National Laboratory Astana орталығында жасалған өнімдердің бірі – «Нәр» синбиотигі. Астананың іргесіндегі «Родина» агрофирмасы шығаратын өнім үшін 300 миллион теңге көлемінде грант бөлінген.
– «Нәр» синбиотигі бірегей қасиеттерге ие. Бұл иммунитетті нығайтады, ас қорытуды жақсартады, қант құрамындағы холестеринді, глюкозаны төмендетеді, ағзаның белсенділігін арттырады. Сусынның қант диабеті, артериалды гипертензия, метаболизмдік синдромы бар адамдарға пайдалы екендігі клиникалық тұрғыда дәлелденген. Онкологиялық аурулардың, оның ішінде колоректальді қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі, – дейді Назарбаев Университеттің түлегі, өнімді жасап шығарған зерттеушілер командасының мүшесі Аяулым Нұрғожина.
«Нәр» былтыр сәуір айында «Родина» агрофирмасына қарасты зауыттан шығарыла бастады. Қазіргі таңда аталған өнім елордадағы ірі супермаркеттердің сөресінде тұр. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде Астана нарығында жалпы сомасы 15 миллион теңгеден асатын өнім сатылды.
Дайындаған Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»