• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тарих 12 Наурыз, 2019

Тәуекел хан

14354 рет
көрсетілді

Жалпы, 1594 жылғы Тәуекел ханның орыс еліне барып қайтқан елшілігі де, 1595 жылғы Қазақ еліне келіп кеткен орыс елшілігі де қазақтар үшін негізгі мәселе – Бұхара билеушісіне қарсы бі­рігіп күресу жөніндегі мәселені шеше алмады. Мәскеу жағы сөз жүзінде болмаса, іс жүзінде Қазақ хандығына Бұхараға қарсы күресте ешқандай көмек беруге оң ниет көрсетпеді. Соған қарамастан бұл елшіліктер екі ел арасындағы ресми елші­лік қатынастардың орнауына негіз қала­ды. Ал елшіліктің баяндамалары мен жазбалары сол тұстағы Қазақ хан­дығының тарихы үшін құнды деректер қата­рына жатады. 

Орыс елшілігі кейін оралғаннан кейін бірнеше жыл бойы Тәуекел хан үшін басты назар оңтүстіктегі көрші болып қала берді. Мәскеу тарапынан нақты ешқандай көмек болмаған соң Тәуекел хан Ирандағы сефевилік әулеттің билеу­шісімен жақындасуды жөн көрген се­кіл­ді. Екі ел арасында жоғарыда атап өткеніміздей, елшілік өкілдер арқылы байланыстар орнатылғаннан кейін, Бұхара ханына қарсы Тәуекел хан мен Аббас шахтың көзқарастары бір арнада тоғысады. 1597-1598 жылдары қазақ ханы мен иран шахының Мауереннахр мен Хорасан аймағында шайбанилық билеушіге қарсы жүргізген соғыстарын алдын ала келісілген шаралардың нәти­жесі деуге болады. Төменде осы мәселе жөнінде тереңірек тоқталып, ондағы кей­бір мәселеге қатысты өз ойымызды білдірелік.

Қазақ хандығы үшін Түркістан ай­ма­­­ғындағы қалалар мен өңірлердің шаруа­шылық, экономикалық, саяси-әкімшілік, мәдени-рухани, геосаяси маңыздарға ие болғандығы белгілі. Соған байланыс­ты Дешті Қыпшақ билеушілері мен Мауе­реннахр билеушілері арасында бір­неше ғасыр бойы аймақ үшін күрес жалғасып жатты. Тәуекел хан тұсындағы екі жақты қарым-қатынастардың басты өзегі, осы – Түркістан аймағындағы қа­ла­лар мен өңірлер болып қала берді. Ал Хорасан аймағы болса геосаяси және экономикалық тұрғыдан ежелден Мауереннахр мен Иранда билікте болған әулет билеушілері арасындағы күрестің нағыз майданына айналады. Ал XVI ғасырдың соңғы жиырма жылында Хорасан қалалары үшін шайбанилық және сефевилік әулет билеушілері арасында нағыз шиеленіскен күрес оты қы­зып тұрған еді. 

1583 жылға дейін Мауереннахрдағы барлық қарсыластарын жеңіп, жеке-дара өз билігін орнатқан II Абдаллах хан, осы жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін өзін ресми түрде хан жариялап, өзінің ке­лесі жорықтарын Хорасан, Бадахшан, Хо­резм аймақтарына бағыттайды. Ол 1584 жылы – Бадахшанды, 1588 жылы – Гератты, 1595 жылы – Хорезмді ба­ғын­­дырады. 1587 жылы Иранда 16 жасында таққа отырған атақты сефе­ви­лік билеуші Аббас шах Хорасан ай­мағын қайтару үшін дипломатиялық, әскери жолдарды пайдаланады. Екі майданда соғыспау үшін ол 1590 жылы Осман империясымен бейбіт келісімге келеді. 1593 жылдың соңында ол Мәс­­кеуге өз елшілігін жібереді. 1594 жы­лы қаңтарда Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед бидің Мәскеуде ол ел­шілікпен жолыққанын және Бұхара ханына қарсы күресу үшін келіссөздер жүр­гізгенін айтып өттік. Тәуекел ханның ордасында болған иран елшісінің өкілі 1595 жылдың қазан айында Вельямин Степановпен бірге Мәскеуге қайтып орал­ғанын атап өттік. Иран елшілігінің өкі­лін шамамен келесі жылы, яғни 1596 жылы өз еліне қайтып оралған деуге болады. Әрине, ол Тәуекел ханмен болған келіссөздер қорытындысын Аббас шах­қа хабарлағаны айдан анық.

