Қарағандыда «Қазақстан жауынгерлік өнері қауымдастығының» облыстық филиалы дүниеге келді. Жаңа ұйымға спорт саласының облысқа танымал қайраткері Ерден Халилин басшылық жасайтын болады.
Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов мәлімдеді.
Ерден Халилин Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы олимпиялық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры болып қызмет етеді. Ол – самбодан Әлем кубогының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, еңбек сіңірген жаттықтырушы.
– Жауынгерлік жекпе-жек түрлерін дамыту үшін бірігу – өте жақсы идея. Бұл өзінің жемісін береді және осы саладағы көптеген мәселенің шешімін табуға игі ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді жаңа басшыны таныстыру кезінде Д.Карпов.
Еске салсақ, «Қазақстан жауынгерлік өнері қауымдастығы» өткен жылдың қараша айында құрылған болатын. Каратэ, жекпе-жек, ММА аралас жекпе-жегі және қоян-қолтық ұрыс түрлері бойынша жұмыс істейтін жаңа спорттық ұйымға ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов жетекшілік етеді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