Бақыт деген министрлік те болады екен. Алдымен ол Бутанда, одан кейін Үндістанда құрылған. Кейін кейбір араб елдері мен Оңтүстік Америка мемлекеттері де осы үрдісті қолға алып жатқан көрінеді. Сонда «Бақыт министрлігі» деген не? Бұл ведомство немен айналысады?
Біздің түсінігімізде министрлік деген бір саланы басқару сатысының ең жоғарғы органы. Ал қолға ұстауға болмайтын, көзге көрінбейтін бақытты басқаруға, ол үшін министрлік құруға бола ма? Болады екен.
Бутанның Бақыт министрлігін ойлап тауып, құру себебін көптеген басылымдар олардың Будданың тантра тармағын тұтынуынан деп жазды. Алайда Бақыт министрлігін мұсылман әлемінің, христиан дінін тұтынатын Латын Америкасының да кейбір елдері қолдап отыр. Демек, бұл үлгі ешқандай дінге қарамай жалпы адамзаттың жүрегіне жол тапқан.
Бақытты қазақ даналығы «қолға қонған құс» деп бағалап, оның ұшып кету қаупінен үнемі сақтандырады. Ал бутандықтар бақытты адамның материалдық, моральдық тұрғыдан толық қанағаттанып, сонымен бірге бойындағы қандай да бір өнердің, дарынның дәнін қаулатып өсіру деп ұғады екен. Бақыт министрлігі осыған қызмет етеді.
Бутанда ішкі жалпы өнімді де жұрт секілді айтпай, «жалпы ұлттық бақыт» деп атайды. Бұл – жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі артқан сайын халықтың бақыты да арта түседі дегенді білдіріп тұр. Мұнымен келіспеуге болмайды.
Бутанның Бақыт министрлігінің іс-әрекеті Конституцияның 9 бабында қарастырылған. Бұл баптар министрліктің түрлі әрекеттерге байланысты құқықтары мен міндеттерін бекіткен. Соның ішінде министрлікке халық сұранысын зерттеп, оның өмірге қанағаттану деңгейін анықтау құқы берілген. Ал халық санағын жүргізгенде қолданылатын сауалнамада әрбір адамның қаншалықты бақытты екендігі және соған жету үшін не керектігі сұралады. Жауаптар кейіннен сарапқа салынып, бақытты болуға кедергі келтіретін мәселелер анықталып, оны еңсеруге болатын жолдар мен тәсілдер түзіледі.
Әрине, бізде мұндаймен ішінара айналысатын халықты әлеуметтік тұрғыда қолдайтын министрлік бар. Бірақ ол тек материалдық қолдау жағымен ғана айналысады. Адамдардың бақытты болуына материалдық игілік қана емес, адамгершілік сұраныстардың да қанағаттандырылғаны керек. Ондайды зерттеумен аталған елдерден басқа әзірге ешбір мемлекет айналыспайды. Егер біздің елде осындай министрлік құрылып, халық арасында «бақытты болуыңыз үшін не керек?» деп сұраса, адамдарымыз еңбекақының жоғарылығы, тұрғын үйдің болуы сияқты материалдық игіліктерден басқа әділеттің орнап, соттардың әділ шешім шығарып, мемлекеттік қызметтердің сапасы артып, құқық қорғау қызметкерлері тарапынан адамдарға қарсы қысастық болмағанын, адами құқының бұзылмағанын т.т. қалайтынын білдірер ме еді? Кейде түрлі келеңсіздіктерден біздің адамдарымызды тек БАҚ қана қорғап, шырылдап жатады. Алайда, оның сөзін тиісті атқарушы немесе сот билігі кейде тыңдаса, кейде құлаққа ілмей жатады. Ал Бутанда Бақыт министрлігі атқарушы билікке олардың орындалу қажеттігін ресми түрде ұсынып, жол картасын жасатады. Сөйтіп, халықты бақытқа жеткізуге тырысады.
Бутанның тәжірибесін Үндістан да қолдап, бірнеше штатында осындай министрліктер құрыпты. Мұндағы Бақыт министрліктері жоғарыда аталған адамгершілік тұрғысындағы сұраныстарды ғана емес, йогомен айналысу, рухани даму, өнер курстарын ашу, тіпті кәрі адамдардың қасиетті діни орындарға барып, мінәжат етуін ұйымдастыру сияқты 70-тен астам әлеуметтік бағдарламаларды іске асырады.
Біріккен Араб Әмірлігінде де бұл бастама қызығушылық тудырып, әлемдегі бай қалалардың бірі Дубайдың мэрі шейх Мұхаммад қоғамға пайдалы істермен айналысуда және халықтың сұранысын қанағаттандыруды көздейтін осындай министрлік құруды қолға алған. .
Ал Оңтүстік Америкадағы Венесуэла, Эквадор секілді мемлекеттерде бастама қолдау тауып, Бақыт министрліктері құрылған. Бірақ олардың қаншалықты тиімді жұмыс істейтіндіктері туралы ақпараттар өте аз.
Азиялықтардың жаңа бастамалары мен бұрыннан келе жатқан үлгілері Еуропаның жоғары дамыған елдерінде де қолдау тауып жатыр. Мысалы, Англияда қарт адамдарға қатысты азиялық үлгілерді қабылдау керек деген ұсыныстарды қоғам белсенділері ғана емес, ресми тұлғалар да айтуда. Адамдары бір-біріне жақын араласа қоймайтын бұлардың қоғамында кейбір жалғыз ілікті кәрілер жақын жанның қарауынсыз қалады екен. Үйі-күйі болғанымен, отырып-тұруы ауыр жандар келген адамдарға есік ашуға да жарамай, жан тапсырған оқиғалары жиілей түсуде. Оның үстіне бұларда қыстың күні жылу үйден қосылады.Үнемшілдік ежелден қалыптасқан бұл елде біраз қариялар суық пен дерттен көз жұмған.
Осы мәселені алғашқы болып Денсаулық сақтау министрі Дж.Хант көтеріп, отандастарын кәрі адамдарды Азияның үлгісімен асырап алуға шақырды. «Бұл тамаша үлгі болып, балаларымыз қарт адамдарға деген қамқорлықты көріп өседі», деді ол. Қазір бұл елде 800 мыңнан артық адам жалғыздық қасіретін тартуда. Әрине, қарттар үйі бар, бірақ адамдармен араласуды қаламайтын үйі-күйі бар жандар оған барғаннан гөрі жалғыздықты қалайды екен.
Алла бетін аулақ қылсын, әзірге бізде мұндай проблема жоқ. Бірақ кейбіреулердің ұлы мен қызы басқа жұртпен жұптасып, жаттан туған немере-жиендерін бір иіскей алмай жүргендерін көргенде қазір бауырына баспаған ата-әжені олар өскен соң тіпті керек қылмай, мұрындарын шүйіре ме дейміз...
Қарттарының мәселесін ескеріп, былтыр Британия өкіметі «Жалғыздық істері министрлігін» ашты. Қалай десек те, жоғары дамыған өркениеттің адамгершілік қатынастарды сырып тастауы ақырында өмірлік қайшылыққа ұрындыратынының бір көрінісі осы сияқты. Әрине, Ұлыбританияның бақуатты қарттарының өздеріне күтуші жалдауға мүмкіншілігі бар. Бірақ күдікшіл жандар бөтен адамды үйіне кіргізуге қорқатын сияқты. Бұл жалғыз Англия ғана емес, басқа елдердің адамдарына да тән дүние. Қазақтар арасында да бүгінгі болып-толғанына мәз болып, ағайын-туғанын керек қылмайтын жандар көбейіп келеді. «Ертең өзің қайдасың, білемісің» дегендей, өлер шақ жақындағанда жалғыз қалу қаупінен осы күннен бастап қорқу керектігін ұмытпаған жөн. Сондықтан барыңды бағалап, туысшыл, бауырмал болғанға не жетсін!?
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»