1594 жылы 30 мамырда орыс патшасы Федор Иванович Аббас шахтың Мәскеуге келген елшілігіне жауап ре­тін­де князь А.Д.Звенигородский бас­та­ған елшілікті Иранға аттандырады. Иран шахы орыс елшісін сол жыл­дың 6 қарашасында өз сарайында қа­­был­дап, орыс патшасының Түркияға, Қы­рымға, неміс императоры Рудольфке, Литва короліне, Ноғай Ордасына, Да­­ғыстан билеушісі Шевкалға, Бұхара ханына және тағы басқа елдерге қарым-қатынасы жөнінде сұрақтар қояды. Бірақ Қазақ хандығы жөнінде, әсіресе, орыс патшасының Тәуекел ханға қарым-қатынасы туралы ешқандай сұрақ қойыл­майды. Біз оның себебін былайша тү­­сін­діруге тырысамыз. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, Тәуе­кел ханның елшісі Құл-Мұхаммед би мен Аббас шахтың елшісі арасындағы келіс­сөз бойынша екі елшіліктің бір-бір өкілдерін Қазақ елі мен Иранға жіберу жөнінде келісілген болатын. Иран ел­шілігінің бір өкілі В.Степановпен бірге Тәуекел ханға келіп кеткенін айттық. Ал қазақ елшілігінің өкілі туралы еш­қан­дай жерде айтылмайды. Бірақ ол қа­зақ елшілігінің өкілі Иранға келмеді дегенді білдірмейді. Біздің ойымызша, қазақ өкілі Иранға ирандық елші Ази Хұсраумен бірге келген. Князь А.Д.Звенигородский елшілігі Иранға 1594 жылдың 22 қыркүйегінде келсе, иран елшісінің кемесі «қарсы соққан жел­дің қырсығынан» 7 күн кешігіп келеді. Орыс елшісі тек бір жарым айдан кейін шахтың қабылдауында болады. Ал осы аралықта Ази Хұсрау ел­шілігіндегі қазақ өкілінен Аббас шах­тың адамдары немесе шахтың өзі қазақ­тар туралы, Тәуекел хан және оның Мауереннахрдағы шайбанилық әулетпен, орыс патшасымен қарым-қатынастары туралы мәліметтерді біліп алған деуге болады. 

