• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Наурыз, 2019

Қостанайда бірінші рет «алтын қыздар» кездесті

1217 рет
көрсетілді

Облыс басшыларының, кәсіпорындар мен ұйымдардың, компаниялардың мерекеде әйелдерді қабылдап, оларға құрмет көресетуі дәстүрге берік енген шара. Қостанайда мереке күндері осы дәстүр жарасымды кездесумен жаңғырықты. Облыста «Қостанай жастарының алтын кітабы» жобасы көп жылдардан бері жүзеге асып келеді. Оған өмірдің барлық саласында жетістікке жеткен жастардың есімі байқау негізінде алтын әріппен жазылады. Облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Марат Жұрқабаевтың бастамасымен «Жастардың алтын кітабының» лауреаттарымен жоғары оқу орындары студенттерінің кездесуі ұйымдастырылды.

Қыздар – халқымыздың болашағы, отбасының болашақ алтын қазығы. Ал бүгінде олар экономика мен әлеуметтік өмірдің сан-саласына белсене қатысады, облыста және республикакадағы жастар саясатын дамытуға үлкен үлес қосып отырған да қыздар деп айтсақ болады. 

​«Мерекелік кездесудегі әңгіме тек құттықтаудан тұрған жоқ. Біз мерекелік кездесуде«алтын қыздарымыздың» үлгі өнегесін, жас та болса тәжірибелерін, өзінің мамандық кәсібі мен қоғамдық өмірде жеткен жетістіктерін бүгінгі студент жастармен бөлісуін мақсат етіп қойдық» дейді Облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Марат Жұрқабаев. 

​Кездесуде «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова, мүмкіндігі шектеулі жастардың «Рауан» клубының төрайымы Айсұлу Жұмабаева, арбадағы спорттық бал биінен халықаралық спорт шебері, Тұңғыш Президент қорының лауреаты Мәлике Мұхтарова, тағы басқалар сөйлеп, әркім табысқа жетудегі өз тәжірибесімен бөлісті. Жас көшбасшы қыздардың әңгімесі студенттер үшін өте қызықты болды.

Кездесуге қатысушылар үшін психолог Светлана Кобзева тренинг өткізді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай