Дзюдодан Мароккода жалауы желбірген Гран-при турнирін Қазақстанның дзюдошылары сәтті бастады.
66 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ерлан Серікжанов қола медальді мойнына ілді. Алғашқы айналымдарда Испания, Сербия және Италия балуандарынан басым түскен қандасымыз жартылай финалда мысырлық Мұхаммед Әбделмагоудан ұтылды. Үшінші орын үшін тартыста Ерлан өзбекстандық Шахрам Ақхадовтан айласын асырды. Дәл осы салмақта белдескен Әбілқайыр Мәуленин тұсаукесер кездесуінде Украинаның өкілінен жеңіліп қалды.
60 кило салмақта бақ сынаған қос жерлесіміз – Мағжан Шамшадин мен Бауыржан Нарбаевтың жолы болмады. Сол секілді 52 кило салмақтағы Әйгерім Әбілқадырова да алғашқы айналымдардан аса алмады.
Алдағы күндері мына дзюдошыларымыз татамиге шығады: Ерлер – Жансай Смағұлов (73 кило), Ақылбек Серік (73 кило), Дидар Хамза (81 кило), Руслан Мұсаев (81 кило), Әзиз Қалқаманұлы (90 кило), Ерсұлтан Мұзаппаров (90 кило), Айбек Серікбаев (100 кило), Әділхан Қозыбаев (100 кило) және Ерасыл Қажыбаев (+100 кило). Әйелдер – Анна Казюлина (57 кило), Ақниет Тұрдан (63 кило), Мөлдір Нарынова (70 кило), Зере Бектасқызы (70 кило) және Зарина Райфова (78 кило).
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»