Тәуекел ханның Мауереннахрға 1598 жылғы жорығы жөнінде баяндай­тын деректердегі мәліметтерді терең қарастыру және оларды бір-бірімен салыстыру барысында біз, XVI ғасырдың соңында Тәуекел ханның Мауереннахрға жорығы екі рет, 1597 және 1598 жылы, яғни біріншісі II Абдаллах ханның тірі кезінде, ал екіншісі Бұхар ханы қайтыс болғаннан кейін болғанын көреміз. Ортағасырлық дерек мәліметтерінің көбінде 1598 жылғы жорық туралы айтылады. Тек екі деректе ғана – Искандер Муншидің «Тарих-и аламара-йи Аббаси» және Хожамқұли -бек Балхидың «Тарих-и Кипчаки» еңбектерінде Тәуе­кел ханның 1597 жылдың соңы мен 1598 жылдың басындағы жорығы жө­нінде қысқаша болса да баяндалады. «Тарих-и Кипчаки» дерегіндегі мәлі­меттің қысқаша мазмұны мынадай: «Қа­зақ сұлтандары әкесі мен ұлы [Абдал­лаххан мен Абд ал-Муминхан] ара­сындағы тартыс туралы хабарды естіп, бас көтерді. Тәуекел хан көп әс­керімен Бұхараны бағындырмақ бол­ды. Абдаллах хан ұрысқа [өзінің] қолбасшыларын алып шығады. Бұл ұрыста көптеген атақты өзбектер қаза тапты. Қашқан әскер Бұхараға келді. Бұл оқиға [хан үшін] қосымша күйініш болды. Ол әскер жиып, қазақтардың жорығына төтеп беру үшін Самарқан жаққа беттейді. Осы кезде ол қайғы мен күйініштен ауыра бастап, бір мың жетінші (1598/1599) жылы қайтыс болды». В.В.Вельяминов-Зернов Искандер Мунши еңбегіндегі Тәуекел ханның 1597-1598 жылғы Мауереннахрға жо­рығы туралы мәліметтің мазмұнын былайша аударып береді: «Әкесі мен ұлы арасындағы қастық пен жаулық туралы хабар Түркістанға тарағанда, бұған дейін Абдул­ланың күшінен қорқып тыныш өмір сүріп жатқан қазақ сұлтандары бас көтерді. Олардың бірі, өзі хан атағын иеленіп алған Тәуекел сұлтан қа­зақ көп әскермен Ташкентке таяп ке­леді. Абдуллахан оны өзіне лайықты қарсылас деп санамай, оған қарсы өз әулетінің сұлтандарын, шекаралас ай­мақ­тардың әмірлерін және әскерінің бір бөлігін жіберумен шектеледі. Екі жақ әскері Ташкент пен Самарқан ара­лығында кездесіп, қанды шайқас болды. Ханның бұған дейін ешқашан жеңіліс көрмеген әскері жеңіліс тапты. Әмірлер мен қол­басылардың көп бөлігі және бірнеше сұлтан қаза тапты, ал әскердің аман қалған бөлігі өте нашар және жалынышты күйде Бұхараға қашып келді. Бұрын да ұлының әрекетінен күйініп отырған ханды бұл жағдай одан әрі қатты қайғыландырды... Ол тек қана әс­кер жиып, жеңілістің орнын жабуды ой­лас­тырды. Әскер жиылып, туындаған қауіптің алдын алу үшін және Тәуекел ханнан кек алу үшін Самарқанға бет алды, бірақ онда келісімен ұлының бағынбауы мен қазақтардан жеңілу салдарынан болған қайғы оның денсаулығын күрт нашарлатып жіберді. Ауруы кү­шейіп, ол көп ұзамай қайтыс болды». 

Келтірілген екі дерек мәліметінен кө­ріп отырғанымыздай, Тәуекел ханның бұл айтылып отырған жорығы кезінде II Абдаллах хан әлі тірі. Шайбанилық ханның нақты қайтыс болған жылы мен күні ғылымда анық белгілі, ол – 1598 жыл­дың 8 ақпанында болған. Олай болса, келтірген дерек мәліметтері Тәуекел хан­ның бұл жорығы 1597 жылдың соңы мен 1598 жылдың басында болғанын көрсетеді. 

Абдаллах ханның ұлы, әрі мұрагері Абдал-Мумин ханның әкесінен соң Бұхара қаласында таққа отырғаны көп­шілікке мәлім. II Абдаллах ханның қай­тыс болғаны жөніндегі хабарды есті­сімен Иран шахы бірден Хорасанды тезі­рек қайтару үшін жорыққа дайында­лады да, 1598 жылдың 9 сәуірінде ас­танасы Исфаханнан Гератқа қарай аттанып шығады. Ал Тәуекел ханның Мауереннахрға жорығы алты айдан кейін, яғни Абдал-Мумин хан қастан­дықпен өлтірілгеннен кейін бас­талады. «Тарих-и Кипчаки» дерегінің авто­ры бұл жөнінде «Абдал-Мумин хан­ның өлтірілгендігі туралы хабарды ести сала...Тәуекел хан Ташкент пен Мауереннахрды бағындыру жолына кірісті», деп жазады.

Жоғарыда келтірілген дерек мәлі­мет­­терінен Тәуекел хан мен Аббас шахтың Мауереннахр мен Хорасандағы шайбанилық әулеттің билігіне қарсы жүр­гізген күрестері алдын ала жасалған екі­жақты келісімнің нәтижесінде жүзе­ге асқан деуге болады. Мұндай келі­сім­ Тәуекел ханның ордасында бол­ған­ ирандық елшілік өкілі мен Иранға жібе­рілген қазақ елшісі өкілінің жұмыс­та­рының нәтижесі деп түсінеміз. Тәуекел хан келісімге сай Мауереннахрға ал­ғаш­қы жорығын 1597 жылы II Абдал­лах ханның тірі кезінде жасаса, Аб­бас шах болса, Бұхара билеушісі қай­­тыс болғаннан соң, 1598 жылы ұйым­дастырады. 1598 жылы Тәуекел ханның келесі жорығы II Абдаллах ханның мұ­рагері қайтыс болғаннан кейін жасалады. Осылайша, Тәуекел ханның Мауереннахрдағы шайбанилық әулеттің би­лігіне қарсы күресі – оны тек қазақ тарихындағы ғана емес, сонымен бірге XVI ғасыр соңында бүкіл Орталық Азия аумағындағы танымал саяси қайраткер деңгейіне дейін көтереді.

Енді Тәуекел ханның 1598 жылғы Мауереннахрға жорығы мен оның барысына және қазақ тарихындағы маңызына тоқталсақ.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Тәуе­кел ханның жорығы 1598 жылы жаз айының соңында Абдал-Мумин ханның қастандықпен өлтірілуінен кейін басталады. Бұхара тағында алты ай отырған оны жергілікті әмірлер жасырын түрде қастандықпен өлтіреді. Бір қызығы, Мұ­хаммед Юсуф Мунши бойынша,­ Абд- ал-Мумин ханға қастандық ұйымдас­тырушылардың басында беделді бір қазақ ақсақалы болған. Ол былай деп баяндайды: «... Оның (Абд ал-Мумин ханның-Б.К.) билігі алты айға созыл­ды. Бұхаралықтардың әкесінің қайы­рымдылығы мен ізгілігіне үйре­ніп қал­ғанын және өзінің іс-әрекеттеріне наразы болып, жаман бірдеңе ұйымдастырмақ ойларын Абд ал-Мумин білді. Ол ең беделді танымал адамдардың көзін жой­мақ болды. Олар болса оны біліп қойып, жасырын кеңеске жиналды да, өз­дерінің үлкен істі (орындауға) дайын екен­діктерін мәлімдеді. Жиналғандар ішінде бір ақсақал қазақ бар еді, ол былай деді: «Олай деуге болмайды». Ол орнынан тұрып, жиналысқа қатысушылардың әр­қайсысының кеудесін кезек-кезек қо­лымен ұстап шықты да, ойымызды жүзеге асыруды айтқанда бәріңнің жү­ректерің қатты соғып кетті. Тек екі адамға қарап тұрып: «Сендердің жү­рек­терің орнында тұр», деді ақсақал. Ой­ластырған істі жүзеге асыру жаңағы екі адамға жүктелді». Сол екі адам Абд ал-Мумин ханды өлтіріп, басын кесіп алады.

Дерек мәліметіндегі есімі белгісіз ақ­са­­қал қазақтың Тәуекел ханға қанша­лық­ты қатысы бар екені беймәлім. Дегенменде, біз 1580 жылдардың басы­нан бері Тәуекелдің Мауереннахрда бол­ғанын, Бұхарамен ашық түрде де, жасы­рын түрде де саясат жүргізгенін, 1594 жылдан бастап басты қарсыласы шайбанилық әулет екенін ескере келе, ақ­сақал қазақтың жай адам емес, Тәуе­кел ханның Бұхара қаласындағы се­нім­ді адамдарының бірі деген ойға кө­ңіліміз ауады. Және ол адам жалғыз бол­маған. «Тарих-и аламара-йи Аббаси» мәліметінде II Абдулла ханның ең сенімді, әрі белгілі әмірлерінің бірі – Абд ул- Уаси би деген әмірдің хан өлі­мінен кейін Тәуекел хан жағына шы­ғып, Абд ал-Мумин ханға қастандық ұйымдас­тырушылардың бірі болғандығы және Тәуекел ханды Мауереннахрға жорық жа­сауға шақырғандығы айтылады. Осын­дай мәліметтерге қарап, Тәуекел хан­ның Мауереннахр қалалары мен оның астанасы Бұхара қаласында ықпа­лы­ның күшті болғандығын көреміз. Осы факторлар 1598 жылғы жорықта Таш­кент, Ахси, Андижан, Самарқан секілді қалалардың қазақтар жағына ұрыс­сыз өтуінің көп себептерінің бірі болса керек. 

Тәуекел ханның жорығы жаздың соң­ғы айында басталады. Тәуекел ханның жарлығына сәйкес бүкіл қазақ жерінен 120 сұлтан атқа отырады. Искандер-бек Муншидың мәліметтеріне қарап, Тәуекел хан жорыққа жүз мыңнан аса әскер шығарған және ол әскердің бәрі Дешті Қыпшақ пен Түркістан аймағындағы тайпалардан жасақталғанын көреміз. 

Одан әрі Искандер-бек Мунши өз баяндауын былайша жалғастырады: 

«Тәуе­кел ханның осыншама мол әске­ріне жергілікті өңірдің тұрғындары еш­бір қарсылықсыз бағынды. Аз уақыт ішінде ол Орта Азияның Ташкент, Ахси, Андижан, Самарқан сияқты ірі­ қа­лалары мен өңірлерін Бұхара айма­­­ғының қаласы Мианқалға дейінгі жер­лерді басып алады. Самарқанда 20 мың­дық әскермен інісі Есім сұлтанды қалдырып, өзі 70-80 мың әскермен Бұхараны алу мақсатымен қалаға бет алады. Бұхарада 15 мыңға жетпейтін әс­кер болғандықтан, Пір-Мұхаммед хан мен әмірлер жаумен ашық майданға шық­пай, қала бекінісі мен мұнараларын кү­шейтеді. Тәуекел хан қалаға жақын келіп, әскері бірнеше бөліктерге бөлінеді де, қаланы түгелдей қоршауға алады. Бұхаралықтар күн сайын қаланың әр қақпасынан қарсыластарына шабуылдар жасап, олардың адам санына шығындар келтіріп отырады. Осылайша он бір күн бойы осындай ұрыс болып тұрады. Он екінші күні Бұхарадағы барлық әскер қаладан шығып, күннің атысынан күн­нің батысына дейін соғысады. Осы кү­ні бұхаралықтар жеңіске жетеді. Ал Тәуе­кел хан шегінуге мәжбүр болады. Шегінген әскердің алды Самарқанға жет­кенде болған оқиға түгелдей Есім сұл­танға баяндалады. ­

Мұндай хабарды естіген Есім сұлтан ашуланып ағасына мынадай сипатта хабар жібереді: «Соншама әскермен аз­ғантай ғана Бұхара әскерінен жеңіліп, ше­гіну деген ұят және өте қатты ұят нәрсе, егер хан Самарқанға келсе, бұл жақта да Бұхара жақтағыдай самарқандықтардың біз­ге бағынбауы мүмкін. Хан шегінісін тоқ­татып, кері оралсын, мен оған өз әс­керіммен қосыламын». Тәуекел хан іні­сінің кеңесін құп алады да, қайтадан Бұхараға бет алады. Көп ұзамай оған Есім сұлтан келіп қосылады. Бұхараға да Бакы-Мұхаммед сұлтан бастаған әс­кери күш Балхтан көмекке келіп же­теді. Екі жақтың әскері Мианқалдың Ұзын­сақал деген жерінде кездесіп, ұрыс­ты бастап кетеді. Шайқастар қайта жал­ғасып, бір айдай уақытқа созылады. Со­ғысушы екі жақ түпкілікті жеңіске жете алмайды. Осындай бір сәтте Тәуе­кел хан әскерді өзі бастап ұрыс­қа түседі. Қарсыластар жағынан көп әс­кер шы­ғынға ұшырап, бұхаралықтардың ең беделді және танымал адамдары қаза табады. Осы шайқаста Тәуекел хан­ның өзі де ауыр жарақат алады. Хан жа­ра­ланғаннан кейін қазақ әскерлері Таш­кент­ке оралады. Ал көп ұзамай Тә­уекел хан қайтыс болады. Осылайша, Қа­­зақ хан­ды­ғының тарихындағы ең бір көр­некті тұл­ғалардың бірі, қазақ елінің оң­түстік ба­ғыт­тағы шекарасын қалпына келтіру үшін жан аямай күрес жүргізген және оны жүзеге асыра білген Тәуекел хан 1598 жылы өмірден озады.

Тәуекел ханның жеке басындағы жақ­сы тұлғалық қасиеттерін Т.И.Сұлтанов бы­лайша атап көрсетеді: «Шығайдың ұлы Тәуе­кел сұлтан – айбынды және же­ңімпаз жа­уынгер бола білді. Ұрыс өнерін жақсы меңгеріп, мерген садақшы болады. Және де ол жақсы ұл да болды. Оған адалдық қа­сиет тән еді. Тәуекел батыл және шұғыл ше­шімдер қабылдай алатын тұлға болды. Тәуекел жағдайды жақсы пай­далана біле­тін. Тәуекел адамдарды соңынан ерте білетін».

Тәуекел хан – елдік, мемлекеттік мүд­­дені алдыңғы қатарға қойған тұлға бол­ды. Алдыңғы беттердің бірінде Тәуе­­кел ханның жарлығына сәйкес Мауе­реннахрға қарсы бағытталған жо­рыққа 120 қазақ сұлтанының атқа қонуы – ел ішін­де саяси бірліктің орныққандығын көрсетеді. Ал оның 1584-1585 жыл­дар­­­дан 1598 жылға дейінгі Орыс мем­лекетімен жүргізген дипломатиялық сая­саты, Мауереннахрдағы шайбанилық әулет басшысы II Абдаллах ханға қар­сы жорықтары, қарақалпақтар мен қал­мақтарда өз әулетінің өкілдерін билік­ке отырғызуы, Шығыс Түркістанның саяси өміріне белсене араласуы – Орталық Азия аумағына танымал болған тарихи тұлға болғандығын дәлелдейді. 

Енді Тәуекел ханның ұрпақтары жө­нінде айтсақ. 1594 жылғы дерек мә­ліметтерінде Тәуекел ханның ұлдарының үлкені – Құсайынның 10 жаста, одан кейінгілері 8 және 4 жаста болғандығы, сон­дай-ақ неше жаста екені белгісіз Мұ­рат есімді ұлының болғандығы айтылады. 

Жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, Тәуекел хан жөнінде мынадай қорытындылар жасауға болады.

Бірінші, Тәуекел ханның жеке ба­сын­дағы айбындылық, төзімді­лік, шы­дам­­дылық, шұғыл шешім қабыл­да­ғыш­тық, адалдық, соғыс өнерін жақсы мең­гер­гендік, саясаткерлік, көпшілікті со­ңынан ерте білушілік секілді қа­сиет­тері – оны өз замандастарының алды ете­ді. Билеуші әулеттің өкілі ретінде онда мұндай қасиеттердің болуы – оны хан тағына әкеледі.

Екінші, Тәуекел хан билікке келісімен ең алдымен елдік және мемлекеттік мүдделерді алға қояды. XV ғасырдың 70-жылдарынан бері Сырдария өзені бойындағы қалалар мен өңірлер, жайы­лым­дық жерлер үшін Мауереннахр би­леушілерімен болып келе жатқан күресті соңына дейін жеткізіп, қазақ хал­қы үшін жеңіспен аяқтайды. Аталған ай­мақ қа­зақ халқының этникалық аума­ғының құ­рамдас бөлігіне айналады. 

Үшіншіден, Тәуекел хан өзінің бас­ты қарсыласы Бұхара ханына қарсы күресте кең ауқымды тұлға ретінде кө­рінеді. Оның Орыс мемлекетімен дип­ломатиялық байланыстары, Ирандағы Аббас шахпен байланысы, 1597-1598 жылдардағы Мауереннахрға нәтижелі жорықтары Тәуекел ханды бір халықтың тарихы шеңберінен асырып, Орталық Азия аумағына танымал тарихи тұлғалар қатарына қосады. 

Төртіншіден, Тәуекел ханның қазақ тарихындағы рөлі мәселесі әлі терең зерт­теулерді қажет етеді. Болашақта ғы­­­лыми айналымдарға енгізілетін дерек мәліметтері Тәуекел ханның қазақ та­рихындағы, Орталық Азия тари­хын­дағы тарихи – тұлғалық рөлін одан әрі айқындай түседі деген ойдамыз.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы